19 сәуірде Кәсіпкерлер одағында төмен топтағылардың бастамасымен өткен дөңгелек үстелді ымыралы нұсқа деп атауға болады. Оны АЖЭО-ның жоғарғы тарифтеріне қарсылық білдіріп, митингке шықпақ болған бірнеше адам ұйымдастырды. Оның қорытындысы бойынша кездесу кезінде айтылған проблемаларды жою үшін жұмыс тобы құрылатын болады.
БЕЙШАРА КӘСІПКЕР НЕ ІСТЕЙДІ?
Жиналысқа ТМРАД басшысы Балжан ДОСМҰХАМБЕТОВА, қала әкімінің орынбасары Жұмабай ҚАРАҒАЕВ, «АЖЭО» АҚ вице-президенттері Алла КАНЦЕВА мен Гүлнафис ОМАРОВА, Кәсіпкерлер одағының төрайымы Әлия БЕКҚОЖИЕВА қатысты. Ұйымдастырушылардың атынан қоғам белсендісіМакс БОҚАЕВ шықты.
Жеке кәсіпкерлік үшін жылу берушілердің тарифтерді өте жоғары көтеруін (өткен жыл ішінде ол 300 пайыздан астам құрады) Б. Досмұхамбетова былай деп түсіндірді:
– Жұртшылық тыңдаулары өтті, бізде барлық шығын баптары бар, әр бапты талқыға салуға дайынбыз.
Бұл ұсыныс қабылданды.
Сара ТАҒЫБЕРГЕНОВА (суретте) мен тағдырлас тағы бірнеше серігі кездесуде «бірінші қабатты» шағын бизнесін ұсынды. Шағын дүкендері, кафелері, шаштараздары мен дәріханалары тұрғын үйлердің бірінші қабатында орналасқан кәсіпкерлердің осы тобы әсіресе қатты зардап шеккен. Бұл ЖК-лер заң бойынша заңды тұлғаларға теңестірілген. Яғни, олар коммуналдық қызметке зауыттармен, мұнай өндіруші компаниялармен, банктермен және тағы басқалармен бірдей төлейді. Олар үшін жылу бағасы әлденеше есе көтерілген. Есепшоттар 100 метрге дейінгі алаңы бар пәтер үшін ондаған, тіпті жүз мың теңгеге дейін шығады. Бұл кәсіпкерлер тобы ымыраласуға ниет етіп отырған жоқ. Жылу қызметкерлерінен қатал тарифтерді жойып, қайта есептеу жүргізуді талап етіп отыр.
Тағыбергенова талапқа қызық-ты құжатты – көрші Оралдағы жылу төлемі туралы түбіртекті қоса тіркеді. Сонда бірдей есеппен және анағұрлым жайлы климатта біздің кәсіпкерлеріміз ол жақтағы бизнестегі әріптестеріне қарағанда, әлденеше есе көп төлеп отыр. Осы сорақылықты АЖЭО өкілдері түсіндіріп бере алмады. Нақтырақ айтқанда, сыртқы ауа температурасы мен Атырау облысы үшін жобалық температураға негізделген қолданыстағы есептеу әдістемесіне жасалған сілтемеге қатысушылардың бірде-біреуі иланбады. Монополистің кезекті әдіснамалық сиқырының заттай айғағы ретінде түбіртек ТМРАД делегациясының папкасына қоныс аударды. Ол жерге барып «жоқ боп» кетпес деп ойлаған жөн.
САНСЫЗ САУАЛДАР
Қол сілтеген кей кәсіпкерлер орталықтандырылған жылыту жүйесін ажыратып тастаған.
– XXI ғасырда адамдар аязды күні жылусыз отыр, бұл ұят нәрсе ғой, - деп сөз алды Макс Боқаев. – Мұндай тарифтер кәсіпкерлерді шыңырауға тартады. Көпшілігі бизнестерін жабуға дайын, бірақ оларға мұны жасауға несиелері мүмкіндік бермейді. Әрқайсысының мойнында екі-үш несиеден бар. ТШО ондаған жылдар бойына өз газының жіберу бағасын бір мың текше метріне 10 000 теңгеден азырақ деңгейде ұстап, облыс халқына қолдау көрсетіп келеді (Боқаевтың мәліметі бойынша, 2011 жылы ол 7 900 теңгені құраған, мәселен, Ресей Қарашығанақ газының осындай көлеміне 200 доллар төлейді). Осындай жағдайда Атырауда жылу энергиясының мұнша қымбат болуы мүмкін емес.
АЖЭО өкілдері жақ ашпады. Әлия Бекқожиева тұжырымға келіңкірейтін тағы бір сұрақ қойды:
– Жалпы ауадан алынған бұл кірістер қайда кетіп жатыр? Инвестициялық бағдарламадағы үстеме пайда ескеріле ме, жоқ па?
Осы сұрақтардың барлығын да, кәсіпорынның әлеуметтік жауапкершілігі деген түсінік бар екендігін еске салуды өтінген Боқаевтың өтінішін де АЖЭО вице-президенті Алла Канцева жоғарғы жақтағы басшылыққа жеткізуге уәде берді.
– Біз тек өтіне аламыз, өйткені тарифтер бекітіліп кетті: адамдарға іс жүзінде ауыр, оларға бизнестерін жоғалтпауға көмектесіңіздер, басқа резервтерді табуға және қолданыстағы тарифті төмендетуге тырысыңыздар.
– Сараптама кеңесінің құрамында жұмысқа қызығушылықтары жоқ немесе қолдары тимейтін адамдар отыр. Ол жерге шынымен де мүдделі, білікті адамдарды қосайық. Жылу қызметкерлерінің тарифке енгізген әрбір шығындар бабын тексеріп анықтау керек. Адамдардың шыдамдарын шексіз сынауға болмайды. Бұл тұрақсыздануға соқтыруы мүмкін. Содан соң, «ұлттық меншікке айналдыру» деген сөзден неге бәрі қорқады? – деген сұрақ қойды «Демос» ҮЕҰ жетекшісі әрі ПИК төрайымы Тоғжан ҚИЗАТОВА.
Ал бұл сөз көптеген тұтынушылардың құлағына түрпідей тимеді. Өйткені судан тазарту және су дайындау кәсіпорындары, электр және жылу энергиясы (таяу уақытқа дейін газ тасымалдау) өндірісі секілді мемлекет үшін стратегиялық маңызды нысандар керісінше Атырауда жеке қолдарға өткен. Ал көршілес Оралда олар мемлекет балансында. Соның арқасында сол жердегі қала әкімі жылу тарифін көтеру туралы ТМРАД шешімінің күшін жоя алды. Оның үстіне Досмұхамбетованың айтуынша, әкімдік қаржы қарастырып оны ЖЭО-ның есепшотына аударғандықтан, тариф төмендеді.
Кездесуде айтылған ағымдағы бірнеше проблемаға қала әкімінің орынбасары Жұмабек Қарағаев сол жерде түсінік берді. Дереу шешілмейтін мәселелерді қаперлеріне алды. Кездесу соңында Қарағаев жұмыс тобын құру жөнінде мәлімдеді, оның құрамына белсенділер, сарапшылар, биліктің, ТМРАД пен монополистің өкілдері кіреді.
– Жұмыс тобының алғашқы отырысы он күннен кейін болады, - деді Қарағаев.
МАКС МӘЛІМДЕУГЕ ӨКІЛЕТТІ
–Осы кездесу көңіліңізден шықты ма? – деп сұрадым мен Боқаевтан кейінірек.
– Дөңгелек үстел форматы онда берілген уәделерге кепілдік болмайды. Алайда жария түрде өтуі және баспасөздің қатысуы үміт отын береді. Қалай дегенмен де, билік пен монополистер біздің сөзімізді естіді. Бұл менің білуімше, атыраулық ҮЕҰ-дың бастамасын «ол жердегілердің» алғаш рет қабылдағаны болар. Тіпті облыс әкімінің де тарифті қайта қарау туралы шешім қабылдай алмайтыны анық, ЖЭО-ның сыртында тұрған тұлғалар қарапайым адамдар емес. Бірақ бұл жерде бастысы - халықтың мұндай ахуалмен келіспейтіндігін көрсету.
Алайда көңілге тиетіні де бұл емес. Білесіз бе, біз жолдастарымызбен қазақтар басқыншылық бола қалса ғана қозғалар деп сөз таластырған едік. Онда да, марстықтар шабуыл жасап жатса да, көтеріле қоятындығына сенімді болмадық. Бұл жолы осы сөзге тағы да көзім жетті. «АЖ» сайтындағы комментарийлер мен жарияланымның мыңдап оқылғанына қарағанда, бұл мәселе бәрін де мазалап отыр. Менің телефоным кездесуге қатысқысы келгендердің қоңырауынан толастамады. Ал жеме-жемге келгенде 35-40 адам ғана келді. Білесіз бе, отандастарымның нені қалайтынын түсінуден қалдым. Олардың экологиялық, құқықтық проблемаларға бей-жай қарағанын түсінуге болады. Бірақ жоғарғы тарифтер қалталарын қақты, енді 15 қазаннан бастап ол қайтадан басталады. Олардың «белсенділігіне» қарап, тарифтерді әрі қарай да көтере беруге болады.
Сонда бұл мыңдаған адамдарды емес, отыз шақты адамды ғана мазалайтын болғаны ма?
Кез-келген қоғамдық қозғалыстың қозғаушы күші – желідегі құпия комментаторлар емес, нақты адамдар тобы.
ТАЗА ҒҰМЫРНАМА
Дөңгелек үстелден кейін отыз минут өткен соң «тарифке қарсы» митингтің бастамашылары қалалық әкімдіктің оларға орын ұсынудан бас тартқандығы туралы хабарлама алды.
Екі көріністен тұратын жоспарланған наразылық акциясы (дөңгелек үстел мен митинг) бір актілі прологқа айналды. Оқиғаның шарықтау шегі болмай қалды.
Айтпақшы, қала хроникасында түрлі жылдар бойына өтініштер көп берілсе де, «төменгі топтар» бірде-бір рет рұқсат етілмеген митингтер өткізбепті. Командалар келеді де кетеді, ал биліктегі ойын ережесі сол күйі.
Зульфия БАЙНЕКЕЕВА