Атырау, 27 қараша 07:38
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +5
$ 498.55
€ 524.28
₽ 4.75

«Мен не деймін, домбырам не дейді»

1 346 просмотра
Қала әкімдігіндегі саяжай учаскелерінің өкілдерімен кездесу. Суретте ортада: қала әкімі Шәкір Кейкин қарамағындағылармен

Жақында қала әкімдігінде саяжай учаскелерінің өкілдерімен саяжай алқаптарын жеке тұрғын үй құрылысын салуға ауыстыру мәселесі бойынша кездесу өткені туралы жазған болатынбыз. Сол кезде қала әкімі Шәкір КЕЙКИН прокуратура заң бұзу деректері бойынша, атап айтқанда, Бас жоспар талаптарын сақтамағаны үшін қала әкімдігінің үш қызметкеріне қатысты шара қолданып жатқанын хабарлады.

Кейінірек толық ақпарат алу үшін прокуратураға хабарластық. Олар қала әкімдігінің кейбір қызметкерлеріне қатысты шынымен де тергеу жүріп жатқанын, бірақ бұл фактіге қатысты еместігін растады.

Осыған байланысты қала әкімі Ш.Кейкинге ресми сауал жолдап, әкім орынбасары Нұржан ЕРМҰХАНОВТЫҢ жауабын алдық. Өкінішке орай, бұл біздің сұрақтарымызға нақты жауап беруден гөрі жалтарма жауапқа көбірек ұқсайды:

1) Бас жоспар талаптарын сақтамау фактісі бойынша сіздің үш қызметкеріңізге қатысты қандай уәкілетті орган тексеру жүргізіп жатыр?

2) Бұл қызметкерлер кімдер, қай бөлімнен?

3) Прокуратураның Бас жоспар талаптарының сақталмауы бойынша жүргізген тексеруі туралы айтқанда нені меңзегеніңізді түсіндірсеңіз?

4) Бұған дейін 10 нысан бойынша Бас жоспар талаптары орындалмағанын хабарладыңыз. Ол қандай нысандар және қандай заң бұзушылықтар болды?

Н.Ермұхановтың қолы қойылған қала әкімдігінен бізге жіберген жауап төмендегідей: «...Осы жиын барысында қала әкімі Атырау қаласының Бас жоспарына сәйкес жергілікті атқарушы органның (бұдан әрі – ЖАО) іс-әрекетіне қатысты сөз сөйледі. Атырау қаласының бас жоспары Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2016 жылғы 29 қарашадағы №749 қаулысымен бекітілген.

«Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 47-бабының 1 және 2-тармақтарына сәйкес, елдi мекендердiң аумақтарын дамыту және оған құрылыс салу белгiленген тәртiппен бекiтiлген бас жоспарлар негiзiнде жүзеге асырылады. Олар қаланы, кенттi, ауылды не басқа да қонысты дамытуды кешендi жоспарлауды айқындайтын және аумақты ұйымдастырудың бекiтiлген бас схемасы мен аймақтардың қала құрылысын жоспарлаудың кешендi схемасына сәйкес әзiрленетiн негiзгi қала құрылысы құжаты болып табылады.

Қазақстан Республикасы Жер кодексінің 109-бабының 1-тармағына сәйкес, қалалардың, кенттердің, ауылдық елді мекендердің барлық жерлері олардың бас жоспарларына, егжей-тегжейлі жоспарлау және дамыту жобаларына сәйкес пайдаланылады.

Қала әкімі өз мәлімдемесінде қала құрылысының басты құжаты ретінде Бас жоспардың маңыздылығын және ЖАО осы құжатты басшылыққа алуы керектігін атап өтті».

Қазақта «Мен не деймін, домбырам не дейді» деген мақал бар. «АЖ» мен атқарушы органдар арасындағы хат алмасуда мұндай жиі орын алады және бұл билікке ыңғайлы сияқты. Қала әкімшілігіне сауалдарымызды қайтадан жолдауға тура келді. Енді сауалымызға нақты жауап келеді деп үміттенеміз.

Айнұр САПАРОВА

19 қыркүйек 2023, 11:58

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.