ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат ҚАРАБАЕВ Атырау облысына жұмыс сапары барысында жергілікті тұрғындармен кездесу кезінде көптеген түрлі өзекті мәселе көтерілді. Мәселен, проблемасы бар құрылыс салушылар, жалға берілетін баспана, мүгедектер мұқтажы, жол құрылысы, т.б. Сөз алушылар легі көп болып, кездесу үш сағатқа созылды.
Бірінші болып Жұлдыз ықшамауданының тұрғыны сауал қойды. Оның айтуынша, бір жылдан астам уақыттан бері олар кәріз жүйесінің жоқтығынан жер асты суларынан зардап шегіп келеді екен.
– Енді жылдар бойы салған үйіміз құлап қала ма деп қорқып жүрміз. Бір жылдан астам уақыт бойы үйіміздің іші-сырты жер асты суларынан құрғамайтын. Соның салдарынан қабырғалар жарыла бастады. Біздің мәселемізді қала басшылығы да, облыс басшылығы да біледі, бірақ бұл жүздеген үйдің проблемасы болса да, әзірге ештеңе жасалған жоқ, - дейді әйел.
Ол министрден апатты жағдайдың алдын алу үшін «төтенше жағдай жариялауды» сұрады. М.Қарабаев «төтенше жағдайдың жариялануы не береді?» деген қарсы сұрақ қойып, оны да, басқаларды да эмоцияға берілмеуді өтінді. Бірақ кейін кәріз жүйесін салуға бюджеттен қаржы бөлу мәселесін қарастыруға уәде берді.
Келесі сөз алған адам да эмоциясын жасыра алмады. Ол катермен серуендеу қызметін ұсынатын кәсіпкер екен. Тоғыз баласы бар. Ол бірнеше жыл бойы салық органдарына тіркелмей, осы кәсіппен айналысып келгенін, енді оны заңдастырғанын, бірақ соған қарамастан, күні кеше көлік инспекциясы су полициясымен бірлесіп, оның қайығын алып қойып, ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің («Шағын өлшемді кемелерді пайдалану ережелерін бұзу, сондай-ақ басқаруға құқығы жоқ тұлғаның шағын көлемді кемені басқаруы») 582-бабының 4-тармағына сәйкес акт толтырғанын айтты:
- Жағалауда өзімнің жеке айлағым мен жер телімім бар, қазір пирс салынып жатыр. Бұл бизнеске миллиондаған теңге жұмсадым, бір жыл бойы құжаттарын рәсімдедім, тендер ұтып алдым. Енді, міне, кінәлі боп шықтым. Мен мемлекеттен ақша сұрап отырған жоқпын ғой. Президент шағын бизнесті тексеруге мораторий енгізді, неліктен халықты тығырыққа тірейді? Қазір менің бизнесім тоқтап қалды, енді отбасымды қалай асыраймын?
Министр уәкілетті орган басшысына бұл мәселені қарауды тапсырды.
Келесі сөз сөйлеген әйел мүмкіндігі шектеулі бала асырап отырған аналардың атынан сөйлеп тұрғанын жеткізді:
– Неліктен екені белгісіз, инватакси церебральды сал ауруына шалдыққан балаларды массажға апарудан бас тартады. Мүгедек балаларды тегін жеткізуге болатын әлеуметтік инфрақұрылым нысандарының бекітілген тізбесі бар, бірақ бұл құжатта нақты қандай нысандар туралы сөз болып отырғаны анық емес. Соның салдарынан балаларды массажға өз қаражатымызбен апарамыз. Ал жергілікті бюджеттен инватаксиге қаражат бөлінеді. Мұны қалай түсіндіресіздер?
– Қане, былай келісейік: егер бұл жөнінде тізімде жоқ болса, ол жерге енгізу керек, – деді министр.
– Маған енгізілетіні туралы жазбаша түрде жауабын беріңізші, қызмет көрсетушілерге көрсетейін, – деді әйел.
Министр бәрін жасауға уәде берді.
БАЛЫҚ ЖӘНЕ ТЕҢІЗ, ЖАРНАШЫЛАР МЕН ҮЛЕСКЕРЛЕР
Одан кейін қала іргесіндегі Дамба ауылында Жайық сағасының тайызданып қалғанын министрге айтқан балықшы сөз алды:
– Бұл мәселені барлық құзырлы органдар, тіпті бұрынғы Экология министрі Брекешов те біледі, бірақ әлі шешілмей жатыр. Былтырдан бері балықшылар теңізге шыға алмай жүр. Теңіз өзеннен алыстап барады. Тереңдету жұмыстарын жасау керек!
Министр бұл жұмыстар биыл басталатынына, бюджеттен қаржы бөлінетініне уәде берді. Бірақ жыл басында Жайық пен Қиғаш сағаларында биыл тереңдету жұмыстары басталатыны, қаржы бөлініп қойғаны хабарланған еді. Жайықты тереңдету жұмысының құны 6 миллиард теңге, Қиғашта 10 миллиард теңге.
Ер адам министрдің уәдесінен кейін, егер уәде орындалмаса, балықшылар митингке шығуға дайын екенін қатаң ескертті.
Әрі қарай алданған соң құрылыс салушылармен соттасып жатқан атыраулық жарнашылар мен үлескерлер тарапынан сұрақтар қойылды. Министрдің жауабы бұл жерде мемлекеттің көмегіне сенбеген жөн, бұл мәселелер сот арқылы шешілу керек дегенге саяды.
«БИТУМ БЕРІҢІЗДЕР!»
Облыстық мәслихат депутаты Арман ХАЙРУЛЛИН тас жолдардағы апаттардың көбейіп кеткені туралы сауал қойды. Сондай-ақ, ол мынадай тақырыпқа тоқталды: соңғы жылда қаламыздың үстінен өтетін әуе рейстерінің саны күрт өсті; А.Хайруллиннің айтуынша, бір сағатта ұшу кезінде шамамен 3 мың литр керосин жағылады екен. Бұл көмірқышқыл газының көп бөлінуіне әкеледі. Отырысқа қатысқан ҚР Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Талғат ЛАСТАЕВ алаңдауға негіз жоқ – бұл жағдайда қоршаған ортаға келтірілететін залал аз деп жауап берді:
- Ұшақтар Нью-Йорктің үстінен де, Лондонның үстінен де ұшып жатады, мұның бәрі бақылауда болады.
Өндіруші компания өкілі Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінен рұқсат алуға өте көп уақыт кететіндіктен, жергілікті атқарушы органдарға кен өндіруге жер телімдерін беруге рұқсат беруді сұрады.
Кездесу соңында жергілікті жол салатын мердігерлер өз мәселелерін айтты. «Атырауинжстрой» ЖШС вице-президенті Асқар ӘБДІРОВ компания министрлікке битумға шілде айына 2,5 мың тонна көлемінде өтінім жолдағанымен, тек 670 тоннаға растама алғанын айтты. Министр Ресейден қосымша 200 мың тонна битум жеткізу бойынша келіссөздер жүргізіліп жатқанын, мердігерлер бұл мәселені «ҚазАвтоЖол» АҚ-мен пысықтауы керек деп жауап берді.
А.Әбдіров бюджет ақшасына жұмыс істейтін мердігерлерге жол битумының бағасын әр жылдың басында бекітуді ұсынды. Бұған М.Қарабаев бұл мәселені Энергетика министрлігімен пысықтау керек деп жауап берді.
Айнұр САПАРОВА
Суреттер мен бейнежазбаны түсірген автор