Атырау, 2 желтоқсан 02:21
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -2
$ 511.22
€ 540.05
₽ 4.73

Лейтенант Смысловтың естелігі

3 425 просмотра

1943 жылдың сәуір айы. Сол көктемде 18 жасар Александр СМЫСЛОВ вокзал перронында әжесімен қоштасып тұрды. Станциялық радиодан жүрек жыртар ән жүріп жатыр: «Қош, сүйікті қалам...». «Жарайды, әже...», - деп жас жігіт көз жасы көл болған қарт ананың құшағынын сытылып шығып, қозғалып бара жатқан пойызға секіріп мінді. Бұл күні вокзалдан үш құрам жолға шықты, жолаушылардың барлығы Гурьев жаяу әскер училищесінің түлектері болатын. Бұл олардың соғысқа аттанып бара жатқан сәті еді.

АЛҒАШҚЫ АТЫС

Ростов түбіндегі Батайск станциясына келгенде кенеттен аспанда неміс ұшақтары пайда болды. Барлығы әр нәрсені паналап, бытырап, жан-жаққа ұмтылды. Саша жолда жатқан құдық қоршауына қарай жүгірді.

Көзінің қиығымен, баяулатқан кино түсіріліміндей, пулемет оғы старшинасының екі аяғын орып түсіргенін..., неге екені белгісіз, бір әскери емес адамның ағаш дәретхананың үстіне шығып жатқанын..., жүгіріп бара жатқан екі танысын бірінен соң бірін оқ ұшырғанын көрді... Қарша бораған пулемет оғынан кейін бомбалар жарыла бастады. Шалқасынан жатқан жігіт қорқыныш толы көздерімен ұшақтарды шығарып салып жатыр, әр өткен сайын еріксіз «қол шығарып» қояды.

...Бәрі аяқталғаннан кейін, шығындарды санай бастады. Курсанттар ішінен 12 адам және старшина мерт болған екен. Дәретхана үстіндегі ағайға дым болмапты. Кейіннен белгілі болғандай, болашақта взвод командирлері болатын жас лейтенанттарды тиеп, Гурьевтен шыққан үш құрамды құрту немістердің негізгі мақсаты болған екен. Жаудың келесі шабуылы нәтижесіз болды – пойызды біздің зенитшілер қорғап қалды. Краснодонға жеткенге дейін вагондарда, темір дөңгелектердің соққысынан басқа, мүлгіген өлі тыныштық орын алды.

 

ТОСЫНСЫЙҒА ТОЛЫ ТРОФЕЙ ВАГОНДАР

Жақында жаудан азат етілген Краснодонға шығынсыз жеттік. Бұл жерде 257-атқыштар дивизиясы құрылып жатты. Александр Гуляйполе селосына жіберіліп, бірден 30 адамдық взвод командирі болды. Жас жігіттің қарауында соғыста талайды көрген тәжірибелі жауынгерлер жиналған екен.

- Мен жас болсам да, сендердің командирлеріңмін, сендер маған бағыныштысыңдар деп мұрнымды шүйірмедім, - деп еске алды ардагер. – Өз жауынгерлерімді сыйладым, олар да мені қадір тұтты.

...Донбасс түбінде Смыслов жолшыбай бірнеше сағат бұрын немістерден босатылған көп торапты станциялардың бірінде болып, фашистік армия шегінгенде, тастап кеткен трофейлік вагондарды көреді. Есіктері мұқият жабылған, мөрленген. Ішінде қару-жарақтар, техника, тіпті тамақ та болуы мүмкін. Құлыптарын сындырып, есіктерін ашқан солдаттар аң-таң болды. Вагон ішінде жарқ еткен күн сәулесінен тыраштанған, бір-біріне тығылған қыздар тұр екен.

- Бұл немістермен шатысқан қыздар, - дейді Александр Александрович. - Әдемі киімдерін киіп, чемодандарын алып, Германияға кетпек болған...тьфу, арсыздар! Барлығын үйлеріне қуып жібердік, әрі қарай осындай масқаралықпен қалай өмір сүргендерін білмеймін.

 

БЕЛГІСІЗ БАТЫРДЫ ЕСКЕ АЛУ

Кейбір оқиғалар мен күн аттарын шатастыра отырып (жас емес қой), қарт жауынгер өзі қатысқан Мелитопольды азат етуді еске алды. 43-тің қазан айы. Оның взводы төбе басына бекініс тікті. Төменде өзен ағып жатыр, шатқалдың төменгі жағында, жанымызда басқа взводтар жайғасқан. Кенет оң жағымыздан жау танктері көрінді.

- Бізде екі танкке қарсы зеңбірек бар еді, - деп еске алды ардагер. – Танктің алдынан атқаннан пайда жоқ, тесе алмайсың. Олардың бір жанға бұрылғанын күтуге тура келді... Қиян-кескен ұрыс болып еді ғой! Көп нәрсені ұмытып қалдым, қызым. Алайда қолында жанармайы бар сол қара жігітті ешқашан ұмытпаймын. Саған сол туралы айтып берейін. Атын білмесем де, мен әрқашан сол жігіт туралы айтып жүремін.

Ардагердің айтуынша, жауынгерлер кейде қолдарындағы «Молотов коктейлін» танкке лақтырып та үлгере алмай қалатын: егер бөтелкеге оқ тисе, ол қолда тұрып жарылатын. Сонда жанармайға былғанған адамдар тірілей отқа оранып, жанып кететін.

...Үстінен гитлерлік танкті өткізген солдат окоптан тұтанған бөтелкесімен секіріп шықты. Жанып жатқан өрт тамшысы аяғына түсіп, жоғарыға қарай лаулады. Күйіп жатқан денесіне қарамастан, батыр танктің артынан жүгіріп, үстіне шығып, отқа оранған күйі бөтелкені брон үстіне жарды. Танк өртеніп, біраздан соң тоқтады. Одан секіріп түскен танкішілерді басқа солдаттар атып тастады.

 

АЖАЛ АУЗЫНДА 

...Бір күні батальон командирінің тапсырмасымен Смыслов бекіністің алыс шеткі бөлігін тексеруі керек болды. Белгіленген жерге жеткенде, ол түсініксіз дауыстарды естиді. Сол жерде оны жөн сұрасудан кім тоқтатты екен? Мүмкін, періштелер шығар.

Мұқият тыңдағаннан кейін, дыбыстардың үзік-үзік неміс сөздері екенін анықтады.

«Бұл қалай болғаны? Біздікілер қайда?»- деп таңғалды ол. Автоматына қарап, көмектеспейтінін түсінді. Оның екі гранатасы болатын. Ол етпетінен жорғалап барып, екеуін бірінен соң бірін жауға қарай лақтырып жіберді. Екі граната бір уақытта жарылды.

- Тып-тыныш болып қалды...Жақындап барсам, қираған пулемет жатыр. Біздікілер көрінбейді, тек жау солдаттары тарақанша шашылып қалыпты, - дейді ардагер. – Бекінісіміздің бір жағы ашық қалғанын хабарлау үшін кейін жүгірдім. Жүгіріп келем, маған енді біздікілер оқ жаудыра бастады. Оқ кекілімнің бір түбін орып түсті. Құлап түстім, жатырмын. Жолым болғанына таңғалудамын. Бәрі басылғаннан кейін, айқай салдым: атпаңдар, мен өзіміздікімін.

Смыслов көптеген жауынгер-лердің өз ажалдарын алдын ала сезгендері жөнінде де айтып өтті.

- Бірде көмекші сержантыммен бірге келе жатырмыз, есімін ұмытып қалдым, - деп әңгімесін бастады ол.– Ұрыстан кейін болатын. Әр жерде ауыр жарақаттан қаза болған біздің солдаттар жатыр. Сержант бас сүйегі шашылған бір мүрденің қасына барып: «Осылай өліп, жарты баспен жатқан қандай қорқынышты. Сені қашан жерлейді екен деп күтіп жатқан...»,- деді.. Сәл үнсіздіктен кейін «Білесің бе, мен бір нәрсені сезіп жүрмін». – «Ей, таста, бәріміз де сезе береміз», - дедім мен. Бір тәулік те өткен жоқ, ол жарылғыш оқтан қаза болды. Басынан тиіпті.   

Сол ұрыста Александр Смыслов жамбасынан жараланды. Ол есінен танып қалып, тұтқынға түспес үшін, бар күшін сала көзін жұмып, жұдырығын түйді. Ол белдігін шешіп, жанбасынан қысып байлады.

Әр қозғалысынан жарақаты жанға бата ауырды, алайда бойындағы бар күшін жинап, бомба түскен жердегі шұңқырға сүйретіле жылжыды. Ор ішіне түскен бойда есінен танып қалды. Бір есін жинаса, түн болыпты. Аспандағы жұлдыздарға қарап жатып, осы жерге қалай тап болғанын есіне түсіре алмады. Сан-саққа бөлінген санасы тек өлең жолдарын ғана есіне түсірді, күбірлеп қайталады: «…тёмная ночь, только пули свистят по сте…».

«Жолдас лейтенант, бізге қарай біреу жорғалап келеді», - деген дауыс жанынан естілді. Кездейсоқтықтан Смыслов селк ете қалды және ауырып кеткен жаралы жанбасы бәрін есіне түсірді. Айналасына көз тастады, шұңқыр ішінде тағы екі жаралы адам бар екен. Жауынгерлер құлақтарын түре түсті: сырттан сыбдыр естілді.  «Қане, көтерші мені, - деп өтінді Смыслов. – Автомат алып беріңдер». Жасырынып отырған жерлерінен айналаға барлай қараған командир өздерінің екі оттың дәл ортасында екенін аңғарды. Шұңқырға шынымен де біреулер жақындап келе жатыр екен. Қаруын кезеніп: «Тоқта, кім келе жатқан?», - деп айқай салды. Жауап жоқ. «Егер немістер болса, оқ жаудырар еді ғой. Бұл менің жігіттерім болса керек, қараңғыны күткен ғой» - деді Смыслов. Айтқандай, солай болып шықты.

Госпитальде Смысловқа бірнеше ота жасалды, оның жанын ғана емес, аяғын да сақтап қалу үшін дәрігерлер аянбай еңбек етті. Қолдан келгеннің бәрін істеді, алайда бір аяғы төрт сантиметрге қысқарып қалды. Осылайша, ол 19 жасында жарамсыз деп танылып, Свердловскіге жіберілді. Ал сол жақтан – үйге, Гурьевке оралды.

 

ЖАҢА ТУҒАН КҮН 

Осы жерде ол болашақ жұбайы – Антонина Сергеевнамен танысты.

- Ол кездері әркім өз жұбын би кештерінде таңдайтын. Алайда мен мына аяғыммен биші бола алмадым. «Енді не істеймін, өмір бойы бойдақ өтем бе, жасым болса - 22-де, әлі үйленген жоқпын»,- деп ойлайтынмын. Әжем маған бір жақсы қызбен – Петровский зауытының токарімен танысуға кеңес берді. Таныстық, көп ұзамай үйленіп те алдық. Міне, 67 жыл біргеміз. Кемпірім жыл жарым уақыттан бері жүре алмай қалды. Мен оған күтім жасаймын. Басқа ешкіміміз жоқ, - дейді ол.

Әскерден босатылғаннан кейін Александр Александрович мұнай айдау зауытында, ДОСААФ-та көптеген жылдар еңбек етті, ал қалған өмірін мектепте әскери жетекші болып, балаларға арнады. Бұл атайдың зейнеткерлікке шыққанына небары үш жыл болды дегенге кім сенеді.

Өзінің 89 жасында Александр Александрович белсенді өмір сүреді. Ұлы Жеңіс мерекесінің қарсаңында оны мектептерде, колледждерде, балабақшаларда күтеді. Тозығы жеткен блокнотын іскерлерше ашып, қайда шақырылғанын, қайда міндетті түрде баратынын санамалап шықты.

Ардагер мемлекеттік лотереяларға да қатысады, бір қызығы, үнемі ұтады екен. Алғашқы ұтысына мульти қайнату аспабын сатып алыпты. Жаңа аспаптың қыр-сырына үйренген атай әйелін жаңа тағам түрлерімен қуантып жүр. Жұбайы екеуі дайындайтын тұшпара, балықтан жасалған кісе нан - бүгінгі күнге дейін олардың сүйікті астары.

Осы жақында Смыслов ескі қағаздарды жинастырып жүріп, өз туған күнін дұрыс тойламай жүргенін анықтапты:

- Туу туралы куәлікте тууды тіркеу датасы 20 қазан деп берілген, мен осы күні дүниеге келдім деп жүрмін. Дүйсенбі күні қағаздары қопарып отырып, басқа дата – 22 қыркүйекті таптым. Міне, осы менің дұрыс туған күнім. 90-ға толар алдында тауып алдым. Жаңалық деп осыны айт!

Есік табалдырығына жақындағанымызда Сансаныч алақаныма бір уыс кәмпит салды. Қуыс үйден құр шықпа деген осы! Менің «рахмет» деген жауабыма күнге қараған мысықтай, жымияды. Дауысын баяулатып, жас жігіттерше көз қысып:

- Қонаққа келіп тұр. Түшшш... Кемпірім өте қызғаншақ... Ойнап айтам. Сау бол, Настасья! Сен біздікіне еш сылтаусыз келе бер... Біз қонақ келгенді ұнатамыз...

Анастасия ПАСТУХОВА

Суретті түсірген автор

2 мамыр 2013, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.