Атырау, 25 қараша 18:48
 ашықВ Атырау -4
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Қызылқоғада су қат

5 849 просмотра

Қызылқоға ауданында каналдарсалу жұмыстары қолға алынған, бірақжергілікті тұрғындар олардың бойы суға толатынына күмәнмен қарайды.

КАНАЛДАР МЛН-ДЫ ЖҰТЫП ЖАТЫР

Жылына бір таситын Ойыл өзенінің суын тиімді пайдаланып қалудың қамы қарастырыла бастаған еді. Қасқалдақтың қанындай қат бола бастаған азғантай суды ысырапқа ұшыратпау мақсатында 1960-шы жылдардан бері күтім көрмей қалған «Қарабау-Кезауыз» каналын қалпына келтіру жұмысы өткен жылы қолға алына бастаған болатын. Ұзындығы 65 км болатын каналды қазу жұмысына республикалық бюджеттен 238 млн теңге бөлінді. Былтыр138 млн теңгенің (32 км канал қазу ісі жүрген. - Л. Қ.) жұмысы атқарылыпты. Бас мердігер - «Казводхоз» РМК.

- Біз тек малмен күнелтіп отырмыз, - дейді Қарабау селосының тұрғындары.- Басқалай күнелтіс көзін табу қиын. Ал соңғы жылдары өзі азғантай малымызға су табу қиындап кетті. Ауыз суды автоцистернамен тасиды. Ол суды құдыққа құйдырамыз, содан мал да, жан да ішеді. Бұлай бола берсе, мал басын еріксіз кемітуге тура келеді.

Бүгінде канал қазуды қосалқы мердігер ретінде «Қазсушар» РМК-ның Атырау филиалы өз міндетіне алыпты.

- Каналды қалпына келтіру жұмысын осы жылдың қазан айына дейін бітіреміз деп отырмыз, - деп хабарлады «Қазсушар» РМК-ның Атырау филиалының бас гидротехнигі Балатай ЖҰМАБАЕВ.

Канал қанша қазылса да, бұл қарабаулықтардың суға деген мұқтаждығын шешпейді. Себебі, каналға су Ойыл өзені тасыған жағдайда ғана келеді. Ал Мұғалжар тауынан бастау алатын өр суы6 жылдан бері дұрыс келген жоқ.

Тайсойған селосындағы Жарыпшыққан өзегін жыңғыл басып кеткен. 10 жылдан бері мұнда су жоқ. 

Ауыл үлкендері бұрын жерасты суының қамшының сабын тықса көрінетінін айтса, бүгінде екі метр тереңдіктен шығатын болыпты. Сусыздықтан бидайық, ебелек, қияқ, шытыр, қоңырбас өсімдіктері құрып кеткен. Соңғы жылдары тары, арпа, мақсары өсіру қиынға соғып отыр. Ыстықта бұл дақылдар жауын болмағандықтан күйіп кетеді. 

 

ӘКІМНІҢ УӘДЕСІ

Биыл да судың келуі көңіл көншітерліктей емес екен. 

- Жақында Ойыл өзенінің жайын білу үшін Ақтөбе облысына барып келгенмін. Бұл судан бізге Ақтөбеден ауысса қалай? - дейді«Қазсушар» РМК-ның  Атырау филиалы Қызылқоға өндірістік учаскесінің бастығы Сайлаубек ТЕМІРҒАЛИЕВ.- Ондағы Тамдыкөлсу қоймасына дұрыс су да жиналмапты.

Ауа райын болжаушылар биыл ылғалдың аз болатынын ескертуде.

- Біздер Қиыл өзенінен су келіп қалар деп отырмыз. Сондықтан елді бірден дүрліктіруге болмайды ғой, -дейді Қызылқоға ауданы әкімі Мақсот МҰҚАНОВ. - Әрине, өр суының тым азаюы алаңдатарлық жағдай екені рас. Бірақ оның жерасты суына әсері жоқ, мамандардың мәлімдеуінше жер астында судың мол қоры бар. Су тасымаса, малға құдықтағы ауызсуды береді ғой. 

- «Қарабау-Кезауыз» каналын қалпына келтіруге жұмсалған қыруар қаржы өзін ақтап жатыр ма?

- Өр суы енді келмейді деп кесіп айту қиын. Мүмкін келесі жылы мол су келер. Сондықтан каналдан пайда жоқ деп айта алмаймыз. 

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

Айтпақшы: Қызылқоғалықтар табиғаттың құрғақшылығына алаңдап, Алладан жаңбыр сұрап, тасаттық берген болатын. Миялы селосының сырт жағындағы Ойыл өзені жағасында ұйымдастырылған тасаттыққа 300-ден астам адам қатысқан еді.                                                      - Көктем шыққалы ылғалды көруден қалдық. Әдетте сәуір айындағы амал күндерінде жаңбыр жауушы еді. Биыл керісінше топырақ жауып, қатты жел тұрды. Түн салқындап, жаңа көктеп келе жатқан өсімдік атаулы үсіп кетті. Бұл құрғақшылық мал мен егін шаруашылығына үлкен қатер төндіруде. Тасаттық беру дәстүрімізде бар. Сол себепті қарттардың бастауымен бұл шараны ұйымдастырудамыз, -дейді тұрғындар.                                  Қызметкерлер мен тұрғындар өз қалталарынан қаржы шығарып, ірі қара мал және дастархан тағамдарын сатып алған. Имам құран оқып, Жаратқаннан молшылық сұрады. Тасаттыққа Қызылқоға ауданы әкімі Мақсот МҰҚАНОВ қатысты.

2 мамыр 2013, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.