Атырау облысы Кәсіпкерлер палатасына көлік жуу орындарының иелері құқықтарын қорғауды сұрап шағымданды. «Атырау облысы су арнасы» КМК бір ай ішінде сумен жабдықтаудың айналымды жүйеcін орнатуды талап етіп отыр. Олай етпеген жағдайда оларға су беруді тоқтатпақ. Кәсіпкерлер палатасының жанындағы Кәсіпкерлер құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі кеңес отырысында осы мәселе талқыланды.
Жуырда қалалық прокуратура ұйғарымының негізінде «Атырау облысы су арнасы» КМК «Aвтолюкс» көлік жуу орнының иесі Асқар АХАНОВТЫҢ атына суды үнемдеу мақсатында сумен жабдықтаудың айналымды жүйесін орнату қажеттігі туралы хабарлама берген. Шынында осындай мәселе бар – қазір көлік жуу орындарының иелері ауыз суды өндірісте пайдаланады, өйткені оларды ешкім техникалық сумен қамтамасыз етпейді және оны тасымалдау мәселесі әлі де шешімін табуды қажет етеді. Оған қоса, бұл жүйе өте қымбат.
– Ауыз суды үнемдеу керектігін бәріміз түсінеміз. Техникалық судың жоқтығынан суды қайта өңдеу жүйесін орнатуды талап етті. Бізде Қазақстанда ондай жабдық шығарылмайды, ең жақын нарық Ресей, онда бағасы 2 миллионнан 5 миллион теңгеге дейін. 250-350 мың теңгеге арзан аналогы бар, бірақ ол жүйе әлсіз, судан иіс шығады, тұтынушылар шағымданады. Қосымша реагенттерді көбірек қосуға мәжбүрміз, ал ол кейін көлік жуушылардың денсаулығына теріс әсер етеді. Бізге техникалық су берсін, сонда ауыз суды пайдаланбаймыз, – дейді А.Аханов.
«Атырау облысы су арнасы» КМК мәліметінше, Атырауда 141 көлік жуу орны болса, бүгінде 19-ы функционалдық мақсатын өзгертті, 20-сы жабылды, 61-інде суды қайта өңдеу жүйесі бар. 39 көлік жуу орнына су беру тоқтатылғанымен, біраз уақыттан кейін қайта берілді. Бүгінде барлық көлік жуу орындарына ұйғарым мен акт рәсімделген, «Атырау облысы су арнасы» суды 12 шілдеге дейін тоқтатпауға уәде беріп отыр.
– Кәсіпкерлердің жұмысына кедергі жасау емес мақсатымыз, бірақ ауыз суды техникалық қажеттіліктерге пайдалануға болмайтынын түсінуіміз керек. Бұрын 15 сәуірге дейін мерзім белгіленіп, кейбір кәсіпкер ғана суды қайта өңдеу жүйесін орнатқан болатын. «Атырау облысы Су арнасы» КМК-нен алынған мәліметтерге сүйене отырып, осы жүйе қолданылатын және бұл жүйе жоқ көлік жуу орындарының жұмысын талдап, салыстырдық. Алғашқы айда 9552 текше метр су тұтынса, екінші айда небәрі 5990 текше метр, яғни су ресурстары 60 пайызға дерлік үнемделеді. 9 маусымда қала прокуроры көлік жуу орындарының өкілдерімен тағы кездесіп, мерзім тағы бір айға ұзартылды, – деп хабарлады қалалық прокуратураның бөлім прокуроры Алмат СУЙЕУОВ.
Облыстық энергетика және ТКШ басқармасы басшысының орынбасары Асан НҰРҒАЛИЕВ атап өткендей, сол жағалауда орналасқан кәріздік тазарту қондырғысында техникалық су бар, бірақ арнайы су құбыры әлі салынбаған.
– Дәл қазір өңірдегі ірі кәсіпорындармен осындай су құбырын тарту жөнінде келіссөздер жүргізілуде. Оң жағалауда да су тазарту нысанының құрылысы жүріп жатыр, ол жақтан да су алуға болады, бірақ оны тасымалдау мәселесін өздері шешуі керек, – дейді А.Нұрғалиев.
«Леон» көлік жуу орнының иесі Қуаныш ІЗТЕЛЕУОВ суды тасымалдау, оны тазарту мәселесін коммуналдық қызметтердің өздері шешуі керек деп есептейді.
– Суды өз күшімізбен тасымалдау бізге өте қымбатқа түседі. Оны өзіміз тазалау да тиімсіз. Мысалы, мен екі рет қымбат жабдықты орнаттым, бірақ ол істен шығып, босқа тұр. Біз сізге суды тасымалдау және тазарту мәселесін шешуді ұсынамыз, өйткені сіздерде кәсіби құрал-жабдықтар болғандықтан, осы шығындардың барлығын біз үшін тарифке қоса аласыз. Осы қызметтерді қолға алсаңыздар, біз сәл артық төлеуге дайынбыз, – деді Қ.Ізтелеуов.
Дайындаған Айнұр САПАРОВА
ӨКП жолдаған суреттер