Атырау, 25 қараша 16:25
 ашықВ Атырау -1
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Жоғалған миллиондар

2 732 просмотра

Облыстық әкімдіктің егіншілерге қолдау ретінде беретін миллиондаған субсидиясының ізім-қайым жоғалуы оларды қиын жағдайға қалдырып отыр.

ОБЛЫС ӘКІМІ «АҚША ЖОҚ» ДЕДІ

2011 жылы «ҚазСушар» РМК-ның Атырау филиалы суға бережақ ретінде Махамбет, Индер, Атырау қаласы тауар өндірушілерінің мойнына 48 млн теңгені іліп қойды. Дәл осыншама ақшаны «ҚазСушар» РМК-ның Атырау филиалы «Атырау-Жарық» АҚ-на қарыздар болып қалған еді. Егіншілердің бұл жерде еш кінәсі жоқ, олар өздеріне арналған ақша уақытында әрі толық күйінде есепшоттарына түскен болса, қарызды өтегендеріне қуанар еді.

Бірақ 2011 жылғы берілетін субсидия қаржысының қайда кеткені жұмбақ күйінде қалып тұр. Біреулер қыруар қаржының ізім-қайым жоғалуын сол кездегі ауыл шаруашылығы басқармасының салақтығынан болды десе, ал енді басқалары құрылысқа жұмсап жіберген дейді.

2012 жылы егіс жұмысы басталарда «Атырау-Жарық» АҚ қызметкерлері сушарлықтарға 2011 жылдың электр энергиясына бережағын еске салғанда дау-дамай басталды. Ал сол кездегі облыс әкімі Бергей РЫСҚАЛИЕВ бұлдау-дамайды басып, диқаншыларды  субсидияның мәселесі толық шешілетініне сендірген болатын. Алайда аз уақыт өткен соң, диқаншылар қайтадан су тапшылығының зардабын тартты. Егіншілер облысқа жаңа әкім болып тағайындалған Бақтықожа ІЗМҰХАМБЕТОВКЕ жоғалған субсидия қаржысы туралы сауал қойғанда, ол: 

- Мен ол кезде әкім болған жоқпын ғой, сондықтан бұл мәселені шешемін деп айта алмаймын. Қаржы жоқ, - деп қысқа жауап берді.  

 

ЕГІН ЕГУ НЕМЕСЕ СОТТАСУ

Ешкімнен қолдау таппаған Махамбет ауданына қарасты шаруа қожалықтарының иелері енді  президентке шығуға мәжбүр. Олар жуырда президенттің ресми сайтына хат жолдады: «Біз, Махамбет ауданына қарасты шаруа қожалықтары көктем науқаны басталар сәтте дағдарысқа тап болып отырмыз. 2011 жылы ҚР Ауыл шаруашылығы Министрлігінің бұйрығымен, Атырау облысы әкімі, Махамбет ауданы әкімінің шешімімен егінді суару үшін субсидия бөлінуі қажет еді. Бірақ ол қаржыны шаруа қожалықтары алған жоқ. Сот 36 ШҚ алынбаған субсидияны «АтырауСушар» РМК-ның Атырау филиалына қайтарып беру жөнінде шешім шығарды. Сонда біз егін егеміз бе, әлде соттасып жүреміз бе?»

Бұған қатысты «ҚазСушар» РМК-ның Атырау филиалының бас гидротехнигі Балатай ЖҰМАБАЕВ былай деді:

- Су беру жұмысы қайта жалғасады. Бірақ қайткенде қарыздан құтылу керек. Сондықтан диқандарды сотқа беруге тура келді. Тауар өндірушілермен келісімшартта бәрі көрсетілген. Мұнда біздің кінәміз жоқ.

Сушарлықтар егіншілерді Атырау облысы мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына беріп, шешім талапкерлердің пайдасына шешілуде.

- Мен 7 млн теңгені өз қалтамнан төлеуім тиіс пе? Оны мен қайдан аламын? Мен сот үкімімен келіспеймін, біз облыс әкімдігінің кінәсінен қарыздар болып отырмыз. Көктемгі егіс жұмысы басталды, ал бізді соттасу күтіп тұр. Мен биыл 60 гектарға көкөніс, бақша дақылдарын егемін деп жоспарлап, көктемгі дала жұмыстарына кірісіп жатқанмын. Енді оның жайы қалай болады, білмеймін, - дейді Никита АН (суретте).

Махамбет ауданындағы шаруа қожалықтары енді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасын сотқа бермекші. 

- 2011 жылғы субсидияның қайда жоғалғанын білетін адамдар әлі жұмыста отыр. 2011 жылғы 26 сәуірдегі №17 шешімінің («2011 жылы ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге су беру жөніндегі қызметтердің құнын субсиядиялаудың көлемін бекіту туралы») орындалуын бақылау бұрын облыс әкімінің орынбасары болып тұрған Серік АЙДАРБЕКОВКЕжүктелген. Сол жылдардағы ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы Сырым РЫСҚАЛИЕВ, Махамбет ауданы әкімі Өмірзақ ЗИНУЛЛИННЕН неге сұрамайды? - дейді шаруа қожалықтарының жетекшілері. 

Біз облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы Сырым РЫСҚАЛИЕВКЕ хабарластық.

- Тауар өндірушілер тұтынған су құнының 50 пайызын алдын ала төлеуі тиіс еді. Оны уақытында төлеген жоқ, - дейді Рысқалиев.

- Шаруалар облыстық ауыл шаруашылығы басқармасын сотқа береміз деп отыр.

- Берсін. 50 пайыз төленгендігі жөніндегі түбіртегін сот орындаушыға көрсетсін, біз субсидия қаржысын тауар өндірушінің есепшотына аударамыз, олар оны сушарлықтарға береді. Сондықтан диқандар абыржымасын, егіндерін егуге кірісе берсін.

Бірақ бұған шаруалар сенімсіздік танытуда.

- Сот шешімінде ШҚ тұтынған су құнының 100 пайызын төлесін деп анық көрсетілген. Бұл не сандырақ? Бір-бірімізді сотқа бергенше субсидияны есепшотымызға аудармай ма? Әрине, ол ақша егер бар болса. Егер біз судың ақшасын төлемесек, сот орындаушылары техникамызды, басқа да мүліктерімізді тәркілеп, алып қояды, - дейді «Раушан» ШҚ қызметкері Райхан РАХАТОВА.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА    

25 сәуір 2013, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.