18 қыркүйекте Атырау облысының әкімі Серік ШӘПКЕНОВ Индер ауданы Өрлік ауылдық округіне жұмыс сапарымен барып, тұрғындармен кездесті, деп хабарлады баспасөз қызметі.
- Өрлік ауылындағы әлеуметтік-мәдени нысандардың жай-күйімен таныстым. Өткен ғасырда салынған ғимараттар таза әрі ұқыпты ұсталыпты. Жиынды бастамас бұрын, Мәдениет үйі мен балабақша басшылығына алғыс білдіремін,- деді С. Шәпкенов.
Мұндағы басты мәселе – балабақшадағы орын тапшылығы. Қазір балалар тәрбиеленіп жатқан бөбекжай ғимараты 42 жыл бұрын салынған. Балабақша 40 орындық, бұл жеткіліксіз. С.Шәпкеновтің айтуынша, бүгінде 90 орындық балабақша салу үшін жер телімі белгіленіп, қажетті құжаттар жасалып жатыр.
Облыс әкімі жергілікті тұрғындардың ұсыныс-пікірін де тыңдады. Олар ауыл шаруашылығы саласындағы жобаларға аз пайызды несие беру, тұрғын үймен қамту, таза ауыз сумен қамту, көше жарығын жүргізу, тас жол салу мәселесін көтерді. Содан соң облыс әкімі азаматтарды жеке сұрағы бойынша қабылдады. Қабылдауға уәкілетті мемлекеттік органдардың өкілдері де қатысты.
Аймақ басшысының Өрлік ауылдық округі тұрғындарымен кездесуі Индер ауданы әкімдігінің Facebook, Instagram желісіндегі ресми парақшасында тікелей эфирде көрсетілді.
Анықтама үшін: Өрлік ауылдық округінде 3 118 адам тұрады. Мұнда мектеп, балабақша, спорт кешені, мәдениет үйі, дәрігерлік амбулатория сынды әлеуметтік нысандар бар.
Дайындаған Ләззат ҚАРАЖАНОВА
ӨКҚ жолдаған суреттер