Атыраудағы «V6» техникалық қызмет көрсету станциясында (ТҚКС) газбен жүретін «100» Toyota Land Cruiser көлігі жарылған. Айта кетерлігі, көлік «Атырау облыстық дезинфекция» ЖШС-не тиесілі, оның үстіне Е150РК нөмірлі көліктің техникалық паспортында газ баллоны орнатылғаны туралы белгі болмаған.
Екі айға созылған хикая ЖШС аумағында жарылыс кездейсоқ болған жоқ деген қауесетке ұласып кеткендіктен ТҚКС басшысы Наталья ТЯН бұл оқиғаға нүкте қою өтінішімен «Ақ Жайыққа» жүгінді.
Бәрін ретімен баяндайық. Күрең түсті Land Cruiser ТҚКС-на 7 шілдеде қызмет көрсетуге қойылады. Жүргізушінің айтуынша, көліктегі кондиционер жұмыс істемеген. Ол сондай-ақ төлемнің қандай шарттармен – фирмадан немесе жеке тұлғадан төленетінін көрсетпеді. Техникалық паспортына сүйенсек, көлік «Атырау облыстық дезинфекция» ЖШС-не тиесілі.
Н.Тянның айтуынша, жолаушы (оң) жағындағы дефлекторлар арқылы диагностика жасалған, бұл 3 минуттық жұмыс. Н.Тян кондиционердің бөлшектелмей, көліктің қуат көзіне қосылмай тексерілгенін ерекше нақтылап айтты. Жүргізуші көлікті сол күні алып кетуі керек екен, бірақ Астана күнінің тойлануына байланысты келмей қалған. Келесі күні көлік өртеніп кеткен. Сарапшылардың қорытындысына сәйкес, көліктің артқы жағында, багаж бөлігі орналасқан жер тұтанған. Сөзбе-сөз айтсақ «... салондағы жанғыш булардың қауіпті концентрациясының тұтануына байланысты» болған. Айтпақшы, бейнежазбада жүксалғыштың жарылған сәті түсіп қалған. Содан бері ЖШС-не келтірілген шығынды өтеуді талап еткен қоңыраулар түсе бастаған. Натальяның айтуынша, адамдар өздерін таныстырмастан, қалалық және облыстық әкімдіктердің қызметкері екенін айтқан.
– Ұялы телефонмен хабарласып, залалды өтеу шарттарын талқылау үшін бейтарап аумақта кездесуді ұсынды. Бірақ мен мұндай ұсыныстарды елемеймін, - дейді Н.Тянь.
Біз өз кезегімізде қала және облыс әкімдіктерінің баспасөз хатшыларынан қоңыраулардың олардың қызметкерлерінен түсуі мүмкін бе деп сұрап, мәселені «өзінше» шешуді ұсынған ең белсенді нөмірді бердік. Олар анықтауға уәде берді. Көліктің өзіне келер болсақ, ол әкімдіктердің балансында жоқ деп сендірді.
Әлеуметтік желіде бұл көліктің әкімдік қызметкерлерінің экспедициялық сапарларына арналғаны туралы айтылып жатыр. Оқиға болған бойда мемлекеттік қызметкерлердің профильдік чатында «біздің машина өртеніп жатыр!» деген жазбамен өртеніп жатқан көліктің видеосы жолданғанын айтады. Алайда, бұл бос болжам шығар.
- Содан бері көлік, дәлірек айтсақ, қалған қаңқасы 8-ші боксты жауып, толық қуатта жұмыс істеуге кедергі келтіріп, ТҚКС аумағында тұр, - деп жалғастырады Наталья. – Осы мәселені шешуді сұрап, «Атырау облыстық дезинфекция» ЖШС-не хабарласып, мынадай жауап алдық.
Үзінді келтірейін: «Облыстық Атырау дезинфекциясы» ЖШС көлігіміздің өздігінен жануынан туындаған мәселелерді шешу талабымен танысып шығып, біздің кәсіпорын үшін өрттің шығу фактісінің өзі күмәнді екенін хабарлайды. Кәсіпорнымыз орны толмас шығынға ұшырап, жоспардың орындалуына нұқсан келуде. Мұның бәрі полиция мен ТЖ органдарының анықтау және тергеу тарапынан расталған әрі бірмәнді ақпараттың болмауынан орын алып отыр. Өрттің шығу себебі туралы бірмәнді қорытындыға қол жеткізіп, кінәлілерді анықтағымыз келеді. Қазіргі уақытта полиция басқармасы мен ТЖД тексеру жұмыстарын жүргізіп, келтірілген шығынды бағалауда. Тергеу мерзімі аяқталған жоқ. Сондықтан бізге полиция басқармасы хабарлағандай, барлық заттай айғақтар өз орнында қалуы керек». Шамасы, «Дезинфекция» бізді қасақана өртеп жіберді деп күдіктенеді, бізді бәрін сатып алған деген қауесеттер жүріп жатыр... бірақ, бұл жай ғана қызмет көрсету станциясы ғой! Біз өз кезегімізде қолымыздан келгеннің бәрін жасадық. Демалыс және мереке күндері бізде үнемі кезекші команда жұмыс істейді. Олар көлікті алдымен шағын көлік өрт сөндіргішімен, кейін тағы төрт үлкен өрт сөндіргішпен сөндірді. Оған қосымша жігіттер өрт сөндіруге “Керхер” аппаратын қолданған. Істің полицияға берілгенін, бірақ қылмыстық іс қозғау үшін айғақтардың болмауына байланысты Төтенше жағдайлар департаментіне қайтарылғанын білеміз. Осы уақыт бойы біз көлікті адалдықпен күзеттік, бірақ... Көлік қаңқасының қауіпсіздігін қашанға дейін күзетуіміз керек? Белгісіз тұлғалар өтемақы талап етіп, қоңыраулар соғып, қашанға дейін бізге қысым көрсетеді? Клиенттеріміз неліктен өртенген көлік қалдықтарын көруі керек, біз қашан қалыпты жұмыс істейміз?..
ТЖД баспасөз қызметі хабарлағандай, іс шешім қабылдау үшін полиция органына жолданған.
Анастасия ШЕРСТЯНКИНА
«V6» ТҚКС жолдаған сурет