«Здравствуйте, уважаемый товарищ Масел!!! Пишет вам с пламенным комсомольским боевым приветом...» деп басталатын хаттар соғыстың жылдары Зинаиданың қолынан талай шыққан еді.
Мәселдің де жауап хаттары да көп ұзамай жететін. Жиырмадан асқан екі жас майданда жүріп танысты, суреттерін жіберісті. Оқтың иісі шыққан үшбұрышты, орысша жазылған хаттар қанқұйлы соғысқа қарамастан бір-біріне жолданып отырды.
Екінші дүниежүзілік соғыста танысқан Астраханнан шыққан Зинаида АХМЕДОВА (суретте) мен Доссордан шыққан Мәсел ОСПАНОВТЫҢ махаббаты мен жеңісті аңсаған тілектері соғыста аман қалуға көмектесті.
- Бұдан бірнеше жыл бұрын атам мен енемнің хаты сақталып келген. Кейін біреулер алып кетіп, содан жоғалып кетті. Қанша іздестірсек те, таппай отырмыз. Өйткені ол хаттар ұрпағы үшін қымбат болатын, мұражайға тапсырғанда тіптен жақсы болар еді. Олар хаттарын Отанға деген шексіз махаббаттан басталған сөнбес сезімдері, әр бір күні қыл үстінде тұрса да, болашаққа деген сенімдері туралы жазған, - дейді Зинаиданың келіні Райса БЕКЕСОВА.
Бүгінде Мәсел өмірден өтсе, Зинаида әжей 91 жасқа толғалы отыр. Ол 1922 жылдың 15маусымында Астрахан облысы Краснояр ауданы Петропавловск селосында дүниеге келген. 1937 жылы мектепті бітіргеннен соң Астрахандағы мұғалімдер училищесін тәмамдап, 1940 жылдан бастап Ахтуба мектебінде ұстаздық жұмысын бастайды. Алайда бірнеше айлардан соң бейбіт өмірдің шырқы бұзылып, Ұлы Отан соғысы басталады. 20 жасар Зинаида1942жылы өз еркімен сұранып, майданға аттануға тілек білдіреді. Астрахандағы №19 байланысшы полкінде оқып, сол жылдың күзінде Москваны қорғауға қатысты. Орыс жерінде өскен өжет қыз кейін Сталинград майданына ауысып, №17 әскери Әуе десанты құрамасындағы 26-ншы байланыс полкінде қызмет етеді. Ол құрамасымен Ворошиловград, Старобельск, Днепропетровск, Кривой-Рог, т. б. қалаларды азат етуге қатысады. Ясса-Кишинев операциясындағы кескілескен шайқастардың қақ ортасында болды. Майдан соқпақтарымен Румыния, Болгария, Югославия, Венгрия жерлерін басып өтті. Қаршадай қазақтың қызы бұл соғыста қарулас қаншама жолдастарынан айрылғанын естеліктерінде сыр қып шертеді.
Ол Қазақтың атақты батыр ұшқышы Нұркен ӘБДІРОВТЫҢ сенімді серігі де болды. Сұрапыл соғыстың қақ ортасында жүрген ұшқыштар елге жазған хаттарын жолдауға асығыс болып, қарулас қарындасына аманаттайтын. Зинаида қарындасы ұшқыштың талай сағынышты хаттарын өз қолымен тапсыратын. Келген хатты алып та қоятын.
- Кеше ғана қасыңда жарқылдап жүрген жолдастардың қазасын көру көкірегіңді қарс айыратын. Тіпті ертең өзің тірі болатыныңа сенімсіз де едің. Бірақ өлімнен қорқу, ойлауды жас болғасын еске алмайтынбыз. Ел үшін ерлік істеу, соның жолында құрбан болудан жастар қаймықпайтын. Бірақ мұны ессіздікпен алмастыруға болмайды, -деп еске алады З. Ахмедова.
Соғыстың қақ ортасында жүрген Зинаида жауынгерлік бетшенің редакторы, взвод, рота комсомол ұйымдарының хатшысы сияқты қоғамдық жұмыстарға белсене араласты. Жеңісті Австрияда қарсы алды. Сол жылдың күзінде елге оралған оның омырауында «Отан соғысы» ордені және бірнеше медальдар болды. Ол мұғалімдік жұмысына қайта кірісті.
ЕКІ ӘСКЕРИДІҢ ҮЙЛЕНУ ТОЙЫ
Мәсел мен Зинаида елге оралғаннан кейін де хат жазысып тұрды. Кездесудің де сәті түсті. Шынайы махаббат жұпты болуға жазды.
- 1947 жылы Астрахан облысының Харабали селосында тұратын енеме құда түскеннен кейін, ұзатпай жастар бас қосады. Онда атам Доссор поселкесінде жұмыс жасайтын. Енем дүниеге үш ұрпақ әкелді, қыз баласы шақалақ кезінде қайтыс болған еді, - дейді келіні Р. Бекесова.
Мәсел Оспанов Ленинградтағы жоғары партия мектебін бітіріп шығады. 1964 жылы Индербор поселкесіне жұмыс бабымен ауысады. Өмір бойы өндіріс саласында жұмыс жасаған Мәсел 30 жыл бұрын дүние салса, Зинаида Байшонас мектебінде директор, Индердегі Ш. Уәлиханов, М. Әуезов атындағы орта мектептерде мұғалім болады. 1980 жылы Москвада өткен Әуе күштері ардагер байланысшыларының кездесуіне, 1982 жылы Киевтегі байланысшылар полкінің құрылғанына 40 жыл толу салтанатына қатысып, майданда қаза тапқан қаруластарының басына барып, тәу етті.
Серік, Жалғас деген екі бірдей ұлынан айрылу Зинаида әжейге оңайға соқпады.
...Майданда басталған махаббаттарына кіршік түсірмеген екі адамның өмірі осылайша өріледі.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА