Роза Төлетаева, сотталған мұнайшылар белсендісіЖақында 2011 жылдың 16 желтоқсанында Жаңаөзендегі жаппай тәртіпсіздіктерді ұйымдастырғаны үшін сотталған 13 мұнайшының арасындағы жалғыз әйел Роза ТӨЛЕТАЕВА кейбір БАҚ-тардың назарын өзіне аударды. 22 сәуірде ол жазасын өтеп жатқан Атыраудағы УГ 157/11 әйелдер колониясынан Төлетаева аштық жариялағысы келеді екен деген бейресми ақпарат тарап кетті.
Үш күннен кейін Атырауға оның үлкен қызы, 26 жастағы Әлия ТӨЛЕТАЕВА ұшып келді. Ол заңды кездесу (үш айда бір рет) мүмкіндігін пайдаланып келген екен. Сол сәтте ол бұл ақпаратты растай да, теріске де шығара алмады.
– Маған 22 сәуірге қараған түні қоңырау шалған бейтаныс әйел дауысы анамның наразылық белгісі ретінде аштық жариялағысы келетінін хабарлады. Оның денсаулығы нашарлап бара жатқанын, тиісті медициналық қызмет көрсетілмей отырғанын, оған түрме режимін сақтау физикалық тұрғыда ауыр екенін айтты. Анам процесс кезінде судьяларға бірқатар созылмалы сырқаттары бар екенін айтқан, бірақ бұл қаперге алынбады. Бастапқы кезде, Атырауға ауысқаннан кейін ол өзін жақсы сезініпті. Жеңіл атлетикадан спорт шеберлігіне кандидат болғандықтан, ол колонияда өткізілген спорттық жүгіру жарысында мәреге бірінші болып жетіп, өзінен анағұрлым жас бәсекелестерінен озып шығатын болған. Бірақ қыста, екінші рет келген кезімде оның ауырып жүргенін байқадым – созылмалы сырқаттары асқынып кетіпті. Ол бауырының ауырып жүргенін, мастопатиясына, жалпы әлсіздігіне және асқазан-ішек жолдарындағы проблемаға шағымданды, түрме билігі тек бауырдың УЗИ-іне түсірген, ол бауыр аденомасы (зарарсыз ісік) деген диагнозды растапты. Басқа шағымдары назардан тыс қалды. Қазір анам, «зонадан» қоңырау шалған әйелдің айтуынша, таңертеңгі түгендеуге өздігімен шыға алмайды екен, колония қызметкерлері оны қолынан жетелеп алып шығатын көрінеді, - дейді колония дарбазасының алдында кәмпит пен сағыздың оралған қағазын ашып тұрған Әлия (Кеңес дәуірінде темекілердің, кәмпиттер мен басқа оралған өнімдердің алдын ала сыртқы орамалары алып тасталуы тиіс). – Оны тұрақты тексеріп, үнемі бақылау жасап отыру керек. Өйткені мастопатия мен денсаулыққа қатысты басқа проблемалар туралы айтпағанда, аденоманың көлемі ұлғаюы мүмкін. Түрме басшылығы профильді дәрігерлердің қабылдауына жіберуден бас тартып, бұған назар аударғылары келмейді.
«АЖ» анықтамасы: Роза Төлетаева жалпы режимдегі колонияға жеті жылға жазаланған. Процесс кезінде ол тергеу барысында өзін азаптағандығын мәлімдеген, бірақ сот оның сөзіне назар аудармады. Апелляциялық сот сатысы жаза мерзімін бес жылға дейін қысқартты.
Түстен кейін Әлияға үш күндік кездесуге рұқсат берді. 27 сәуірде кешке ол колония дарбазасынан шықты:
–Анам шынымен де колония басшылығының атына аштық жариялауды бастағанын айтып арыз жазған екен. Бірақ сол күні түске таман колония басшылығы анаммен кездесіп, түрме дәрігерінің немқұрайлы қарым-қатынасына айтылған шағымды тыңдап, ымыраға келу шешімін табуға уәде берген, - деді Әлия Төлетаева. – Келесі аптадан бастап олар қалалық ауруханадан лайықты медициналық тексеруден өткізуге уәде берді.
Роза сол күні аштықты тоқтатыпты. Қызының айтуына қарағанда, Розаның басты талабы – тәуелсіз медициналық тексеруден өткізсе дейді. Оның қызы да үкіметке, адамдар мен саяси тұтқындар құқығын қорғау жөніндегі халықаралық ұйымдарға жүгінбек. Қазақстандағы құқыққорғау ұйымдары да осы мәселеге қол жеткізбек. Әлеуметтік желілерде бірнеше күн бұрын жетекшісі Бақтылы ТҮМЕНОВАНЫҢ атынан «Амансаулық» қоғамдық қоры ҚР президенті әкімшілігінің жетекшісі Кәрім МӘСІМОВКЕ, Бас прокурор Асхат ДАУЫЛБАЕВҚА жәнеішкі істер министрі Қалмұханбет ҚАСЫМОВҚА арналған үндеухат жариялағандығы туралы ақпарат тарады. Онда сотталушы Төлетаеваға медициналық сарапшылар жіберуді өтініпті.
Зульфия БАЙНЕКЕЕВА