Атырауда 16-17 сәуірде өткен дәстүрлі OilTech Atyrau мұнай-газ конференциясындағы тың нәрсе - экология мен қауіпсіздік техникасы жөнінде семинар өткізу болды.
ӘРЕКЕТ ЕТУ МЕ, ЖОЮ МА?
Солтүстік-Каспий экологиялық әрекет ету базасы бойынша «ТеңізСервис» ЖШС-нің тапсырысымен базаны жобалаған «КаспийМұнайГаз» ҒЗЖИ технологиялық бөлімінің инженері Еркін СҮЛЕЙМЕНОВ (суретте) таныстырылым жасады.
Бастапқыда база Қашаған кенішіндегі мұнай төгінділерінен құтқаратын жол ретінде айтылған болатын. Алайда, Сүлейменовтің таныстырылымында айтылғандай, базаны пайдалану тұжырымдамасы әлі күнге дейін толықтай көлемде ойластырылмаған. Естеріңізге салсақ, базаның қызметіне екінші деңгейлі мұнай мен мұнай өнімдерінің төгіндісіне (250 тоннаға дейін) әрекет ету, экологиялық мониторинг, қызметкерлерді оқыту, жануарларды оңалту және жабдықтарды сақтау кіреді.
Мұнай төгінділерін жоюдың (механикалық, термикалық, физика-химиялық, биологиялық) әдістерінің ішінде, Сүлейменовтің пікірінше, механикалық әдіс, яғни, теңіз бетінен төгілген мұнайды жинау анағұрлым тиімді боп табылады екен:
– Ол үшін базадан мұнай төгінділерін жоятын кемелер: мұнай қоқыстарын жинағыштар мен мұнай жинағыштар (скиммерлер) үшін қосымша тұрақтар салу қажет. Бұл жағдайда база қуаттылығы төгінділерге ғана емес, оларды жоюға мүмкіндік береді.
Сонда «әрекет ету» деген түсініктің астарында не болды екен... Мониторингке келер болсақ, Сүлейменовтің айтуынша, Каспийдің қазақстандық секторына аэроғарыштық бақылау жасау анағұрлым тиімді боп табылады. 2011 жылы Нефтяные камни поселкесінде орын алған апат мысал ретінде келтірілді. Слайдта теңіз бетінде мұнай дағының жүзіп жүргені айқын көрініп тұр. Сүлейменов Каспий теңізінің қазақстандық секторын игерудің мемлекеттік бағдарламасына сәйкес белгіленген жағалау бөліктерінің басқа жауапкершілік аймақтарына экологиялық әрекет ету базасы секілді базаларды салу қажет деп есептейді. Олардың саны үшеу: Атырау (I аймақ), Баутино, (II аймақ), Құрық (III аймақ). Соңғы екеуінде теңіз кемежайлары, өндірістік, соның ішінде қалдықтарды тазарту қуаттылықтары орналасқан.
Ұсыныс ретінде бондарды орнатуды қажет етпейтін мұнайды аспалы жүйелермен жинау (Сүлейменовтің пікірінше, бұл ауыздықтау уақытын қысқартып, экологиялық зиянды азайтады), сонымен қатар Каспий теңізінде тұрақты оқу-жаттығу жүргізу және Каспий өңірінің барлық елдерімен өзара әрекеттесу ұсынылды.
–Каспий тек Қазақстанға ғана тиесілі емес, – деп орынды атап өтті жобалаушы.
БОЛЖАП БОЛМАЙТЫН ӘРЕКЕТ
«КаспийМұнайГаз» ҒЗЖИ-ның инженер-технологы Ксения ҚҰЛМАНОВАНЫҢ (суретте) теңіздегі мұнай ластануына болжам жасаған сөзі жаңалық болды. Оның айтуынша, болашақта жыл сайын 100 млн тонна мұнай өндірген жағдайда, теңізге 100 мың тоннаға дейін мұнайдан лас түседі екен. Естеріңізге салсақ, НКОК консорциумы Қашағаннан жылына 50 млн тонна мұнайға дейін өндіруді жоспарлап отыр. Бірақ оның Каспийде басқа да мердігер учаскелері бар. Айтпақшы, НКОК-тың экология мен мұнай төгінділері жөніндегі менеджерлері Вальер РИЦЦИ мен Марк ШЕПЕРТ те конференцияға қатысты.
Құлманова Солтүстік Каспийдегі бірқатар табиғи-климаттық жағдайлардың: өзгеріп отыратын жел бағыты мен оларға байланысты желбөгет-желқума құбылыстары, жағалау бойының тұрақсыздығы, судың тайыздығы салдарынан мұнай дақтары әрекетінің дәл сызбасын жасау қиын екендігін атап өтті. Мұз қалыңдығы мен мұз астында қалған мұнай дақтарының болжап болмайтын әрекеттері де айтылды.
Қысқасы, мамандар Каспийден мұнай өндіру – өте тәуекелді іс екенін тағы да растап отыр. Бірақ бұл ешкімге тосқауыл болар емес.
Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА
Суреттерді түсірген автор