Облыс басшысы Серік ШӘПКЕНОВТІҢ төрағалығымен құқықбұзушылық профилактикасы және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысы өтті.
Алдымен сыбайлас жемқорлық тәуекелі картасының шеңберінде денсаулық сақтау саласында туындаған мәселелерді шешу бағытында атқарылған жұмыстар туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің басшысы Ерұлан СЕРІКҚАЛИЕВ баяндама жасады.
- Департаменттің Атырау облысы бойынша денсаулық сақтау ұйымдарының мемлекеттік сатып алу жоспарына жүргізген мониторинг қорытындысы бойынша соңғы екі жылда берген ұсыныстары нәтижесінде 81 млн теңгеден астам қаржы үнемделген. Кәсіпкерлік субъектілері мен денсаулық сақтау мекемелері арасында жасалған келісім-шарттардың талаптарына сәйкес, сомалар орындалған жұмыс актісіне қол қойылғаннан кейін 30 күн ішінде төленуі тиіс. Алайда төлеу мерзімі кешіктіріліп жатады. Басқармаға қарасты кей ауруханалар 208 бизнес субъектісіне қарыз, оның жалпы сомасы 1 449 565 646,98 теңгені құрайды, - Е. Серікқалиев.
Келесі болып облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қайсар АБДАЛИЕВ баяндама жасады.
- Ұқсас жағдайлардың алдын алу мақсатында барлық медициналық ұйым басшыларының қатысуымен өткен жиналыста заң нормалары қайта түсіндірілді. Мемлекеттік сатып алу рәсімдері ҚР «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңына сәйкес жүзеге асырылып келеді. 2022 жылдың маусым айынан бастап енгізілген өзгерістерге сәйкес бағасы 20 млн теңгеге дейін тұратын медициналық құрылғылар Денсаулық сақтау басқармасымен, 20 млн теңгеден жоғары тұратын медициналық бұйымдар «СҚ-Фармация» ЖШС-мен орталықтандырылып сатып алынады. Бұдан бөлек, биыл келетін мамандар үшін облыстық бюджеттен тұрғын үй алуға 1 миллиард теңге көлемінде қаражат бөлінді. Бұл шара «Отбасы банк» АҚ Атырау облысы бойынша филиалымен бірлесе жүзеге асырылады, - деді Қ.Абдалиев.
Е. Серікқалиев аймақта комплаенс қызметімен жұмысы туралы ақпарат берді:
- Биыл сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс-офицерлер 118 сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жүргізіп, бірқатар оң нәтижелерге қол жеткізді. Мәселен, №2 Атырау облыстық аурухананың мемлекеттік сатып алу менеджері жіберген заңбұзушылықтар анықталған. Сондай-ақ, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің комплаенс-қызметкерлері 8 құқықбұзушылық анықтады. Атап айтқанда, оқытушылардың автоматтандырылған «Платонус» ақпараттық жүйесі арқылы онлайн форматта оқу үлгерімі нашар студенттері атынан емтихан тапсырып, бағаларын көтеру мақсатында пара алу фактілері тіркелген.
Серік Шәпкенов жауапты сала мамандарына мемлекеттік сатып алу процесін орталықтандыруды, қызметке кандидаттарды толық цифрландыру арқылы іріктеуде процестің ашықтығын қамтамасыз етуді тапсырды.
Полиция департаментінің Есірткі бизнесіне қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Әлішер НҰРШАЕВ:
- Бүгінде есірткі құралдарының түрі күннен күнге көбейіп жатыр. «Трамадол» препараты есірткі тізіміне енгізілгенімен, орнына «дәріханалық есірткіге» жататын препараттардың басқа да түрлері таралуда. Мысалы, «Прегабалин» препаратының аналогтары - «Алис», «Лирика» және т.б. Өз тарапымыздан қажетті шара алып жатырмыз. Облысымызда жыл басынан бері есірткімен байланысты 63 қылмыстық құқықбұзушылық тіркелсе, оның ішінде ауыр және аса ауыр қылмыстар – 35. Заңсыз айналымнан жалпы салмағы – 5 кг 966,41 гр есірткі заттары тәркіленді.
Отырыста мамандар облыстық психикалық денсаулық орталығын синтетикалық жаңа «Альфа РVР» есірткісін анықтайтын заманауи құралдарымен жабдықтауды ұсынды.
Полиция департаментінің криминалдық полиция басқармасы бастығының орынбасары Руслан САДИРОВ:
- Облыс «ҚР ІІМ-нің Мүлікті қорғау жөніндегі 2021-2023 жылдарға арналған бағдарламасын іске асыру жөніндегі іс-шаралар» жоспарын жасақтап, бекітті. Оны жүзеге асыру барысында жыл басынан бері тіркелген ұрлық қылмысының саны 15,6%-ға, оның ішінде ауыр дәрежедегі 17,6%-ға, орта дәрежеді ұрлық қылмыстарының ашылуы 14,2%-ға төмендеді. Полиция қызметкерлерінің жедел-іздестіру іс-шараларын іске асыру нәтижесінде ауыр дәрежедегі ұрлық қылмыстарының ашу көрсеткіші 2,4%-ға , орта дәрежедегі 11,2% өсіп отыр.
Жиынды С.Шәпкенов қорытындылады:
- Түрлі қылмыстардың алдын алу үшін бірлескен түрде тез арада іс-шара әзірлеңіздер. Ол үшін жоғары білікті мамандар дайындайық. Оларды оқыту керек болса оқытып, қажетті құрал-жабдықтармен де қамтамасыз етейік. Бірақ нақты нәтижесі болуы тиіс.
Дайындаған Ләззат ҚАРАЖАНОВА
ӨКҚ жолдаған суреттер