Бүгін, 18 қыркүйекте облыс әкімінің орынбасары Марат МУРЗИЕВ Түркия Республикасының Ақтау қаласындағы Бас консулы Сабри АЛЬПТЕКИНМЕН кездесті.
Кездесуде М.Мурзиев мейманға ілтипат білдіре отырып, көп жылдан бергі бауырластық және сауда-экономикалық қарым-қатынастың қос тарапқа да жемісті болғанын, одан әрі дамытуға мүдделі екенін жеткізді.
- Бүгінгі күні Атырау облысында 120-дан астам компания түрік капиталымен жұмыс атқарып жатыр. Биыл Атырау облысы мен Түркия арасындағы сауда-саттықтың көлемі 1 млрд долларды құрайды. Атырау өңірінде мұнай мен газдан басқа өнеркәсіптер бар. Біз оларды жақсы деңгейге шығарсақ деген ойымыз бар. Соның ішінде облыста туризм саласын дамыту бағытында да үлкен жұмыстар істеуге болады, - деді М.Мурзиев.
Жиында Атырау облысының инвестициялық мүмкіндіктері, туризм мен білім саласын дамыту, достық қарым-қатынасты нығайту мәселесі талқыланды.
Өз кезегінде Бас консул қабылдаушы тарапқа ризашылығын білдіріп, Түркияда білім алып жатқан қазақ студенттерге қарастырылған мүмкіндіктер туралы айтып өтті.
- Сауда-саттық, энергия мен туризм салаларынан кейін, білім саласына да көңіл бөлген жөн. Түркия мемлекетінде оқып жатқан қазақ студенттерінің саны күннен күнге артып жатыр. Түркия мемлекетінің стипендиялық бағдарламасы бар. Бағдарлама бойынша Қазақстанға өте көп квота бөлінеді, - деді С.Альптекин.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА
ӨКҚ жолдаған сурет