Атырау, 9 қараша 03:33
 бұлттыВ Атырау +1
$ 491.71
€ 529.97
₽ 5.05

Жауынгер дәптеріндегі жазбалар

6 421 просмотра

Соғыстың сұрапыл тірлігі суреттелген Күшікбай САЛҚЫНБАЕВТЫҢ (суретте) уақыт өте сарғайған дәптеріне 35 жыл толыпты. Салауатовтардың отбасында бұл дәптер қасиетті жәдігерге айналған. Ардагердің өмірден өткеніне 33 жыл болса да, жеті ұлы, он жеті немересі мен олардан тараған шөберелері осы жазбаларды оқып, бабаларын еске алып, мақтан тұтады.

ҚОРШАУДА

1940 жыл болатын. 24 жастағы жігіт әскер қатарына Махамбет ауданының Бақсай селосынан көктемгі шақыртумен алынды. Өзбектің Шыршық қаласында 200-ші атты әскер-артиллериялық полкінің қатардағы жауынгері болды.

 «...1941 жылдың 22 маусымында таңғы сап түзеу кезінде полк командирі соғыстың басталғанын айтты... 1941 жылдың қыркүйегінде біздің дивизиямызды Смоленск бағытындағы пойызға мінгізіп жіберді. Пойыздан түсіп үлгермей жатып, ұрысқа кірісіп кеттік. Бұл менің алғашқы шайқасым болатын...». 

Ардагер бұл жазбаларында басынан өткізген сезімді суреттемепті. Алайда жауынгер жолдастарынан айырылған көкірегіндегі шері оның әрбір сөзінен білініп тұрды.

«…Ал фашист әскері басып алған Смоленск қаласына үшінші рет шабуыл жасағанда біздің полктан елу шақты адам қалды. Біз кейін шегінуге мәжбүр болдық, ал немістер бізді өкшелей бастады...». Олар қоршауда қалған, енді бір сәтте бөлімше командирі Ян Сапрыкинмен екеуі ғана қалыпты. Өз адамдарын іздеп, орманды шарлаған. «Бір кезде бір деревняның шетіндегі сарайға тоқтадық. Сәл дамылдаған соң Ян: «Сен мені осы жерде күт, ал мен әне бір шеткі үйге кіріп, не бар екенін қарап шығайын» деді. Сөйтті де кетіп қалды. Біраз уақыттан кейін атылған оқтың дыбысы естілді. Ян қайта оралмады. Мен жалғыз қалдым».

Жападан жалғыз орман ішінде ас-сусыз бір өзі қалған сарбаздың қандай күйде болғанын болжауға ғана болады. Ардагердің жазбасына қарағанда, күндердің күнінде ұзақ жол жүргеннен кейін жүдеп-жадаған ол тағы бір деревняға кез болады. Еш барлаусыз тіке жүре береді. Бастысы – адамдарға жетсе болғаны. Бірақ бұл жерде де немістер бар болып шықты. Деревня тұрғындары үй-жайдың біріне жасырып, оны құтқарып қалады. Ал келесі күні жергілікті тұрғын оны майдан шебіне қарай бағыттап жібереді. Осылайша бірнеше күннен кейін қоршауда қалған жауынгер өз адамдарына жетеді.

«Мен сияқты жоғалған жүз шақты адам бар болып шықты. Қарсы барлау қызметіне тұтқында болмағанымды, біздің полктан ештеңе қалмағанын дәлелдеуге тура келді. Кешікпей мені Серпуховтың 275-ші   артиллериялық полкіне жіберді. Ақыры маған үйге, Бақсайдағы анама хат жазуға мүмкіндік те туды. Жауап хат келген кезде қуанышымда шек болмады».

 

«…ЖЕҢБЕУІМІЗ МҮМКІН ЕМЕС ЕДІ»

«…Біздің полкіміз Орел қаласын алуға атсалысты. Бұл 1943 жыл болатын. Немістерді қаладан тықсырып қуғаннан кейін бұл жерде танкке қарсы артиллериялық атқыштар полкі құрылды. Сол полктің құрамында  Курск пен Воронежді азат етуге қатыстым. Мен ол кезде нысанашы болатынмын. Біз Харьковты, Киевті, Житомирді, Львовты азат еттік. Ал сол кезде зеңбірек командирі едім...».

«…1945 жылдың 31 қаңтарында Польшада миномет жарықшағы тиіп, ауыр жараландым. Ол әлі кеудемде тұр. Госпитальде бір жарым ай жаттым. 1945 жылы наурыздың аяғында мені 493-ші танкке қарсы артиллериялық атқыштар полкіне жіберді. Бұл жерде тағы да зеңбірек командирі болып, Берлинді алуға қатыстым, содан кейін Праганы азат еттік. Тек астаналарды ғана атап отырмын, қаншама қалалар, селолар болды дейсің – олар туралы есіме түсіре алмай отырмын. Мұның бәрін еске түсіру де - өте ауыр. Мен бұл сұмдықты бастан өткердім. Неміс-фашист басқыншыларына біздің әскердің өшпенділігі нығая берді. Біздің жеңбеуіміз мүмкін емес еді».

Соғыста үш рет жараланыпты. Елге 1945 жылдың 7 қарашасында оралған. Жанұя-сының көздерінің қарашығындай сақтап отырған әскери марапат-тарының арасында «Ержүректігі үшін», «Жауынгерлік еңбегі үшін», «Берлинді алғаны үшін», «Праганы алғаны үшін» медальдары бар.

- Дәптердегі кейінгі жазбалары әжеме, жанұясына арналған, - дейді немересі Әділбек САЛАУАТОВ.-  Олар 4 ұл мен 3 қыз тәрбиелеп өсірген. Қыздарының бірі – менің анам. Атамды мақтаныш тұтамын, қазіргі ұрпақ осындай батырларымызды ұмытпаса деймін. Сіз бен біздің бейбіт өмірімізді қорғау үшін қандай қиыншылықтарды бастан өткергенін есте ұстауға тиіспіз.

Жазып алған Анастасия ПАСТУХОВА

Суреттер Салауатовтардың отбасылық мұрағатынан алынды

9 мамыр 2013, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.