ҚР Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің Атырау облысы бойынша басқармасындағы Ашық есік күнінде қонақтарды азаматтар құқығын қорғауға, сонымен қатар мемлекеттік органдар жұмысының ашық болуына бағытталған ведомоствоның инновациялық жобаларымен таныстырды.
ҮЛКЕН ЖОЛДЫҢ КЕЗЕҢДЕРІ
«Бизнес тірегі» жобасы мемлекеттік органдардың кәсіпкерлерді тексеру ашықтығын қамтамасыз етуге шақырады.
– Бизнес субъектісіне тексеру тағайындау мен тексеру жүргізуді шартты түрде екі кезеңге бөлуге болады. Біріншісінде біздің қызметкерлеріміз тексерудің тағайындалу заңдылығын тексереді. Егер заң бұзушылықтарды анықтасақ, тексеру тағайындау туралы актіні тіркеуден бас тартуға құқылымыз, - дейді басқарма бөлімінің аға прокуроры Ләззат ҚОЙЛЫБАЕВА. – Алайда екінші кезеңде - тексерушілер кәсіпкерге тиісті актіні тіркемей барған кезде немесе тексеру барысында өз өкілеттіктері шеңберінен шығып кеткен кезде заң бұзушылықтар жиі кездеседі. «Бизнес тірегі» жобасының арқасында кәсіпкерлердің өздерін заңсыз әрекеттен қорғау мүмкіндіктері пайда болды.
Тексеруді тағайындау негізді ме, ол құқықтық статистика органдарында тіркелген бе, соны білу үшін кәсіпкер http://service.pravstat.kz сайтындағы «Кәсіпкерлерді тексеруді тіркеу туралы ақпарат» бөліміне кіру керек. Бұл жерден тексеру жүргізу тәртібі бейнеленген тексеруші органның тексеру қағазымен танысуға болады. Заңсыз тексеру немесе оның барысында қандай да болмасын заң бұзушылықтар болған жағдайда кәсіпкер порталға тиісті ақпараттық хабарлама қалдыра алады.
1012 нөміріне тексеру актісінің тіркеу нөмірін sms-хабарламамен жіберіп немесе 1414 телефоны арқылы Комитеттің Call-орталығына қоңырау шалып, осындай ақпарат алуға болады. Барлық осы хабарламаларға мобильдік топ шұғыл әрекет етеді.
ЭЛЕКТРОНДЫ ӨТІНІШ
Комитеттің инновациялық жобаларының бірі – «қылмыстық қудалау органдарының қылмыстар, оқиғалар туралы өтініштер мен хабарламалардың Электронды есепке алу кітабы». Ол электронды форматта әр өтініш берушіні тіркеуді қамтамасыз етеді.
– Ішкі істер органдарына берілген кез келген өтініш автоматты түрде өтініштерді электронды есепке алу кітабының дерекқорына түседі, - деп таныстырды өз компьютеріндегі бағдарламаны Л. Қойлыбаева. – Осылайша, біз кез келген уақытта өтініштің әрі қарай не боларына бақылау жасап, процессуалдық шешім қабылдау үшін мерзімдер сақтала ма, қадағалай аламыз. Егер әлдебір өтініш бойынша уақытында шаралар алынбаған болса, бағдарлама мұны бірден көрсетеді. Бұдан басқа, өтініш берушінің өз өтінішіне қатысты не болып жатқанын қадағалауға мүмкіндігі бар. Оған кодтық нөмірі бар хабарлама талоны беріледі. Оның келесі жағында тиісті ақпарат алуға болатын http://service.pravstat.kz электронды адресі, 1012 (SMS-сервис), 8 800 080 7777 ( стационарлық телефоннан) және 1414 (ұялы телефоннан) телефон нөмірлері көрсетіледі.
Оның үстіне, электронды есепке алу кітабы іске қосылғандықтан, үйден немесе кеңседен шықпай-ақ, құқықбұзушылық туралы өтініш беруге болады. Ол үшін электронды сандық қолтаңба болу керек (оған өтініш www.pki.gov.kz сайтында немесе www.egov.kz электронды үкіметінің порталында online режимінде беріледі). Өтініш беру www.pravstat.kz сайтында жүзеге асырылады, онда «Қылмыстар туралы өтініштер беру» сілтемесінде пайдалану ережесі орналастырылған. Қолданушы өз өтінішінің қаралу барысы туралы ақпарат алу үшін кез келген қолайлы тәсілді - электронды поштаны немесе ұялы телефонға sms-хабарламаны таңдай алады (sms құны – 15 теңге).
ХАТ ҚАЙДА КЕТКЕН?
Тағы бір жаңалық - Құқықтық статистика жөніндегі комитет ҚР президенті әкімшілігімен бірігіп, «Айқын» жобасын іске қосты.
– Тек біздің облысымызда мемлекеттік органдарға түрлі мәселелер бойынша жыл сайын азаматтардан 200 мыңдай өтініштер түседі. Биылғы жылдың бірінші тоқсанында жеке тұлғалардан 41 мың, заңды тұлғалардан 22 мың өтініш келіп түсті. «Айқын» бағдарламасының арқасында адамдарда өтініштердің шенеуніктер сатысы бойынша бүкіл қозғалыс жолын бақылауға алу мүмкіндігі пайда болды, - дейді Ләззат Қойлыбаева.
Биылғы жылдың 1 сәуірінен бастап «Айқын» жүйесі Атырау облысының әкімі аппаратының жұмысында қолданылады. Уақыт өте оны қалалық және аудандық әкімдіктер қолдана бастайды.
Сызба келесідегідей: мемлекеттік органға өтініш берген кезде өтініш беруші өтінішті қабылдаған кеңсе қызметкерінен дербес 18 орынды нөмірі бар талонды алады. Осы нөмір бойынша ол өтінішті қарау барысы, мерзімі және нәтижелері туралы ақпаратты келесі тәсілдермен ала алады:
- 8 800 080 7777 (стационарлық телефоннан), 1414 (ұялы телефоннан) нөмірлеріне тегін қоңырау шалып және операторға талон нөмірін айту;
- 1012 нөміріне талон нөмірі жазылған sms-хабарлама жіберу (барлық байланыс операторлары үшін бір хабарламаға 15 теңге);
- http://service.pravstat.kz сайтына кіріп, «Мемлекеттік органдарға өтініштер» бөлімін таңдап, арнайы алаңнан талон нөмірін теру.
Кеңсе қызметкері талон бермеген жағдайда өтініш беруші Бас прокуратураның 115 телефоны бойынша call-орталығына хабарласа алады.
Тамара СУХОМЛИНОВА