15 сәуірде облыстық әкімдікте монополистер өздерінің 2012 жылғы инвестициялық бағдарламаларының орындалуы туралы есеп берді. Отырысты облыс әкімінің орынбасары Сәлімжан НАҚПАЕВ жүргізеді деп мәлімделген еді, алайда ТМРАД директоры Балжан ДОСМҰХАМБЕТОВА төрағалық етті.
БИЗНЕСМЕНДЕР КАЛОРИФЕРГЕ КӨШУДЕ
«Атырау жылу жүйелері» АҚ президенті Нұрадин ШАМШАТОВ 2012 жылға жоспарланған бағдарламаның барлық тармақтары орындалғанын мәлімдеді. Басты мақсат – орталықтан бастап Говоров көшесінің бойымен СМП-136-ға дейінгі учаскенің өткізу мүмкіндігін арттыру. Ол үшін диаметрі 273, 325, 426 мм тұрбаларды 530 мм-іне ауыстыру керек. Бұл Привокзальныйдағы жылу қосындарының магистральды жылыту жүйелерінің гидравликалық режімдерін жақсартуға мүмкіндік береді. Осы жұмыс 2012-2014 жылдары үш кезеңмен орындалуы тиіс. 2012 жыл бағдарламасы, Шамшатовтың айтуынша, толығымен орындалған.
Бұдан басқа, орталық көпір тіреулерінде қосымша екі жылу құбыры жүргізілген. Өйткені, қаланың оң жақ жағалауындағы қарқынды құрылысқа байланысты көпір тіреулеріндегі магистральды желілердің өткізу мүмкіндіктері өз қорын 2005 жылы-ақ сарқыған. Соның салдарынан оң жақ жағалаудағы жаңа нысандар орталық жылумен қамту жүйесіне қосылмады. Ал жаңа жылу құбырларын жүргізу оң жақ жағалаудағы жаңа нысандарды қосуға мүмкіндік берді.
Инвестициялық бағдарламаны орындау нәтижесінде 2012 жылдың қорытындысы бойынша жылу жүйелеріндегі шығындар 227,5 мың Гкалды немесе ЖЭО коллекторларынан жіберілген жылудың 27,8%-ын (2011 жылы – 294,3 мың Гкал немесе 32,4%) құрады.
Шығындар туралы сұрақтарға жауап бере отырып, Шамшатов мырза көптеген тұрғын үйлердің жертөле желілерінде жылу изоляциясы жоқ екендігін, бұл фактіні терможаңғырту бағдарламасы бойынша жұмыс жоспарын жасау кезінде міндетті түрде ескеру керектігін атап өтті.
«Атырау ЖЭО» АҚ президенті Мұхамбетқали ҚАЛИЕВ те 2012 жыл ішіндегі инвестициялық бағдарламаның толықтай көлемде орындалғандығын растады. Алайда қатысушылар бұл оптимизмді бөліспеді.
ПИК-тер қауымдастығы төрағасының орынбасары Гүлнәр САЛИХОВА жоғарғы тариф салдарынан кәсіпкерлердің көбі батареяларын кестіріп тастап, жылу берушілер қызметінен бас тартып отырғанын хабарлады. Оны қалалық Кәсіпкерлер одағының жетекшісі Серік НӘЖІКЕНОВ қолдады:
– Есепшоттарға қарасақ, тариф 76 пайызға емес, 136 пайызға өскен. Қарашада суық түсе бастайды да, осы кәсіпкерлердің барлығы электрлік жылытқыштарды қосуға мәжбүр болады. Облысты жаппай күйреу күтіп тұр.
М. Қалиев тарифтерге берілген мұндай бағалауды «орынсыз» деп атап, бірақ қазіргі уақытта проблеманы шешу жолдары қарастырылып жатқанын айтты.
ПИК МҮЛІГІ ТУРАЛЫ
«Атырау-Жарық» АҚ электр энергиясын тарату көлемін 2009 жылғы 1 241 050 мың кВт/сағаттан 2012 жылы 1 386 036 мың кВт/сағатқа дейін көбейтті (11,7%-ға өсті).
– 2010-2012 жылдары «Атырау-Жарық» АҚ нормативтен тыс (коммерциялық) шығындарды толықтай жойып, нормативтік шығындарды азайтты, - деп мәлімдеді АҚ вице-президенті Серік ТҰРДАЛИЕВ. Бұдан басқа, кәсіпорын трансформаторлық қосындардың апатты ғимараттарын бұзып, ескі жабдықтарды ауыстырып, жаңасын салды.
ПИК қауымдастығының өкілі энергішілердің бөгде біреудің иелігіне басып кіріп, подъездердегі желілерді қиып тастап, осылайша ПИК-ке тиесілі мүлікті неліктен бүлдіретіндігін сұрады. Осы жерде Тұрдалиев мырза шабуылға көшті.
– Әрбір қалқанда заманауи коммуникация-лық аппаратура орнатылуы тиіс. Ол борышкерлерді мекен-жайы бойынша ажыратып тастауға мүмкіндік береді. Ал сіздердегі қалқандар, алба-жұлбасы шығып, айқара ашық жатады. Мұны мүлік деп атауға бола ма?
Бұл айтысқа «Атырау-Жарық» АҚ президенті Айвар РАХМАНОВ араласып, нәтижесінде тараптар келісімге келіп, борышкерлердің желілерін кесу жөніндегі акцияларды энергішілер ПИК-тің келісімімен өткізетін болды.
Зульфия ИСКАЛИЕВА