Qogamdyq Kenistikter жобасы аясында Жылыой ауданында ойын және спорт алаңдары ашылды, деп хабарлайды аудан әкімдігінің баспасөз қызметі.
Жергілікті тұрғындардың бірлескен күш-жігері мен ұтқыр әрекеті нәтижесінде Құлсары қаласы, Ақкиізтоғай, Шоқпартоғай, Тұрғызба ауылдарында 5 ойын алаңы, бір футбол алаңы және трибуна, спорт алаңы ашылды.
- Осындай ойын алаңы бұрын болған жоқ. Көшеде, жолда үстіміз топырақ болып ойнап жүретін едік. Ал қазір бізге осындай ойын алаңын салып берді. Біз мұнда достарымызбен, іні-қарындастарымызбен келіп ойнаймыз, - дейді 6-ауылдың кішкентай тұрғыны Кенжебек АЛПЫСБАЙ.
Балаларға арнап ойын алаңын салуды қолға алған шоқпартоғайлықтар да өз қуанышын білдірді.
- Ауылдың белсенді азаматтары жоба аясында ойын және футбол алаңын салып, балалар да өзіміз де қуанып жатырмыз. Біздерге арнап орындықтарды да орнатып қойыпты, қандай жақсы! Осылай ауылымыз көркейе берсін, ұйымдастырушылардың барлығына шын жүректен алғыс айтамын, - деді ауыл ақсақалы Өтеп БАХУОВ.
Айта кетейік, дәл осы күні Тұрғызба ауылында бірден үш ойын алаңы да қолданысқа берілді.
Qoǵamdyq keńistikter бағдарламасының директоры Алма ШОЛПАНҚҰЛОВАНЫҢ айтуынша, биыл Жылыойда 30-дан астам жаңа қоғамдық орын ашу жоспарланған. Әлеуметтік бағдарламаның бірегейлігі - тұрғындар бастамашыл топтарға бірігіп, абаттандыру мәселесін бірлесіп шешеді.
Qoǵamdyq Keńistikter Орталық Азияның Еуразия Қоры ұйымдастыруымен «Теңізшевройл» ЖШС компаниясының қолдауымен іске асырылып отыр.
Дайындаған Ләззат ҚАРАЖАНОВА
Суреттерді ӨКҚ жолдады