Атырау облыстық аумақтық сайлау комиссиясының хабарламасына сәйкес, Атырау облыстық мәслихатының 2023 жыл 8 қыркүйектегі №48-VIII шешімі негізінде 5 қарашада Исатай және Қызылқоға аудандары әкімдерінің пилоттық сайлауы өтеді.
Исатай және Қызылқоға аудандық аумақтық сайлау комиссияларының қаулысымен сайлау округтері құрылды және сайлауды әзірлеу мен өткізу жөніндегі негізгі іс-шаралардың күнтізбелік жоспары бекітілді.
Исатай ауданында 15 сайлау учаскесі болады, 15 982 сайлаушы тіркелді. Қызылқоға ауданында 19 сайлау учаскесі, 18 884 сайлаушы бар.
Кандидаттар саяси партиялар арқылы және өзін-өзі ұсыну жолымен ұсынылады. Өзін-өзі ұсынғанда дауыс беруге құқығы бар тиісті сайлау округі сайлаушыларының жалпы санының кемінде 1% қолдауы қажет. Ұсынылған кандидаттар болмаған не ұсыну мерзімі аяқталған күнге бір кандидат ұсынылған жағдайда облыс әкімі тиісінше екі не бір кандидатты ұсынуға құқылы. Сайлауда жасы 25 жастан асқан сайлаушы дауыс бере алады.
Аудан әкімі мемлекеттік саяси қызметші. Сондықтан, кандидаттарға Қазақстан Республикасы Президентінің 2020 жылғы 31 желтоқсандағы №485 Жарлығымен бекітілген жекелеген мемлекеттік саяси лауазымдарға қойылатын біліктілік талаптарымен белгіленген жұмыс өтілі мен қызмет түрі, білімі бойынша қосымша талаптар қойылады.
Кандидаттарды тіркеу 16 қыркүйекте басталды, 10 қазанда жергілікті уақыт бойынша сағат он сегізде аяқталады.
Сайлау алдындағы үгіт-насихат жұмыстары 10 қазан сағат 18.00-ден 4 қараша сағат 00.00-ге дейін жүзеге асырылады.
Дауыс беру сайлау күнi 5 қарашада жергiлiктi уақытпен сағат 07.00-ден 20.00-ге дейiн өткiзiледi.