Атыраулық 27 жастағы кикбоксер Жандос НАЗАРБЕКОВ ҚР Еңбек сіңірген спорт шебері атанды. Бұл туралы бүгін Туризм және спорт министрлігінің Спорт және дене шынықтыру істері комитеті хабарлады. Назарбеков Атырауда осы атаққа ие болған алғашқы кикбоксер.
Ал спорттың басқа саласында бұған дейін панкратионшы Жұмагелді ЖАЛҒАСҰЛЫ, тхэквондошы Арман ШЫЛМАНОВ, Токиода өткен 2020 жылы паралимпиада ойындарының күміс жүлдегерлері Әнуар САРИЕВ, Теміржан ДӘУЛЕТ, Зарина БАЙБАТИНАҒА осы атақ берілген.
Жандос Назарбеков қазір Абай орталығында жұмыс істейді. Ол спортпен 2009 жылы шұғылдана бастады. 2017 жылы Венгрияның Будапешт қаласында, 2019 жылы Түркияның Анталья қаласында өткен ірі додаларда жеңіске жетіп, екі дүркін әлем чемпионы болды.
- Қуанышымда дәл қазір шек жоқ. Бұл ең үлкен атақтың бірі. Бірақ мұнымен тоқтамаймын, - дейді Жандос әсерімен бөлісіп. Қазір ол қарашада Португалияда өтетін әлем чемпионатына дайындық үстінде.
Бос уақытында кикбоксер балық аулаумен, аң аулаумен айналысады.
Айнұр САПАРОВА