Маусымнан бастап салық департаменті POS-терминалдары жоқ бөлшек сауда нысандарына айыппұл салуға кіріседі. Ал Атырау сөрелерінде олар жоққа жақын, тіпті ниеттері болса да, орната алмайды. Коммерциялық банктерде терминалдар жоқ, ал тапсырыс берілгендерін бірнеше ай бойына күтеді. Облыстық әкімдікте таяуда болған кеңес осы проблемаға арналды.
ЖОҒАРЫДАҒЫЛАР ҚАЛАҒАНМЕН, ТӨМЕНДЕГІЛЕРДІҢ ҚОЛЫНАН КЕЛМЕЙДІ
- Сауда және сервистік кәсіпорындар POS-терминалдар орнатуға тиіс деген норма заңда қарастырылған. Оларды орнатушы екінші деңгейлі банктерден басқа ешкім әзірге қызығушылық танытып отырған жоқ. Терминалдар арқылы аз көлемде есеп-айырысулар жасалса, банктер жеке кәсіпкерлермен немесе заңды тұлғалармен тек эквайрингтік қызметтер ұсыну туралы келісімшартты бұза алады. Егер тіпті барлық сауда-сервистік субъектілерде РОS-терминалдар орнатылатын болса, бірақ халық кәртішке арқылы есеп-айырысуға үйрене алмаса, оның нәтижелі бола қоюы неғайбыл, - дейді ҚР Ұлттық банкі Атырау филиалының директоры Қозыбақ ҚҰЛБАРАҚОВ.
–Қолма-қол ақша айналымының біртіндеп қолма-қол ақшасыз есеп айырысу түріне көшуі сыртқы әлеммен экономикалық бірігудің негізгі талаптарының бірі болып табылады. Алайда бүгінде облыстағы бөлшек сауда 100 пайызға дерлік қолма-қол ақша бойынша жұмыс істейді. Банкте есепшоты бар клиенттер ақшаны түсіріп алып, қолма-қол төлегенді жөн көреді.
Үкімет тағы да шағын және орта бизнесті «жоғарғы жақ қалайтын, ал төмендегілердің қолынан келмейтін» тығырыққа тіреп қойды. Бұл процесте «біртіндеп» деген сөз негізгі ұғым болып табылады, ал бізде бұл бір-екі қаулымен ғана жүзеге асырылады. Шағын бизнестің техникалық тұрғыда да, ділдік тұрғыда да дайын болмауы ескерілмеген. Мұның жазалау механизмі жазылып қойған, ал жақсы жақтары қарастырылмаған.
ӨКІНІШКЕ ОРАЙ, ВЕЛОСИПЕД ОЙЛАП ТАБЫЛҒАН
- Транзакциялар бойынша комиссиялар 1-3 пайызды құрайды, бұл әлемде еш жерде жоқ, - дейді наразылық танытқан облыстық кәсіпкерлер одағының төрайымы Әлия БЕКҚОЖИЕВА. – Пайызды азайтыңыздар, әйтпесе бұл қызметтер мен тауарлардың қымбаттауына әкеледі.
- Бәрі дұрыс, - деп келісті Құлбарақов, - Бірақ ҚР ҰБ төрағасы Григорий МАРЧЕНКО бірыңғай процессингтік орталық құрылатындығы туралы хабарлады. Жұмыстар басталып кетті, ол аяқталған кезде пайыздар екі есе азаюы тиіс.
Оның қашан құрылатындығын Марченко нақтыламады. Олар оны қалай екі есе азайтпақ, ол да анық емес. Өйткені ең жоғары тарифтің тең жартысы, яғни бір жарым пайызы автоматты түрде банк пайдасының есебінен шығарып тасталады: бұл Visa және Master-card төлем жүйелері секілді халықаралық брендтерді қолданғаны үшін жалға алу төлемі. Өзіміздің бәсекеге қабілетті жүйемізді құру туралы залдан қойылған талапты үстірт ұсыныс деп санауға болады – бұл «қазақстандық» деген затбелгісі бар велосипедті ойлап шығарғанмен бірдей.
АЙЫППҰЛҒА ДУШАР БОЛҒАНДАР
Терминалдың құнын түсіру үшін әзірге ешқандай шара алынған жоқ. Желілік терминал (розеткаға қосылатын) оны орнатуға және әрі қарай қызмет көрсетуге арналған төлемдерді қоспағанда, 64 мың теңге тұрады. Бірақ тағы бір проблема – кабель. Сауда орталықтарында ондаған және жүздеген бөлімдер бар. Егер олардың әрқайсысына желі тартар болса, бұл әрі кеткенде эстетикалық тұрғыда жарасымсыз және тұйықталу қаупі де әжептәуір артар еді. Бұл алаң қожайындарының көңілінен шықпайды. Кейбір банктер желісіз терминал орнату шешімін ұсынады. Ұялы телефон көлеміндей жабдық едәуір қымбат: 89 мың теңге тұрады. Оған wi-fi керек. Банкирлердің айтуынша, сауда орталықтарының қожайындары оны жүргізгілері келмейді. Не үшін екені түсініксіз.
Әзірге пос-терминалдарды енгізу екінші деңгейлі банктерге өтеп алуға берілген. Тапсырыстар бар. Кеңесте таныстырылған әрбір банктің әрқайсысында бірнеше айдан бері елу шақты клиенттер жабдықтың түсуін күтіп жүрген көрінеді, ал терминалдар жоқ. Маусымға дейін түспейді екен, ал оны орнатуға да уақыт керек. Бұл жағдайда айыппұлдан қалай құтылуға болады? Бұл сұрақтың жауабы жоқ. Тұтынушыларды насихаттау проблемасы шешілмеген күйде қалды. Кэшпен немесе кәртішкемен төлей ме – бұл сатып алушының таңдауы. Әзірге қағаз ақша жағы басым түсіп тұр.
ОҒАН КЕРЕК ЕМЕС
Бұл тұрғыда банктің рөлі қызығарлықтай емес. Олар әлі күнге дейін жабдықтарды өздері үшін сатып алып, серіктестерін (ықтимал рентабельді нүктелерді) өздері таңдап, пайдалануға береді. Енді терминалдарды барлық кәсіпкерлерге орнату керек, ал банктің мұндай мөлшерде бос жабдықтары жоқ. Бизнесмендердің өздеріне жеткізушілерден сатып алуды ұсынады. Бірақ оларға бәрібір банктер қызмет көрсетуі тиіс. Ал сауда нүктелері мен қызмет көрсетушілерге транзакциялар саны мен көлемі бойынша талаптар қойылмаған. Банк кәсіпкерге терминал орнатады, ал оның бірнеше ай бойына бірде-бір транзакциясы болмайтын жағдайлар да кездеседі. Іс жүзінде жабдықтың өзін-өзі өтеуге жағдайы жоқ.
Бір сөзбен айтқанда, үкіметтің бөлшек саудаға қолма-қол ақша айналысын азайтып, қолма-қол ақшасыз операцияларға көшу талабының орындалуы әзірге проблема болып отыр. Жалпы қоғам және атап айтқанда, бизнес-қоғамдастық бұған дайын емес. Бірақ «керек» деген сөз бар. Ал кімге керек екені - екінші мәселе.
Зульфия БАЙНЕКЕЕВА
2013 жылдың 1 наурызын-дағы ахуал бойынша, облыс халқында 488,5 мың дана төлем кәртішкелері бар, бұл 2012 жылдың 1 наурызына қарағанда 15,5 пайызға көп. 449,3 мың адам кәртішке ұстаушылар боп табылады (15,2 пайызға өскен). 2013 жылдың 1 наурызындағы ахуал бойынша, облыста 1 724 POS-терминал мен 497 банкомат бар. 100 мың халыққа шаққанда POS-терминалдармен қамту бойынша Атырау облысы елімізде Алматы мен Астана қалаларынан кейін 3-орынға ие. Алматыда 100 мың тұрғынға 735 POS-терминалдан, Астанада – 592, Атырау облысында – 281 терминалдан келеді. ҚР Ұлттық банкі Атырау филиалының мәліметтері