Атырау, 27 қараша 20:50
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +1
$ 498.55
€ 524.28
₽ 4.75

Эфирде Гурьев телеарнасы!

Сурет
1 508 просмотра
«Орбита» телеарнасы, 1970 ж. Суретті түсірген Борис Матвеев.

1967 жылы 25 желтоқсанда сағат 18:42-де алғаш рет эфирде Гурьев (қазіргі Атырау) қаласының телешақыру белгілері естілді – жергілікті телестудияда сынама хабар таратыла бастады. Бұл тарихи оқиғаны облысымыздың барша тұрғындары асыға күтті. Тіпті үйінде теледидары жоқтар да. БАҚ қызметкерлерінің кәсіби мерекесі қарсаңында тілшіңіз Гурьев телеарнасының алғашқы дикторы Наталья Ивановна ТРИЛИСПЕН тілдесіп, мұның қалай болғанын білген еді.

Байырғы тұрғындар Гурьевте өз телеарнасы пайда болмас бұрын, жеке тұрғын үй секторындағы кейбір энтузиастардың (тек олар ғана емес) көрші облыстардан хабар тарату сигналдарын алып отырғанын еске алады.

Мысалы, Бірінші учаскеде жергілікті радиоәуесқой шатырға күрделі антенна орнатып, «Астрахань» телеарнасынан таратылатын хабарды қабылдауды реттеді. Бірақ мұндайлар саусақпен санарлық еді, көпшілігі Геолог поселкесінің маңында салынып жатқан телемұнараның, «Гипроказнефть» мемлекеттік жобалау институтының мамандары жобалаған «Орбита» жүйесі телевизиялық пунктінің іске қосылуын күтіп отырды.

Телемұнара жергілікті хабар таратуға арналған болса, «Орбита» станциясы Орталық телевидениенің хабарларын Жердің жасанды спутнигі арқылы қабылдап, кейін бүкіл облысқа таратуға арналған. Ол қазіргі Жұлдыз-3 ықшамауданының аумағында орналасты.

Екі нысан да жарты жылға жуық айырмашылықпен (1967-68 жж.) іске қосылды, ал 1967 жылдың желтоқсанында облыстық телерадио хабарларын тарату комитеті Гурьев телевидениесінің дикторы қызметіне «кастинг» жариялады.

Наталья Трилис

– Мен ол кезде құрбыларыммен бірге қызық үшін барғанмын, – дейді Наталья Трилис. - Мені телемұнараның ауданына, студияға әкелді - көлемі 4-4 метр болатын, жарық шамдарға толы бөлме. Мені камераның алдына отырғызып қойып, қағазға басылған шағын мәтінді жаттап, айтқызды. Осылайша менің алғашқы тікелей эфирім өтті. Бір-екі аптадан кейін іріктеуден сәтті өткенім туралы хабардар етіп, облыстық партия комитетіне шақырды.

Әлеуетті дикторлар арасында байқау болып жатқан кезде теледидар тестілік режимде жұмыс істеді (іске қосу жұмыстарымен Шевченко (қазіргі Ақтау) мамандары айналысты), қазақ және орыс тілдеріндегі бағдарламаларды драма театрының тәжірибелі әртісі Айман ТІЛЕГЕНОВА жүргізді. Сонымен қатар, байқауға қатысушыларды студияның өзінде ғана емес, теледидардың көгілдір экранынан олардың кадрда қалай көрінетінін, жарқыраған жарық алдында абдырап қалмай ма екен, күнделікті қарым-қатынаста эфирге қарағанда мүлдем басқаша болатын олардың сөйлеу мақамы қаншалықты үйлесімді екенін бақылау үшін эфирге қатыстырды.

– Дикторларға қойылатын қарапайым талаптар қойылды: ең алдымен келбеті, сауатты сөйлеуі және дикциясы анық болуы керек, – деп сөзін жалғастырады сұхбаттасым. – Сонымен қатар, үміткер кәмелетке толған болуы керек еді.

Алғашқы айларда облыстық телеарна эфирге күнара мұнай өңдеушілер, химия зауытының жұмысы, теміржол еңбеккерлері туралы шағын жаңалықтармен эфирге шықты; содан кейні қазақ немесе орыс тілінде кинофильм көрсетілді. Эфир ауа райы болжамымен аяқталатын. Қалған уақытта қала тұрғындары көгілдір экраннан телевизиялық сынақ суретін көріп, танымал әндердің аудиожазбасын тыңдайтын. Бұл әндер «теледидардан» магнитофонға жазылатын, олардың ойналу ретін көп ұзамай жатқа білетін болдық.

Дыбыс инженері Зейнолла (фамилиясы белгісіз), Наталья Трилис, бас редактор Малика Күлпейісова, оператор Максим Өтемісов, диктор Айман Тілегенова.
- Хабар тарату кешкі сағат 7-де басталатын. Шақыру белгілері естіліп, суреттер шығып... «Қайырлы кеш, құрметті көрермендер! Гурьев телеарнасы хабар таратуды бастайды. Бүгін біздің бағдарламадан... көресіздер», - деп анық дауыспен Наталья Ивановна сөйлей бастайтын. – Содан соң: «Осымен Гурьев телеарнасы өз жұмысын аяқтайды. Хабарды жүргізген...», - деп, осы жерде дәстүрлі сөз тіркесімен қазақтілді диктор Жанна ҚОРҚЫТОВА екеуміз өзімізді ресми түрде таныстырып, хабарды аяқтайтынбыз.

Сол жылдары қарапайым провинциялық Гурьев отбасында теледидардың болуы нағыз сән-салтанат болатын. Бұл қымбат нәрсені сатып алуға кез келген адамның қалтасы көтере бермейтін. Сондықтан, эфир басталарда көп адам көгілдір экраны бар көршісіне жүгіретін, өйткені бұл «технология ғажайыбы» бәріне ұнайтын. Көп ұзамай тартымды, жас сұлу дикторлар танымал болды! Оларды көшеде, автобустарда, дүкендерде танитын. Көріп қалса сәлемдесіп, кеште қандай фильм көрсетілетінін сұрап, жұмысын мақтап, алғыстарын жаудыратын. Ал балалар олардың артынан қуанып: «Міне, теледидардағы апай ғой!» деп, айқайлап жүгіретін.

Наталья Трилис, диктор Жанна Қорқытова, редактор Жолдасқали Ажиров.

Алайда өте қарапайым Наталья Ивановнаның өзі мұны растамайды.

- Біз соншалықты ештеңе жасаған жоқпыз ғой. Тек хабарды таратуды бастап, аяқтайтынбыз. Бары сол. Дегенмен редакцияға кездесу белгілеген бір-екі хат келді, - деді жымиып. – Ал бір хатта бір жігіт эфирде шартты белгі беруді өтініпті. Олар босқа үміттенбес үшін егер тұрмыста болсам, онда «иә» деп, болмасам «жоқ» деп айтуым керек болды. Тағы бір хатында жас ана: «Эфирде емес, «кефирде кездескенше» деп айту дұрыс болады!» деген ұлының сөзін жеткізіпті.

Көп ұзамай қала жаңалықтары аудандардан балықшы мен малшылар туралы сюжеттермен толыға бастады. Түсірілім процесіне дыбыс операторынан бастап, жүргізушіге дейін бәрі тартылды. Студияда түсірілген материал мен мәтіндерді Петропавлдан келген журналистика факультетінің түлегі, бас редактор Малика КҮЛПЕЙІСОВА мұқият қарап шығатын. Кейін оған тағы бір редактор – Жолдасқали АЖИРОВ қосылды.

Наталья Трилис, Жанна Қорқытова, облыстық телерадио хабарларын тарату комитетінің төрағасы Тасқали Құрманғазиев (ортада отыр), оператордың көмекшісі (аты-жөні белгісіз), дыбыс режиссері Г.Өтебаева (оң жақтағы шеткі).

Бір қызығы, кейбір сюжеттерді телестанцияның шағын студиясында түсіретін. Бірде Гурьев мұнай өңдеу зауыты (қазіргі Құрманғазы атындағы) Мәдениет үйінің балеті, атақты Белла Давыдовна Юновичтің шәкірттері шақырылды. Осы бірегей жазба біздің облыстық телеарнаның мұрағатында сақталған ба?

- Бәрі тікелей эфирде болды. Сондықтан, қандай жағдай болмасын, өзіңді ұстай білу керек еді, – дейді Наталья Трилис. – Кейде дыбыс жоғалып кететін, сөйтіп кадрға қайта кіруге тура келеді. Бірде Жаннаның артында қатты қызып кеткен жарық шамы тарс етіп жарылып кетті. Ал ол көзін жыпылықтатпастан, жайбарақат хабар таратуды жалғастыра берді! Әрине, барлық оқиғалар мен өрескел қателер қайталанбау үшін мұқият талданды. Бірақ ерекше оқиғалар болған жоқ.

«Орбита» іске қосылған кезде Мәскеу мен Алматының Орталық телевизиясының толыққанды бағдарламалары көрсетілді. Айтпақшы, ол жаққа Наталья Трилис 10 күндік біліктілікті арттыру курсына жіберілген. Алматыда республикалық тікелей эфирдің жұлдыздарынан бөлек, КСРО Орталық телевизиясының алғашқы дикторларының бірі, белгілі актриса әрі тележүргізуші, кейін РСФСР Еңбек сіңірген әртісі Людмила Соколовадан шеберлік сабағын алу бақытына ие болды.

- Курстардан кейін маған 3-санат берілді, бірақ жалақы өзгеріссіз - 50 рубль болып қалды, дегенмен санаты жоқ дикторлар үшін ең төменгі мөлшерлеме 100 рубль болатын. Бірақ бәрібір, мысалы, бір бөлке нан 25 тиын тұратын ел үшін ол кезде жақсы ақша болатын. Оған қоса, біз, дикторлар, толық емес, екі-үш сағат қана жұмыс жасадық. Мен өз қаражатыма косметика сатып алып, шаш үлгісін де өзім жасататынмын. Шаштараз шығынын телерадио комитеті кейін ғана өз мойнына алды. Бізге эфирге арналған костюмдер де берілді. Қою көк, ажарсыз, қазынаның киімдерін мен де, Жанна да кимедік деуге болады.

1970 жылдың жазында Н.И.Трилис демалысқа кетіп, содан кейін студияға оралмаған. Біріншіден, оның орнына дереу адам тапты, өйткені эфирге біреу шығып, жүргізуі керек еді, екіншіден, ол Гурьев педагогикалық институтының филология факультетіне оқуға түсіп, содан кейін өмір бойына қала мектептерінде орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып жұмыс істеді.

- Қазір теледидар қарайсыз ба? Қазіргі дикторларда сізді не қынжылтады? – деп сұрадым мен.

- Логикаға сай келмейтін, түзу айтылмаған сөзді, екпіндегі қателер, дұрыс құрастырылмаған сөйлемдер, дыбысты бұзып айтқанды... көріп, естіп жүрмін. Тіл маманы ретінде осыған бірден назар аударамын. Өкінішке орай, кәсіби деңгейде дайындалған дикторлар мен тележүргізушілер өткеннің еншісінде қалды.

– Бүгінгі журналистердің кәсіби мерекесінде қандай тілек айтар едіңіз?

- Тәуелсіз болуды және ағымдағы оқиғаларды объективті түрде көрсетуді тілеймін.

Лев ГУЗИКОВ 

Автордың және Наталья ТРИЛИСТІҢ мұрағатынан алынған суреттер

27 маусым 2023, 17:35

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.