15 шілдеде Израильдің Тель-Авив қаласында 150 мыңнан астам адам сот реформасына қарсы тағы да шеруге шықты. Осымен жыл басынан бері 28-рет митингіге шыққан жұрттың қалауы – парламенттің өкілеттігін күшейтіп, Жоғары Соттың құзыретін шектейтін сот реформасынан бас тарту.
Наурыз айындағы митингілер мен қоғамның қысымынан кейін елдің премьер-министрі Биньямин Нетаньяху аталған реформаны парламенттің жазғы сессиясына дейін тоқтатқан еді. Ол осы уақыт ішінде екі тарап келісімге келеді деп үміттенген. Алайда жағдай ушығып, демонстрациялар одан сайын күшейе түсті. Себебі үкімет жазғы демалысқа шықпас бұрын, яғни шілденің соңында өздері ұсынған сот реформасын қабылдамақшы.
Осыған байланысты, бұл реформаның мәні неде, Израиль халқы неліктен бұған қарсы шығып отыр, жарты жылдан астам уақыт өтсе де, билік пен халық неге келісімге келе алмады деген сауалдарға жауап іздеп көрдік. Толығырақ ҚазАқпарат сарапшысының материалында.
Сот реформасына қарсылық неден басталды?
Сот реформасы 4 қаңтарда Израильдің 37-үкіметі ант бергеннен кейін алты күннен соң таныстырылды. Оның негізгі мақсаты – Жоғарғы Соттың өкілеттіктерін шектеу. 1948 жылы Израиль мемлекет ретінде негізі қаланғалы бері Жоғарғы Сот конституциялық бақылау органының рөлін атқарды, өйткені елде конституция да, конституциялық сот та жоқ. Атап айтқанда, Сот үкіметтің әрекетін бақылап, заңға қайшы деп санаған заң жобаларының қабылдануына тосқауыл қоя алады.
Ал үкімет Жоғарғы Сот өз өкілеттігін асыра пайдаланып отыр - Парламент қабылдаған заңдарды өзгертеді, кейде мүлде қабылдамайды деп есептейді. Биліктегі Ликуд партиясының мәлімдеуінше, сот өз мүддесі үшін әрекет етіп, саясатқа араласып отыр. Израильдің жаңа Әділет министрі Ярив Левиннің айтуынша, реформа Жоғарғы Соттың өкілеттігін шектеп, парламенттің құзыретін кеңейтпек.
Бұл реформаға бұрынғы премьер-министр Яир Лапид бастаған оппозиция бірден қарсылық білдірді. Олардың пікірінше, сот реформасы үкіметке билікті өз қолында шоғырландыруға мүмкіндік береді. Билеуші коалиция парламенттегі орынның басым бөлігін (120 орынның 64-і) иеленеді және Жоғарғы Соттың құзыреті шектелсе, Биньямин Нетаньяху партиясы кез келген заңды еркін қабылдауға мүмкіндік алатынын айтып, дабыл қағуда.
Реформаны жақтаушы тарап не дейді?
Елдің премьер-министрі Нетаньяху қазіргі жағдайды антидемократиялық деп санайды, өйткені сотта халық сайлаған парламенттің әрекетін шектей алатын мүмкіндік бар. Оның айтуынша, қазір сот өз өкілеттіктерін асыра пайдаланып, заң шығарудың құқықтық емес, саяси жағымен айналысып жатыр. Соңғы жылдары Жоғарғы Сот Кнессет қабылдаған жиырмаға жуық ережені өзгерткен не күшін жойған.
Бұдан бөлек ол ЭЫДҰ-дағы 36 елдің 24-інде судьяларды парламент тағайындайтынын айтып, халықаралық тәжірибені де алға тартып отыр. Осылайша, Нетаньяху жақтастарының пікірінше, реформаны жүзеге асыру Израильді дамыған әрі демократиялық елдермен бір қатарға қояды.
Қарсы тарап: «Сот реформасы диктатураға жол ашады»
Алайдареформаны сынаушылар сот реформасы күшіне енсе, диктатураға жол ашылады деп есептейді. Олар халықаралық тәжірибеге жүгіну еш қисынға келмейтінін айтып отыр, себебі Нетаньяху жақтастары мысалға келтірген елдерде заң шығарушы және атқарушы билікке қосымша шектеулер бар, ал Израильде мұндай тежегіш тетіктер жоқ.
Атап айтқанда, бұл елдердің көпшілігінде парламент екі палатадан тұрады. Сонымен қатар оларда конституция бар. Ол жақтағы Жоғарғы Соттың судьялары қызметтегі судьялармен кеңескеннен кейін ғана сайланатынын алға тартып отыр.
Елдегі танымал ғалымдар мен студенттер де сот реформасына қарсы шықты. Мәселен, митингілердің бірінде белгілі тарихшы Юваль Ной Харари сөз сөйлеп, елдегі бүгінгі ахуалға Нетаньяхуды айыптады. Оның айтуынша, мемлекеттік қызметшілер мен әскер үкіметке емес, сотқа бағынуы керек, әйтпесе, Израиль конституциялық дағдарысқа ұшырайды. Нетаньяхуға қарата айтқан сөзінде Харари: «2000 жыл өтсе де, біз перғауынды әлі де ұмытқан жоқпыз. Біз сізді де ұмытпаймыз. Болашақта сіздің атыңызда көше, алаң, тіпті әуежайлар да болмайды. Бірақ бізді құлдыққа салмақ болған арам ойы жүзеге аспай, сәтсіздікке ұшыраған адам ретінде тарихта қаласыз».
Биньямин Нетаньяхудың үстінен бірнеше қылмыстық іс қозғалды
Сот реформасына қарсы тараптың алға тартып отырған тағы бір уәжі - Биньямин Нетаньяхуға бірнеше қылмыстық іске қатысы бар деген айып тағылып отыр және реформа сәтті жүзеге асса, премьер-министр сот процесіне араласа алады. Биньямин Нетаньяху 2017 жылдан бері алаяқтық, жемқорлық фактілеріне қатысты және сенімді асыра пайдаланды деген күдікке ілініп, тергеу амалдары жүрген. Алайда ол өзіне тағылған барлық айыпты теріске шығарып отыр. Бірақ сот процесі әлі аяқталған жоқ. Егер сот оны жемқорлық қылмысына қатысы бар деп тапса, онда Израиль заңнамасына сәйкес Нетаньяху 10 жылға бас бостандығынан айрылуы мүмкін. Ал айыптың қалған тармақтары бойынша жазаның ең ауыр түрі 3 жылға бас бостандығынан айыруды көздейді.
Еске салайық, Израиль премьер-министрі 15 шілде күні түстен кейін ауруханаға жатқызылды. Осыған байланысты оның төрағалығымен өтетін министрлер кабинетінің апта сайынғы жексенбілік отырысы дүйсенбіге ауыстырылды. Нетаньяху дәрігерлердің бақылауында.
Израиль тарихындағы ең ауқымды наразылық шараларының бірі
Бұл сот реформасына қарсылық 7 қаңтардан бері өтіп жатыр. Тель-Авивтегі алғашқы митингіге 20 мыңға жуық адам жиналған. Бір айдан кейін бүкіл Израильде митингілер өтіп, наразылық білдірушілердің саны, ұйымдастырушылардың айтуынша, 230 мыңнан асты. Сонымен қатар 13 ақпанда елде ереуілдер басталып, бүкіл Израильде наразылық белгісі ретінде дәрігерлер мен инженерлер жұмысқа шыққан жоқ.
Еске салайық, Израиль премьер-министрі 15 шілде күні түстен кейін ауруханаға жатқызылды. Осыған байланысты оның төрағалығымен өтетін министрлер кабинетінің апта сайынғы жексенбілік отырысы дүйсенбіге ауыстырылды. Нетаньяху дәрігерлердің бақылауында.
Израиль тарихындағы ең ауқымды наразылық шараларының бірі
Бұл сот реформасына қарсылық 7 қаңтардан бері өтіп жатыр. Тель-Авивтегі алғашқы митингіге 20 мыңға жуық адам жиналған. Бір айдан кейін бүкіл Израильде митингілер өтіп, наразылық білдірушілердің саны, ұйымдастырушылардың айтуынша, 230 мыңнан асты. Сонымен қатар 13 ақпанда елде ереуілдер басталып, бүкіл Израильде наразылық белгісі ретінде дәрігерлер мен инженерлер жұмысқа шыққан жоқ.
27 наурызда таңертең жаппай ереуілдер басталып, Израильдің ең үлкен әуежайы Бен Гурион жұмысын толығымен тоқтатты, ал дәрігерлер кәсіподағы бүкіл денсаулық сақтау жүйесі жұмысын тоқтатқанын жариялады. Ереуілге сауда орталықтары, мейрамханалар, сондай-ақ аудан, қала әкімшіліктері қолдау көрсетті. Осы наурыздың соңында болған митинг ел тарихындағы ең ауқымды ереуілдердің бірі атанды.
Шілде айы басталғалы да елдегі наразылық күшеймесе, азайған жоқ. Мәселен, 11 шілде күні таңертеңнен бастап сот реформасына қарсы жұрт Иерусалим, Хайфа және Тель-Авивке кіре берістегі қалааралық тас жолдарды жауып тастады, сонымен қатар Бен Гурион әуежайының келу залында шеру өткізді.
Шілденің 10-ы күні кешке Кнессетте реформа туралы заң жобаларының бірі бірінші оқылымда мақұлданғаны хабарланған еді.
Шерушілер жолдарды жауып, қалада демонстрациялар да ұйымдастырды. Күні бойы Иерусалим, Тель-Авив, Ришон-Лезион, Эйлат және басқа ондаған қалаларда тағы да наразылық шерулері өтті. Ел бойынша барлығы 42 демонстрант ұсталды.
Израильде 2023 жылдың басынан бері жалғасып келе жатқан сот реформасына қарсы наразылықтарға қарамастан, үкімет оны өткізу шешімінен бас тартпай отыр.