Атырау, 25 қараша 18:45
 ашықВ Атырау -4
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

«Болашақтың» қуаттылығы 240 мегаваттқа көбейді

3 755 просмотра

Қарабатандағы «Болашақ» кешенінде Мұнай және газды кешенді дайындау қондырғысында (МжГКДҚ) әрбіреуінің қуаттылығы 40 мегаваттан болатын 6 газ-турбина генераторларына (ГТГ 6.1-6.6) сынақ жасалып, іске қосылды. Олардың екеуі қазіргі уақытта Мақат газымен жұмыс істейді және зауыттың мұқтаждығы үшін электр энергиясын өндіреді. Мұнай өндіру басталғаннан кейін оларға Қашаған кенішінен тазартылған газ беріле бастайтын болады.

ҚАРАБАТАНДАҒЫ ЭНЕРГИЯ

Естеріңізге салсақ, Қашағандағы тәжірибелік-өнеркәсіптік игеру кезеңінде мұнай құрамындағы ілеспе газ МжГКДҚ-на жіберілетін болады. Сол жерде ол күкіртсіздендіріледі. Тазартылған газ сонымен қатар, «Болашақ» зауыты мен Д аралы үшін электр энергиясын өндіруге, қалған бөлігі – нарықта өткізу үшін қолданылатын болады.

Біздің сауалымызға берген өзінің жауап хатында «Норт Каспиан Оперейтинг Компании Б. В.» компаниясының сыртқы байланыстар жөніндегі директоры Пьер ДЕЛЬПОН Қашаған жобасында электр энергиясымен дербес қамту жүйесі қарастырылғандығын хабарлайды:

- Электр энергиясына сұраныс генераторлармен (газ бен буда жұмыс істейтін турбиналар) жабылатын болады. Теңіздегі Д аралында осындай 4 генератор орнатылған. Ал «Болашақ» МжГКДҚ-да – 8.  Қашаған кенішінде мұнай өндіре бастағаннан кейін теңіз нысандарының электр энергиясына қажеттілігін қамтамасыз ету үшін 3 генератор қажет, ал бір артық генератор турбиналардың біріне техникалық қызмет көрсетілетін немесе электр энергиясына көп сұраныс болатын жағдай үшін қарастырылған. 6 газ-турбина генераторы мен 2 бу генераторы орнатылған «Болашақ» МжГКДҚ-на да қатысты солай. Газ турбиналарының бірі резервті, ал 7 генератор – кешенді толықтай іске қосу кезінде қолданылатын жұмыс генераторы боп табылады. 

2010 жылдың желтоқсанынан бастап «Болашақ» кешеніндегі 2 газ турбиналары электр энергиясының ағымдағы сұранысын қанағаттандыруда. Бұл 2 генератор пайдаланатын Д аралына да қатысты.

Қазіргі кезде «Болашақ» кешеніндегі турбиналар «Мақат» жүйесінің газымен жұмыс істейді. Алайда мұнай өндіре бастағаннан кейін оларға Қашаған кенішінен дайындалған газ берілетін болады.

 

АЛ БӨЛІСУ ШЕ?

«Болашақ» зауытының энергия жүйесінің автономды екеніне қарамастан, ол өз энергиясы артық немесе жетіспеген жағдайда облыстағы жалпы энергетикалық жүйеге шыға алады, деп жазады Дельпон. NCOC-тың бағалауы бойынша, Қашаған кенішіндегі ілеспе газдың көлемі 52 триллион текше футты құрайды. Операторлар Қашаған газы (өзінікі деп есептеңіздер) есебінен өз қажеттіліктері үшін электр энергиясын алуды жоспарлап отыр. Осы газдағы электр энергиясының өзіндік құны Қазақстан нарығындағы электрдің құнынан әлденеше есе төмен болады деп шамалау керек. Ал біз осы жерде, алау астында өмір сүріп жүр екенбіз, ендеше «Болашақ» нысандарында энергия артылған жағдайда, оның арзан энергиясын біздің облысымыздың тұтынушыларына жеткізуге болмас па еді?

2012 жылдың желтоқсанындағы мәліметтер бойынша, біздің облысымыздың электр энергиясының ең жоғарғы сұранысы 310 мегаватт шамасын құрады. АЖЭО-ның нақты қолдағы қуаттылығы – 223 мегаватт. Қарбалас уақыттарда жетіспейтін қуаттылықты облысымыз «МАЭК-Қазатомпром» мен «ЕС России» компанияларынан жоғарғы бағалармен алады. «Болашақта» тек 6 генератордың жиынтық қуаттылығы 240 мегаватт құрайды – бұл АЖЭО қуаттылығынан көп. «Болашақ» облыстың қауырт шақтағы сұранысын арзан энергиямен жаба ала ма?

Өкінішке орай, оператор бұл мүмкін емес деп есептейді:

- Резервті турбиналар мен генераторлардың болуы кеніштің орналасу нысандарын сенімді түрде пайдалануды қамтамасыз ету үшін өте маңызды боп табылады, - дейді П. Дельпон. - Олар қарбаластағы сұраныстарды жабу үшін, сонымен қатар жоспарланған жөндеу жұмыстарын жүргізу кезінде қажет. Сондықтан генераторлар үнемі жұмыс жағдайында қуатталып тұруы тиіс. Резервтік генераторлар жобаның маңызды бөлігі болғандықтан, өкінішке орай, оларды жалпы энергетикалық жүйеге энергия өндіру үшін пайдалану мүмкін емес. Жалпы энергетикалық жүйеге қосылу тек энергиямен қамсыздандыру артық немесе тапшы болған жағдайда энергияны өтеу үшін ғана жасалған.

Сарапшыларға келер болсақ, Қарабатандағы арзан электр энергиясын пайдалану идеясын олар дұрыс деп есептейді:

- Әрине, бұл мүмкін. Бірақ Аджип мұнай өндірумен айналысады ғой және оның электр энергиясын сатуға лицензиясы жоқ. Егер бұл мәселе үкімет деңгейінде шешілетін болса, оларға электр энергиясының бір бөлігі жалпы жүйеге желілер бойынша берілу үшін белгілі бір жүктеме бере алар еді. Ілеспе газ – бұл да халықтың игілігі. Неліктен біз оны өз мұқтаждығымыз үшін пайдалана алмаймыз? Бұл мүмкін нәрсе ғой.     

Алайда үкімет қазір басқа басымдықтарға - ЭКСПО-2017 қарсаңында жел-электр стансалары жөніндегі бағдарламаны жүзеге асыруға ден қойған. Мәселен, Қазақстанның батысында таяу уақыттарда қуатты жел электр генераторлары салынатын болады. Бұл да жаман нұсқа емес. Өйткені бірі екіншісіне кедергі келтірмейді...

Сәуле ТАСБОЛАТОВА

2 мамыр 2013, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.