– Біз валюта айырбастау қосынын ашқымыз келеді. Оны ашу үшін рұқсатты қашан және қалай алу керек?
azh.kz сайтынан
Сұраққа ҚР Ұлттық банкі Атырау филиалының валюталық операцияларды бақылау бөлімінің жетекші маманы Арсен КӨБЕКОВ жауап берді:
– Біріншіден, айырбас қосынын ашу үшін 5 млн теңгеден кем болмайтын мөлшерде айналым қаржысы болуы керек. Егер сіз біреуден артық айырбас қосынын ашқыңыз келсе, жарғы капиталы тағы 1 млн теңгеге көбеюі тиіс. Қосын ашуға рұқсат алу үшін бір қызмет түрін - шетелдік валютамен айырбас операцияларын ұйымдастыратын ЖШС құру керек. Жеке және заңды – ҚР резиденттері мен резидент емес тұлғалар (айырбас қосынының құрылтайшысы болып, шетелдік валютамен айырбас операцияларымен ұйымдастыру лицензиясынан айырылғанына 3 жыл өтпеген тұлғалардан басқа) құрылтайшылар бола алады.
Әділет органдарына мемлекеттік тіркелу үшін құрылтайшылар Ұлттық банктің рұқсатын алуы тиіс. Ол үшін құрылатын қосынның мекен-жайы бойынша Ұлттық банк филиалына:
1) рұқсат алуға өтініш;
2) жарғы көшірмесі;
3) құрылтайшылар туралы мәліметтер ұсыну керек.
Ұлттық банк филиалы 10 жұмыс күні ішінде құжаттарды қарастырып, өз рұқсатын береді немесе себебін жазып, бас тартады.
Әділет органдарына тіркелгеннен кейін Ұлттық банктің лицензиясын алу қажет. Ол үшін келесі құжаттар керек: шетелдік валютамен айырбас операцияларын ұйымдастыруға лицензия алу үшін өтініш; жарғы көшірмесі мен өтініш берушінің – заңды тұлғаның заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу (қайта тіркеу) туралы анықтамасы; қызметтің жекелеген түрлерімен айналысу құқығы үшін бюджетке лицензиялық алымды (алым сомасы – 40 АЕК) төлегендігін растайтын құжаттың көшірмесі (электронды үкіметтің төлем шлюзі арқылы төлеген жағдайдан басқа); өтініш берушінің талаптарға сай келетіндігін растайтын құжаттар, соның ішінде банк есепшотында ақша бар екендігін растайтын екінші деңгейлі банктерден анықтама; резиденттің шетелдік валютада есепшоты бар екендігі туралы анықтама.
Электронды лицензия алу үшін аталмыш құжаттар электронды үкіметтің веб-порталы арқылы сол ЖШС-нің лауазымды немесе басқа өкілетті тұлғасының электронды қолы қойылып, расталған электронды түрде ұсынылады. Лицензиялар немесе лицензия беруден бас тарту толық құжаттар пакеті ұсынылған кезден бастап 30 жұмыс күнінде беріледі (алайда әдетте бұл 5-7 күннен аспайды).
Лицензия алғаннан кейін айырбас қосынын Ұлттық банктің филиалына тіркеу қажет. Бұл тіркеу айырбас қосынының жұмысын бастау үшін негіз боп табылады. Тіркеу куәлігін алғанға дейін айырбас қосыны арқылы айырбас операцияларын жүргізуге тыйым салынады. Тіркеу үшін Ұлттық банк филиалының мамандары айырбас қосынының келесі талаптарға сәйкестігін: айырбас қосынының қолма-қол шетелдік валютамен жұмыс бойынша дайындықтан өткен немесе қолма-қол шетелдік валютамен кем дегенде 6 айдан кем болмайтын жұмыс тәжірибесі бар кассирінің болуын; айырбас қосынының орынжайында банкноттарды ультракүлгін сәулелермен (қағаздың люминесценциясын бақылау және т.б.) тексеруді қамтамасыз ететін, ақша белгілерінің түпнұсқа екендігін анықтауға және банкнотта магнит таңбасының болуын тексеруге арналған техникалық құралдарының болуын; айырбас қосыны орынжайының белгіленген талаптарға сай келуін міндетті түрде тексереді.