«Синоптиктердің жұмысы деген оп-оңай, қанша қателесіп жатса да, оларға ешкім ештеңе демейді» деген әңгімелерді жиі естуге болады. Біз синоптиктердің күнделікті жұмысы қалай өтетінін білмек болдық.
БОЛЖАУ КАРТАЛАРЫ
Күлайна МЫРЗАШЕВАНЫҢ (суретте) «Қазгидромет» ЕМК Атырау облысы бойынша филиалында қызмет атқарғанына 28 жыл уақыт болыпты. Алғаш рет 1985 жылы Новобогат метеостансасында 2 айлық дайындықтан өткен соң Алматыдағы 1 жылдық курста да өзінің білімділігімен көзге түскен. Соның арқасында Мәскеудің гидрометеорология техникумын бітіріп, Атырауда еңбек жолын бастайды. Кейін ҚазМУ-ге оқуға түсіп, жоғары дипломды синоптик мамандығын игеріп қайтты. Қазіргі уақытта метеоболжау бөлімінің басшысы болып қызмет атқарады. Бұл бөлімде І санатты төрт синоптик маман күнделікті ауа райына тәулік бойы болжам жасап отырады.
- Біздер тәуліктік және48 сағаттан 168 сағатқа дейінгі уақытқа ауа райының болжамын жасаймыз, - дейді Күлайна.
Астана қаласындағы «Қазгидрометтің» бас орталығынан тәулігіне бірнеше рет түсетін метеорологтардың, аэрологтардың ақпараты жергілікті синоптикалық бөлімдерге карта күйінде келеді. Ол картаны мен де көрдім, еш түсініксіз сызықтар мен нүктелер. Оларды тек синоптиктер ғана оқи алады.
- Біздің облыс көлемінде бірнеше - Атырау қаласында, Пешнойда, Құрманғазы ауданының Үштаған және Ганюшкино, Қызылқоға ауданының Сағыз, Қарабау селоларында, Индерде, Махамбетте, Құлсарыда метеобекеттер және Исатай ауданы мен Мақатта автоматты-стандартты стансалар іске қосылған. Әр үш сағат сайын жер-жердегі метеорологтар дәл сол уақыттағы ауа райын нақтылап, орталыққа, яғни біздерге жіберіп отырады. Оған қоса біздің аэролог мамандар аспанға арнайы құрылғылар орнатылған шар ұшырады, ол арқылы атмосфераның әр биіктігіндегі ақпараттар интернет арқылы автоматты түрде мамандарға түсіп отырады. Ақпарат бізге кодталған сандармен келеді, ондай кодтар дүние жүзіндегі барлық синоптиктер үшін түсінікті, - деп К. Мырзашева компьютердегі цифрлардың бағанасымен таныстырды.
Синоптиктің айтуынша, үнемі өзгеріп отыратын ауа райы туралы ақпаратты үздіксіз бақылап, қадағалап отырудың өзі онлайн режимінде жұмыс жасауды талап етеді. Бұл дегеніңіз көпшіліктің синоптиктердің жұмысы оңай деген пікірін толығымен теріске шығарады.
БОЛЖАМДАРДЫҢ ДӘЛДІГІ
- Сіздердің болжамдарыңыз қаншалықты дәл келеді?
- Мен 97 пайыз дәлдікпен тәуліктік ауа райын болжаймыз деп сенімді түрде айта аламын. Сонымен қатар, әр ауысым сайын болжам жасаған синоптик маманның болжамының сәйкес келген-келмегені туралы есеп береміз. Дегенмен кей кездері орын алатын қате мәліметтер өзге факторлармен де байланысты болуы мүмкін.
- «Ықтимал», «кей жерлерде» деген тіркестерді көп қолданатындарыңыз да содан болар?
- Ауа райын болжағанда тәжірибенің рөлі зор. Сонымен қатар жергілікті жердің ауа райындағы ерекшеліктерді де ескереміз. Атырау облысының өзінде де кей жерде жаңбыр жауып тұрса, басқа бір жерінде күн шығып тұрады. Сондықтан ол сөздер біздің күнделікті қолданатын «синоптиктік терминімізге» болып саналады.
- Өзіңіз оқыған маман ретінде халықтың ауа райы туралы амалдарына сенесіз бе?
- Өзіміз күнделікті болжам жасап отырғандықтан, ертеңгі күні ауа райы қандай болатынын біліп отырғандықтан, амалдарға мән бермеймін.
Нұргүл Хайруллина
Суретті түсірген автор