Солтүстік көршінің тағы бір миллиардері ресейлік азаматтықты тәрк етті, деп жазады inbusiness.kz.
Әңгіме Игорь Макаров туралы болып отыр. В.Путин Ресейді империяшылдық даңғылына тұрғызған тұста миллиардер туған жерінен кіндігін үзе бастады. 2013 жылы өзінің газ активтерін "Роснефтке" сатты. Бірақ енді ғана өз отанынан толығымен ірге ажыратты. Макаров ақыры Кипр азаматтығын алған.
Әдетте, орыстың байлыққа шалқыған беткеұстар азаматтары немесе биік лауазымды тұлғалары АҚШ, Ұлыбритания, Германия, Израиль немесе Еуропаның беделді мемлекеттерінің азаматы атануды дәреже көреді. Алайда Батыс Ресейден ғана емес, оның миллиардерлерінен де теріс айналды.
Сондықтан амалсыз, Кипрді қалады. Бұл арал елге инвестиция салса, айырбасқа азаматтығын беруімен танымал. Осы істе делдалдықпен айналысатын фирмалардың дерегіне жүгінсек, 2 миллион еуроға премиум-класты жылжымайтын мүлік сатып алған немесе 2,5 миллион еуроны бірнеше құралға, мысалы, бизнеске, жергілікті құнды қағаздарға инвестициялаған адамға Кипр азаматтығы беріледі.
Ресей Украинаға соғыс ашқалы, Forbes ресейлік тізіміндегі алтыншы миллиардер ресейлік төлқұжаттан ашықтан-ашық бас тартып отыр. Жалпы алғанда, осы кезеңде қырықтан астам ауқатты адам РФ азаматтығынан шығуға өтініш жазыпты.
Миллиардер Игорь Макаров "Арети" энергетикалық компаниясының негізін қалаушы және басшысы. Америкалық Forbes сайтындағы оның профилінде Макаровтың РФ азаматтығынан шыққаны туралы ақпарат пайда болды. Нақты күні көрсетілмеген, тек бұл оқиға 2023 жылы болғаны жазылған. Енді оның жалғыз ғана азаматтығы бар және ол Кипрге қатысты.
Тиісінше, Forbes әлемдегі бай адамдардың рейтингінде Макаровты кипрлік миллиардерлер тізіміне ауыстырды. Онда И.Макаров дәулетті кипрліктердің бестігіне кірді.
Дегенмен, ол соңғы жылдары біресе Кипрде біресе Американың Флоридасында, енді бірде солтүстік Италияда тұрады. Тұрақты орнын өзгертіп отырады.
Игорь Макаровтың байлығы 2,2 миллиард доллардан көп деп бағаланады. Биылғы 2023 жылы ол Ресей миллиардерлерінің рейтингінде 57-орынды иеленген еді.
Макаров 1990-шы жылдардың соңында газ саласындағы делдалдықтан байыды: оның "Итера" компаниясы Түрікменстан газын қайта сатумен айналысты. Алайда 2001 жылы оның серіктесі, белгілі кеңестік инженер Рем Вяхирев "Газпром" басшылығынан аласталды да, ресейлік газ монополисінің тізгіні Путиннің ең жақын жеті досының бірі саналатын (санкциялық "Кремль тізімі" бойынша) Алексей Миллерге табысталды. Осыдан кейін Макаров мемлекетпен арасындағы ірі экспорттық контрактілерден айрылды.
2012 жылы "Итера" "Роснефтпен" бірлескен кәсіпорын құрды. Жаңа компанияның бақылаушы пакеті, 51% мемлекеттік алпауыт мұнай компаниясының қолына көшті. Сол жылы "Роснефть" басшылығына Путиннің тағы бір жақын досы Игорь Сечин келді. Ол "Итераны" жұтып қойды: компанияның қалған 49% акциясын 2,9 млрд долларға сатуға мәжбүр етті. Макаровқа содан 1,8 млрд доллар тиді.
Игорь Макаров шетелге кетіп, "Арети" ("Итера" атауын теріс оқығандағы нұсқасы) атты жаңа компания құрды. Сол арқылы бүгінде негізінен Батыс нарықтарына инвестиция салып, табыс табады. Мысалы, ол канадалық Spartan Delta Corp мұнай компаниясының шамамен 9% акциясына ие болды.
Батыстың асын ішіп, ауасын жұтып, сонда ауқатын арттырып отырғанымен, Игорь Макаров Мәскеудің "арнайы әскери операциясын" айыптамады. Сондықтан оған қарсы Ұлыбритания, Канада, Австралия және Жаңа Зеландия санкциялар енгізді.
Сондай-ақ орыс экономистерінің ішіндегі ауқаттысы және атақтысы Андрей Мовчан да РФ азаматтығынан бас тартқанын жариялады. Бұл туралы ол Facebook парақшасында жазды. Сонымен бірге экономист РФ азаматтығының тоқтатылғанын растайтын ресейлік ресми анықтаманы қоса тіркеді.
Movchan’s Group инвестицияларды басқару жөніндегі компаниялар тобының негізін қалаушы А.Мовчан әлеуметтік желіде бұрынғы отанына арнау жазды. Ресейлік болудан айнуының себебі ретінде ол елінен көңілі қалғанын атады.
Ол Ресей үшін "барлығы, барлық азаматы – қоқысқа" тең екеніне қынжылды. Андрей Мовчанның пікірінше, қазіргі Ресейге тек "дөрекі, қарабайыр, бірақ 100% берілген, басшылықтың қолын сүюге және сол үшін өлтіруге дайын, артық сұрақ қоймайтын, ашылып кеңес бермейтін, еш іске шүбә келтірмейтін, ешқандай принципке табандамайтын, өз бойынан қарсы сөз айтуға батылдық, келіспеуге өрлік таппайтын азаматтар ғана қажет". Ол "ұрылар, өтірікшілер, жылпостар" экс-отанының беткеұстарларына айналғанына опынады.
Мовчан отбасымен бірге Ресейден 2019 жылы Ұлыбританияға көшіп кеткен. Ол да Кипр азаматтығына ие. Бірақ атамекеніне келіп тұратын.
Жалпы, орыс байлары арасында Ресейден көңілі қалғандар тек осы екеуі емес. Мәскеу Украинаға шапқыншылығын бастағалы, ресейлік миллиардерлер онымен ат құйрығын үзуге асықты. 2022 жылы Forbes тізімінің көптеген қатысушылары РФ азаматтығынан бас тартуға ниетті екені айтылды.
Соның ішінде РФ және Израиль азаматы Михаил Фридман, РФ, Израиль, Португалия азаматы Роман Абрамович сияқты бірқатары елінен тып-тыныш қана тайып тұрды. Ал кейбір миллиардер өз отанынан жария түрде бас тартты.
Атап айтқанда, Freedom Finance инвестициялық компаниясының негізін қалаушы Тимур Турлов Қазақстан азаматтығын алғанын журналистерге хабарлады. Ақпарат құралдары елімізде қос азаматтыққа тыйым салынғандықтан, оның РФ паспорынан құтылғанын хабарлады.
"Тройка Диалог" инвесткомпаниясының негізін қалаушы және бұрынғы қожайыны Рубен Варданян да Мәскеуден теріс айналып, атажұрты Арменияға оралды.
Миллиардер, инвестор Юрий Мильнер Израиль азаматы атанды.
Revolut қаржылық, техникалық стартапының негізін қалаушы Николай Сторонский де қоңыр паспортын кері тапсырып, бұдан былай тек британдық төлқұжатын қолданатынын мәлім етті.
Тинькофф Банк негізін қалаушы Олег Тиньков Кипр паспортын қанағат тұтты.
Алпауыт байларының Ресей азаматтығынан бас тартып жатқанына Путиннің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков түсініктеме берген болатын. Песков шетелдік атанған миллиардерлердің Ресейдегі бизнесі қалмағанына назар аудартты. Олар "бүгінде іс жүзінде Ресейдегі кәсіпкерлік өмірге қатыспайды".