Атырау, 27 қараша 15:33
 қар жаууы ықтималВ Атырау +2
$ 498.55
€ 524.28
₽ 4.75

«Жүргізушілер ажалына асығып жүреді»

1 260 просмотра

Соңғы апталарда Атырау облысында бірінен соң бірі болған көлік апаты жан түршіктірді. Бір отбасының өмірін қиған қайғылы көлік апатына кім кінәлі? Бұған жолдың нашарлығы да себеп пе? «АЖ» тілшісі бұл сауалдарды Атырау облысы полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Абдіғани СЕЙДУАЛИЕВКЕ қойған еді.

«АСЫҚҚАН –ШАЙТАННЫҢ ІСІ»

- Жыл басынан бері облыста 155-тен астам жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 54 адам қаза тапты, оның ішінде 8 ірі көлік апаты болып, 34 адам қаза тапты, ішінде балалар да бар. Мәселен, 16 шілдеде республикалық маңызы бар Доссор – Құлсары – Бейнеу тас жолында Chevrolet Cobalt пен Toyota Ipsum көліктерінің соқтығысуы салдарынан бірден жеті адам қаза тапты, оның төртеуі Алматы облысынан қадеге келген әйелдер. Оның алдында 15 маусым күні бір отбасы – әке-шешесі төрт баласымен бірге қаза болды. Көлік жүргізушісі қарама-қарсы бағытқа шыққан. Тағы бірі Атырау-Индер тас жолында болды. Онда да бір отбасы – көлік жүргізушісі, әйелі, қызы және жиен қызы мерт болды. Ал 18 шілдеде Атырау-Индер тас жолының 123-шақырымында Toyota Camry мен КамАЗ соқтығысып, Toyota көлігінің үш жолаушысы - анасы мен 15 жастағы және бір жастағы қыздары қаза тапты, - дейді А.Сейдуалиев. – Облыс орталығында сиректеу болса да, адам өлімімен аяқталатын апаттар орын алады. 15 шілдеде Баймұханов көшесінде Hyundai Elantra көлігі жолаушылар мінген екі тұрақты автобус пен Toyota Camry көлігімен соқтығысқан. Салдарынан Hyundai Elantra жүргізушісі мен жолаушысы көз жұмды.

– Ал, жүргізушілер шағымданатын жолдар ше?

- Іс жүзінде көлік апатының 90 пайызы жүргізушінің кінәсінен болып отыр. Жолда көбі асығыс, жүйткіп жүреді. Сөйтіп өз ажалына ғана емес, біреудің ажалына да себеп болады. Бұдан бөлек, ол көлік апаттары көлік жүргізушілердің мас күйде рөлге отыруынан, ұялы телефон қолдануы, маневр талаптарын бұзуы салдарынан жиі болып отыр. Бірақ, әрине, өңіріміз жақсы тас жолға зәру. Ең бастысы – олар өте тар. Қала мен алыс аудандарға апаратын жолдардың ені тар, орташа есеппен 7 метр, кей бөлігінде әрі кетсе 9 метр.

ТРАССАНЫ ТӨРТ ДРОН БАҚЫЛАМАҚ

- Тағы бір проблема – қала мен аудандар арасы алыс әрі арасында елді мекен жоқ. Соның салдарынан электр жарығы жоқ, түнде жолда тас қараңғы. Мысалы, Атырау қаласы мен Құрманғазы ауданы арасы 285 шақырым, ал қала мен Құлсары қаласына дейін арасы 222 шақырым. Араларында елді мекен жоқ. Мен Атырауға былтыр Түркістан облысынан ауысып келдім. Түркістанда тас жолдарда елді мекендер көп. 

Жиілеп кеткен ірі апаттардың санын жою үшін қала маңындағы жолдардың 15 қауіпті учаскесіне күн энергиясымен жұмыс істейтін стационарлық жылдамдық өлшеу құрылғысын орнату жоспарланып отыр. Сондай-ақ, біздің көліктерімізге мобильді жылдамдықты өлшейтін 8 «кибершериф» құрылғысы сатып алынады, олар ереже бұзылған жағдайда дабыл қағып, 360 градустық бейнежазбаға түсіреді. Тиімділігі сол, бұл жерде жылдамдықты тіркеп алған соң ақпарат бірыңғай жүйеге (сервер) автоматты түрде түсіп, жүргізушінің мекенжайына айыппұл салынғаны жөнінде хабарлама келеді. Бұдан бөлек, биыл төрт дрон сатып алу жоспарланып отыр. Қазір департаментте бір ғана дрон бар, жүргізуші өз ережесін мойындаудан бас тартса, айғақ ретінде тас жолда ереже бұзған көліктерді түсіре бастаған.

 ЖҮРГІЗУШІНІҢ ПСИХОЛОГИЯСЫ

- Тағы бір жаңалық: қазір ірі жол көлік апаттарынан кейін жол-патруль полиция қызметкерлері тас жолға шығатын көлік жүргізушілеріне ескерту жасауға кіріскен. Ескертулер саны күніне бірнеше мыңға дейін жетеді! Жол қозғалысы ережесін ұсақ бұзушылық болса, бірінші кезекте осы ескерту беріледі, – дейді А.Сейдуалиев.

- Мысалы, Атыраудан Құрманғазыға, Атыраудан Құлсарыға дейін 4 автопатруль жүреді. Әрқайсысына 50 км береміз. Бірақ адам психологиясын білесіз ғой: полиция көлігін көрсе, жылдамдықты асырмай, жайлап өтеді. Ал өтіп кеткеннен әкесін танытып тұрып, көлікті қатты айдайды.

5 мыңнан астам жазылушы тіркелген «Азаматтық патруль» чаты қызметкерлерімізге жақсы көмектесіп тұр. Кез келген адам көлік-жол ережесін бұзған деректі көрсе, фото-видеоға түсіріп, әлеуметтік желіге шығара алады. Ал біз шарасын аламыз. 

Сонымен қатар Қылмыстық кодексті еске салғым келеді. 345-бапқа сәйкес, адам өліміне әкеп соққан ЖКО үшін - 5 жылға дейін, ал екі және одан да көп адамның өлімі үшін - 5 жылдан 10 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қолданылады.

Еске салайық, елді мекенде жүру жылдамдығы бұрынғыша 60 км/сағ., мектеп алдында 40 км/сағ., ал тас жолдарда - 100 км/сағ. (бұл жерде 110 км/сағ. дейін асыруға болады) аспауы керек. Сол кезде жолдарда өлім мен жарақат алу азаяды.

Айнұр САПАРОВА

Автор түсірген және Атырау облыстық ПД жолдаған суреттер

27 шілде 2023, 14:31

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.