Атырау, 25 қараша 18:24
 ашықВ Атырау -4
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Тұрбадан емес, ұңғыдан ұрлай ма?

3 347 просмотра

Бизнесті тексеруге салынған мораторий қаржы полициясын басқа әдістермен: кәсіпкерлердің қызметіне кедергі келтірмей, тек түрлі өкілетті органдардың – мұнай және газ министрлігінің, кеден комитетінің және т.б. статистикалық мәліметтердің негізінде ғана жұмыс істеуге мәжбүр етті.

Бұл туралы баспасөз конференциясында Атырау облыстық экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаменті жетекшісінің орынбасары Қуаныш ІЗЖАНОВ мәлімдеді.

Мәселен, департамент біздің облысымызға тән «көлеңкелі» экономика салаларына – мұнай мен мұнай өнімдерінің заңсыз айналымы және балықты заңсыз аулауға қатысты мұқият талдау жасады. Біз ресми өндірілген көлем мен өңдеуге тапсырылған шикізат көлеміндегі айырмашылықтарды анықтаймыз, қорытынды жасап, біз үшін тікелей қызығушылық тудыратын кәсіпорындарды белгілейміз, - деді ол.

Нәтижесінде тексеру саны қысқарып, қаржы полициясы қызметкерлерінің әрекеттеріне орай түсетін шағымдар азайған. Ал керісінше, қылмыстық істер саны көбейген: мұнай және мұнай өнімдерінің заңсыз айналымы фактілері бойынша үстіміздегі жылдың І тоқсанында он іс (2012 жылдың осы мерзімінде – бір іс) қозғалған. Мәселен, өткізу үшін олардың заңдылығын растайтын құжаттарсыз жалпы сомасы 14,2 млн теңгеге мұнай мен мұнай өнімдерін әлденеше рет иеленіп, тасымалдап және сақтаған.

«Petroline» ЖШС мен «Ақтөбе РБС Лтд» ЖШС жетекшілеріне қатысты қылмыстық іс қозғалды. 

«Tutamas&NKN» ЖШС-нің, «Silver BUILDING» және «Петрекс» ЖШС-нің жетекшілеріне қатысты осындай қылмыстық істер қозғалды.

Қаржы полициясындағылар теміржол тармақтарынан жөнелтпе құжаты бойынша мұнай қалдықтарының қоспасы ретінде өткізілген мұнай құйылған цистернаны анықтады. Мұнайдың көлеңкелі айналымы 6,2 мың тоннаны құрады. Осылайша, мұнайды АМӨЗ-ге жалған құжаттар бойынша тапсырған. 

Жөнелтпе құжаттарда оның қандай кеніште өндірілгені көрсетілген. Мұнай қай жерден шыққандығына байланысты түрлі көрсеткіштер бойынша ерекшеленеді. Сараптама жұмысы құрамы бойынша мұнайдың қайдан шыққандығы көрсетілген құжатқа сай келмейтіндігін көрсетті. Біздің және басқа облыстарда тұмшаланған режимде, әрекетсіздік режимінде, барлау жұмыстарында тұрған ұңғылар көп. Бәлкім, мұнай осындай ұңғылардан ұрланатын шығар. Мұнайды мұнай құбырындағы «ойым» арқылы ұрлау фактілері бізде тіркелмеген, - деді Қуаныш Ізжанов.  

Балықты заңсыз аулау саласында төрт қылмыстық іс қозғалып, 6,4 тонна қара балық тәркіленді. Мәселен, үстіміздегі жылдың 14 наурызында қаржы полициясының қызметкерлері Атырау – Орал тас жолында Орал қаласының тұрғыны жүргізіп келе жатқан «Газель» көлігін ұстады. Көлік ішінен жөнелтпе құжатсыз 1,7 мың келі қара балықты тапқан. Қылмыстық іс сотқа жолданды. Бұдан басқа 2010-2012 жылдар аралығында бекітілген балық аулау лимитінен тыс балық және балық өнімдерін экспорттаған «Ақсу Қиғаш» БК мен «Каспий Балық» ӨК директорларына қатысты екі қылмыстық іс тергелуде. Яғни, экспортқа шығарған өнімдеріне қарағанда, олардың лимиті аз болған.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

2 мамыр 2013, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.