- Ұлым «құлақ жарғағының туа біткен ауытқуы» (құлағы жоқ) деген диагнозбен дүниеге келді, екінші құлағы нашар естиді. Балам 4 жаста, ол әлі күнге дейін сөйлей алмайды. Оған қоса ихтиоз сырқаты бар. Оған мүгедектік және соған қатысты жәрдемақы тиесілі ме?
Телефон арқылы
Сұраққа Бақылау және халықты әлеуметтік қорғау департаментінің медициналық-әлеуметтік сараптама әдіснамалық және бақылау бөлімінің жетекшісі Эмелия ГРЕЧАНИК жауап берді:
- Сіздің сәбиіңізге мүгедектік тиесілі-тиесілі емес деп дәл айту қиын. Есту қабілетінің бұзылу дәрежесі бойынша белгілі бір сатысы бар. Есту қабілетінің жоғалуы мен тілдің бұзылу деңгейін мамандар: сурдологтар, дефектологтар мен логопедтер анықтауы тиіс. Осыған байланысты балаға алдымен қалалық психологиялық-медициналық-педагогикалық кеңестің кепілдемесін алу қажет. Бәлкім, олар баланы тілі бұзылған балаларға арналған балабақшаға жіберетін болар. Бұл комиссия, қажет болған жағдайда, Департаментке жолдама береді.
Ихтиозға келер болсақ, бұл жағдайда мүгедектік туралы анықтама беру үшін мына мәліметтер: диагноздың қашан анықталғаны, зақымдану деңгейі қандай, ем жүргізілді ме, қандай мерзімге, ол қандай нәтижелер берді деген мәліметтер өте маңызды. Қалай дегенмен де, ең алдымен Азаттық даңғылы, 147 мекен-жайында орналасқан психологиялық-медициналық-педагогикалық кеңес мамандарына жолығыңыз.