Атырау, 8 қазан 05:03
 ашықВ Атырау +21
$ 484.37
€ 531.06
₽ 5.05

Мекенжайы жоқ қыстақ

2 876 просмотра

«Тайлақбай» қыстағының айналасы тап-таза. Аула-қора, үй-жай жинақы қалпы, жылылықтың лебі сезіледі.

- Кеңестік үкімет құлап, елде жаппай жұмыссыздық жайлағанда, әкем бізге өз ұсынысын жеткізді. «Туған жерді тастап, бәрің тым-тырақай кетесіңдер ме? Мені көптен бір ой мазалап жүрген, малсыз қазақтың күні жоқ. Қыстақты сатып алып, мал өсірсеңдер қалай болады. Көмекші қажет емес, өздеріңнің бірігіп тапқан нандарың тәтті болады» деді, -дейдіағайынды ӨТЕБАЕВТАРДЫҢ бірі Нартай (суретте).

Ұлдары бірнеше жылын бала тәрбиесіне арнап, мектеп директоры болған әкелеріҚосымбайдың сөзін жерге тастамай, ақыры жаңа іске бел буады. Тайсойған ауылынан 10 шақырым жердегі «Тайлақбай» қыстағын сатып алып, мал өсірумен айналыса бастады.

Біраз уақыт өткен соң, мал азығын дайындайтын, басқа да шаруаға қажетті техникалардың бәрін сатып алады.

Олар үйлерін үлкейтіп, қорасын кеңітті. Шаруаның басында Нартайдан бөлек інілері Әли, Еламан жүреді. Ал Атырау қаласында тұратын ағалары Есенбай қырға сақманға келіпті.

- Мал жаппай төлдеп жатыр. Бұл жауапты кезең. Сондықтан күні-түні жұмыс жасауға тура келеді,- дейді Нартай.

Бәрі жақсы. Бірақ олар мазасыз.

- Біз полигонның жерінде отырғандықтан, үй-жайымыз, қора-қопсымыздың заңды құжаты жоқ. Басқалардай жерді жалға да ала алмай отырмыз. Осыған байланысты қыстақтан көшіп кеткіміз де келген. Бірақ осы қыстақ біз үшін ыстық. Кеткіміз де келмейді. Әзірге тек болашақта қалай болады деп уайымдап жүрміз, - дейді ағайынды Өтебаевтар.  

Бірақ мұның нақты жауабын айтуға ешкім асығар емес. Тайсойған жері КСРО жылдары әскери полигон сынағын өткізу мақсатында заңды түрде Ресей үкіметіне жалға берілгендіктен, құжат ресімдеу мәселесі де мемлекетаралық деңгейде ғана шешіледі. Алайда, әлі күнге белгілі мәселенің түйінін шешуге бел шешіп кірісіп отырған ешкім жоқ. 

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

2 мамыр 2013, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.