Атырау, 9 қараша 18:32
 ашықВ Атырау +4
$ 491.71
€ 529.97
₽ 5.05

Бір желіге байланғандар

2 370 просмотра

Атыраулықтар техникалық прогресске қарсы бүлік шығарды. Қалай дегенмен де, Привокзальный 5-ықшам аудандағы №19 үйдің тұрғындары өз шатырларындағы ұялы байланыс антеннасына қарсы наразылық білдірді.

Бәрін ретімен баяндалық. 2010 жылы 38 жастағы Асқар КЕРЕЕВТІҢ пәтерінде жайсыздықтар орын алған: үй  іші дымқыл тартып, азынап, бұрыштары көгере бастаған. Баспалдақ алаңындағы үш көршісінің пәтерлерінде де осылай болыпты.

Ер адамдар үй шатырына шығып қарағанда, ондағы көрініске қатты таң қалған. Үйдің төбесінде алып құрылым – Kcell ұялы операторының антеннасы орналасыпты. Ал оның дәл астында Кереевтің пәтері болатын. Антеннадан сәл әрірек үлкен ойық үңірейіп тұр екен (суретте). Одан салқын ауаға жылы бу шығып жатыр... Содан бері қарай үй тұрғындарынан маза кеткен. Біреуі антеннадан шығып жатқан радиотолқыннан қорықса, сыз бен суықтан мезі болған басқалар, мұның олардың рұқсатынсыз қайдан пайда болғандығына түсінбей дал.

Мұны Кереевтің өзі анықтауға кірісіпті. Сөйтсе, 2010 жылы «Бастама» ПИК-інің төрайымы Гүлнәр СҮЙІНҒАЛИВА тұрғындармен жиналыс өткізіп, олар антеннаны орналастыруға келіскен екен. Оның үстіне бұл тегін шаруа емес көрінеді: компания ай сайын ПИК-ке шатырды жалға алғаны үшін 60 мың теңге төлеуге міндеттелген.

Алайда, хаттамадағы өз қолдарын көрген көпшілік «біз мұндайға қол қойған жоқпыз» деп таң қалды. Сол кезде тағы бір жайт анықталған: 2011 жылы «Бастама» ПИК-і меншік түрін өзгертіп, «Сүйінғалиева» ЖК болған екен. Енді шатырды жалға алу төлемдері ЖК-ге аударыла бастаған. Алматыдағы  Kcell бас кеңсесіне №19 үй тұрғындары антеннаны алып тастауды өтінген хат жолдаған. Олардың ПИК-ке деген сенімдері жоғалып, арадағы қарым-қатынас бұзылыпты. Бұдан басқа, олар прокуратурадан ПИК төрайымы әрекетінің заңдылығын бағалауды өтінген.

Kcell АҚ ақпараттық желісін жоспарлау және дамыту бөлімінің бастығы Вячеслав ПЕНСКИЙДІҢ қолы қойылған жауапта: «ойықты өз есебімізден жөндейміз, ал антеннаны алмаймыз, бәрі де заңды» делінген.

Атырау қаласының прокуратурасынан Есенжан ДОСАНОВТЫҢ қолы қойылған жауап та көңіл жұбатарлықтай болмапты. Тексеру жүргізіліп, орнатылған антеннаның заңға қайшылығын таппапты.

- Мен 15.11.11 жылғы «Радиотехникалық нысандарға  қойылатын санитарлық-эпидемиологиялық талаптар туралы» №1341 үкімет қаулысымен жете танысып шықтым, - дейді А. Кереев. – Жалпы олар антеннаны тұрғын үйдің шатырына орната алады. Бірақ тек жоғарғы қабаты темір-бетонмен жабылып (ал бізде битумды, оған қоса енді ойығы да бар), металл жабыны мен техникалық қабаты болса ғана (соңғы екеуі де жоқ). Оның үстіне, сол қаулының 10-тармағына сәйкес, антенна жоғарғы қабаттағы пәтер төбесінің деңгейінен 5 метрден кем болмайтын қашықтықта монтаждалуы тиіс. Ал бізде – 1,5 метр. Заң бұзушылық орын алғаны айдан анық. Оларға бәрібір, ал біз радиосәулеленудің көп мөлшерін алып, шатырдағы осы ойықтың кесірінен қыста суықтан, жазда ыстықтан зардап шегіп отырмыз.

Google-ден тапқан ұялы операторлар антенналарының зияны туралы ақпарат мүлдем қарама-қайшы. Бір дереккөздер шынымен де олардың денсаулыққа зиян екенін растайды: мұндай аппаратурамен бірер жыл көршілес болса, онкологқа баруға жол түседі деген сөз. Басқалары мүлдем қауіпсіз екенін айтады. Ал, жалпы, электр магниттік сәулелену зияны туралы осы сәулелену біздің өмірімізге берік енгеннен бері сөз таластырып келеді. Антеннаға қатысты қала тұрғындарының тең жартысы шағымданады, алайда техникалық прогресс бұл күресте әзірге жеңіп келеді. Дегенмен де, №19 үй тұрғындары шатырларындағы антеннадан құтылуға қол жеткізбек.

Анастасия ПАСТУХОВА

Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ

25 сәуір 2013, 14:39

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.