Атырау, 27 қараша 16:47
 қар жаууы ықтималВ Атырау +2
$ 498.55
€ 524.28
₽ 4.75

Атырау облысы бойынша омбудсмен өкілі Алмаз Әбілдаев: «Әкімдік әзірге бізді елемей жүр»

927 просмотра

Былтыр күзде саяси ғылымдардың докторы Алмаз ӘБІЛДАЕВ ҚР Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің Атырау облысы бойынша өңірлік өкілі болып тағайындалды. «АЖ» тілшісі оған бірнеше сұрақ қойған еді.

– Алмаз Сызғанбекұлы, «адам құқығы» өте кең ұғым. Бұл өмір сүру және бостандық құқығы, құлдық пен азаптаудан еркіндік, пікір бостандығы және оларды еркін білдіру, жұмыс істеу және білім алу құқығы, тіпті таза ауамен тыныс алу құқығы... және тағы басқалар. Сіздің нақты қызметіңіз қандай? Сіздің мүддеңіз бен өкілеттік ауқымы қандай?

 – Әңгімені мынадан бастайын: Адам құқықтары жөніндегі уәкіл институты Қазақстанда 20 жылдан бері жұмыс істеп келеді, бірақ өңірлік өкілдіктер жақында, былтыр қазан айында ашылды. Оларға адамның бұзылған құқығы мен бостандығын қалпына келтіру мақсатында түрлі мемлекеттік органдарға, құқық қорғау және сот органдарына жүгіну бойынша өкілеттік шеңбері кеңейтілген. Бізге Қазақстан азаматтары да, осында тұратын шетелдіктер де, азаматтығы жоқ адамдар да, олардың өкілдері де хабарласа алады. Ал қараша айында «Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл туралы» Заңға осы институттың өкілеттігін күшейтетін конституциялық мәртебе берілді.

Іс жүзінде, сіз атап өткен нәрсенің бәрі біздің мүддеміздің ауқымын қамтиды. Бірақ ескертейін, белгілі бір шектеу мен шеңбер бар, олардан асып кете алмаймыз. Мәселен, егер процесс ашық болса, сырттан бақылаушы ретінде қатысудан басқа, сот қарайтын істерге араласуға құқығымыз жоқ. Құқық қорғау органдарының тергеу әрекеттеріне қатыса алмаймыз...

Өкілеттікке келетін болсақ, атап айтқанда, заңнамада жедел қабылдау құқығы қарастырылған, яғни кез келген мемлекеттік органның басшысы уәкілдің өкілін дереу қабылдауға міндетті. Мемлекеттік орган біздің сұранысымызға 10 күн ішінде жауап беруге міндетті. Қылмыстық-түзету жүйесі мекемелеріне (тергеу изоляторы, колония) баруға, өз бетімізше де, басқа мемлекеттік органдармен бірлесіп те тексеру жүргізуге құқығымыз бар. Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің өзімен бірге қол қоюға және шағымдануға құқығымыз бар.

Бұдан басқа, біздің Қазақстан Республикасының заңнамалық және өзге де актілерін жетілдіруге бағытталған заң шығару бастамасы құқығына иеміз. Яғни, біздің ойымызша, адам құқықтарын бұзатын қолданыстағы заңнама нормаларына өзгеріс пен толықтырулар енгізу жөнінде ұсыныс береміз. Жалпы, біз уәкілге облыстағы жағдай туралы есеп береміз.

«ЖЕРГІЛІКТІ БЕЛСЕНДІЛЕРМЕН БАЙЛАНЫС ОРНАТТЫҚ»

– Сондай-ақ республикада Адам құқықтары мен заңдылықты сақтау жөніндегі Қазақстан халықаралық бюросы (АҚҚХБ) бар. Жасап жатқан нәрсеңіз бірдей секілді, әлде айырмашылық бар ма? Сіздер бұл ұйыммен байланыстасыздар ма?

– Айырмашылығы – АҚҚХБ – үкіметтік емес ұйым, ал біз – мемлекеттік құрылымбыз, бірақ тәуелсіз әрі басқа мемлекеттік органдарға есеп бермейміз. Иә, біз бюромен жұмыс істейміз, Атырау облысының бірқатар азаматтық белсенділерімен байланыс орнаттық.

– Құқыққорғау және мемлекеттік органдармен қарым-қатынасыңыз қалай қалыптасты? Олар сіздің өкілеттігіңізді мойындай ма?

– Бүгінгі таңда полиция, прокуратура, қылмыстық-түзету жүйесі және Астанаға тікелей бағынатын мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл тетіктері әзірленіп, нәтижелі жұмыс істеуде. Ал бұл тұрғыда әкімдікпен әлі де көп жұмыс істеу керек. Өкінішке орай, облыс әкімі аппараты мен әкімнің өзі тарапынан бізді ешкім елемей тұр, бізге жоқ секілді қарайды. Бір-екі рет онымен облыс басшысының қабылдауы арқылы кездесіп, өңірде өкілдіктің жұмыс істей бастағанын, омбудсмен институтының конституциялық мәртебесі бар екенін хабарлауға тырыстым. Бірақ әзірге кері байланыс жоқ, біз тек жұмыс тәртібімен облыс әкімдігіне сұраным жолдаймыз.

Қазақстанның басқа аймақтарында облыс әкімдері менің әріптестерімді бірден қабылдап, оларды өзінің барлық бөлімшелерімен таныстырған.

- Бұған не себеп? Болжамыңыз бар ма?

- Нақты себебін білмеймін. Бірақ осы сұхбаттан кейін жағдай өзгереді деп үміттенемін. (Күлді).

 

ӨМІРДЕН АЛЫНҒАН ҮШ ЖАҒДАЙ

– Адамдарға шынымен көмектесе алған мысалдарыңыз бар ма?

– Иә, бұған дейін осындай үш жағдай болған. Біздің арызданушылардың 60 пайызы тұтқындар мен тергеу үшін қамауға алынғандар, үш факті де соларға қатысты.

Бірінші жағдайда жұмыс берушіге қарақшылық шабуыл жасады деп айыпталған Өзбекстан азаматы, гастарбайтер арызданды. Сотқа дейінгі тергеу аяқталып, ол жеті жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін еді. Тергеу изоляторында айыпталушымен кездесу барысында маған бұл істе бір гәп бар екені түсінікті болды. Оның айтуынша, жәбірленуші оған қарыз болып, бір рет бірге спирттік ішімдік ішіп отырған кезде жұмыс берушіден өзіне тиесілі соманы өздігімен алған. Бірақ айыптауда көрсетілгендей оны ұрмаған. Жәбірленушінің, біздің арызданушының айтуынша, бұрын алған дене жарақаттары бар болған.

Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес шетелдіктің арызын сотқа жолдап, алғашқы отырысқа бақылаушы ретінде қатыстым. Нәтижесінде судья «бес жыл пробациялық бақылау» үкімін шығарды. Үкім заңды күшіне енді.

Екінші жағдайда бір жас жігіт өзіне үкім шығарған тергеу мен соттың әділетсіздігіне шағымданды. Ол да өзінің кінәсіз екенін айтумен болды. Көптеген процессуалдық заң бұзушылықтарға назар аударып, оған кеңес беріп, кейін апелляциялық сот үкімнің күшін жойып, істі жаңадан сот талқылауына жіберді. Бұл сот отырысына бақылаушы ретінде біз де онлайн түрде қатыстық.

Ауыр қылмыстық құқық бұзушылық жасады деген айыппен тергеу изоляторында алты ай болған ер адам арыз берді. Бұл кезде зардап шеккен тарап айыптаудан бас тартып, арызын кері алды. Бірақ ер адам бұрынғыша тергеу изоляторында қалған. Уәкіл өкілі мен облыстық прокуратураның бірлескен іс-әрекетінің нәтижесінде қылмыстық қудалауды тоқтатып, арыз берушімізді қамаудан босату туралы шешім қабылданды.

– Осы жағдайдың бәрінде прокуратура қадағалаушы орган ретінде қайда қараған? Ал мұндай істер көп шығар...

- Былай айтайын: біз прокуратураны немесе сот-тергеу жүйесін алмастыра алмаймыз және мақсатымыз ол емес. Біз өз мандатымыздың аясында әрекет етеміз.\


«МҰНДА АДАМДАРДА ӘДІЛЕТТІЛІК СЕЗІМІ ЖОҒАРЫ»

– Атырауда балаларды қорлау фактілері үлкен резонанс туғызуда. Сіз де тексерулерге қосыласыз ба?

– Иә, біз мұндай хабарламалардың бәріне дереу әрекет етеміз. Мұндай оқиғалармен Балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл айналысады. Мәселен, мен Атырауға келгеннен кейін бірден қараша айында «Жас ұрпақ» балалар түзету орталығынан түсірілген бейнежазба жұртшылықты дүрліктірді. Осыған орай, сотқа дейінгі тергеу жүргізген облыстық полиция департаментінде болдық. Жақында «Шаңырақ» балалар үйінде орын алған келеңсіздікті де бақылап отырмыз. Уәкіл өкілдеріне өз қызметінде арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін ұйымдар мен мекемелерге кедергісіз еркін келу құқығы берілгенін атап өтемін.

– Құқығым бұзылды деп есептеген азамат сізді қалай таба алады?

- Біздің кеңсе Абай көшесі, 10А мекенжайында 3-қабатта орналасқан, байланыс телефоны - 32-60-17. Сонымен қатар, егер электронды қолтаңба бар болса, тікелей e-Otinish платформасы арқылы шағым жасай алады.

– Әрине, жарты жылда нақты қорытынды жасау қиын, бірақ өңіріміздегі адам құқықтарына қатысты жағдайды қалай сипаттар едіңіз?

- №1 мәселе – бұл экология. Содан кейін Атырау облысы мұнай және сервистік компанияларға толы болғандықтан, біз де еңбек қатынастарына назар аудардық. Бұдан басқа, ауыз сумен қамтамасыз ету, адамның ауыз суға қол жеткізу құқығы мәселесі пысықталуда. Ең алдымен, біз жаңа ҚР Су кодексінің жобасына ұсыныстар жіберетін болармыз. Жалпы, біздің институттың болуының өзі оған қажеттілік бар екенін, сондықтан құқық бұзушылықтардың орын алып жатқанын көрсетеді. Бізге көп адам келеді, олар тіпті белгілі бір дәрежеде заңмен шектелген мүмкіндіктерімізді асыра қабылдап, дәріптейді. Қайталап айтамын, мүмкіндігіміз шексіз емес. Ал өкілеттіктеріміз қайда аяқталатынын түсіндіргенде, зор үмітпен келетіндер: «Онда не үшін құрған сіздерді?..» дейді жабығып. Дегенмен бірде бір шағымның назардан тыс қалмайтынын атап өткім келеді, тіпті жағдайға тікелей араласа алмасақ та. Тағы бір айта кетерім, бұл өңірдің ерекшелігі – мұндағы адамдарда әділеттілік сезімі жоғары. Сондықтан алда көп жұмыс бар.

– Сұхбатыңызға рахмет.

Лев ГУЗИКОВ

Суретті түсірген автор

«АЖ» анықтамасы
Әбілдаев Алмаз Сызғанбекұлы, 1976 жылы Шымкент қаласында дүниеге келген, 1998 жылы ОҚРГИ (заңгер), 2006 жылы АМжГИ-ді (мұнай-газ ісі магистрі), 2018 жылы Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-ді (PhD философия ғылымының докторы) «саясаттану» мамандығы бойынша бітірген.
Энергетика саласында сарапшы ретінде ғылыми қызметпен белсенді айналысады. Бағыты: энергетикалық қауіпсіздік және энергетикалық дипломатия.
26 шілде 2023, 17:59

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.