12 сәуірде бір топ мүгедектер жеке көмекшілерінің жалақысын төмендетуге ашық наразылық акциясына шыққан еді («Мүгедектер мүддесін кім қорғайды?» мақаласын қараңыз). 4 күннен кейін билік тарапынан «жауап сапары» ұйымдастырылды: арнайы мекемелерден жиналған шенеуніктер тобы оларды мүгедектерге арналған оңалту орталығына кездесуге шақырды. Келіссөздер басталмай жатып, үзілуге шақ қалды.
«МАҒАН «КЕТ» ДЕП АЙҚАЙЛАДЫ»
Кездесу барысы кей жағдайларда бейбіт әңгімелесу шеңберінен шығып кетіп отырды. Сондықтан да әріден ойлайтын бастықтар кездесуге орынбасарларын жіберіпті. Қозғала алмайтын, жартылай көрмейтін және мүлдем зағип жандар бүгінгі қиыншылықтарының басты кінәлі тұлғасы деп есептейтін қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Нұрлы ХАБИЕВАНЫ көргілері келді, алайда бұл негізгі соққыны орынбасар Қатима ЕСҚАЛИЕВА өзіне қабылдады. Дәл осылайша бағдарламада жарияланған Атырау облысы бойынша жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Клара МҰҚАШКЕРЕЕВАНЫҢ орнына орынбасары Бақытжан МҰХАМБЕТОВ келді. Ол бұл лауазымды орынға екі апта бұрын отырған екен және пікірталасқа түсуден бас тартты. Еңбек және әлеуметтік қорғау департаментінің өкілі Эмелия ГРЕЧАНИК те кездесу барысында еш нәрсе айтқан жоқ. Жайқағар рөлін белгілі әлеуметтік құқықтық кеңес беру ардагері Төлеген Законұлы ИЩАНОВ атқарды. Алайда ол жай сөйледі, залда дыбыс ұлғайтқыш жоқ болатын, заңдар мен ережелерге қарсы уәждер айтты, ал адамдар нақты дәл жауап алғылары келді және өз наразылықтарын білдіре бастады...
Зал ішіндегі текетірес ширыға түсті, жағымсыз ақпараттар төгіліп жатты. «Бөлінбей» қалған, мүгедектердің пікірінше, ұрланған қаражаттар жөнінде де әңгімелер көтерілді.
Бұларға «қонақтар» тарапынан ешкім жауап бере алмады. Сондай-ақ, түсініксіз жеке көмекшілер еңбегін саралап төлеу жүйесі бойынша сұрақтар да жауапсыз қалды. Мүгедектердің айтуынша, 2006 жылы бұл төлем ай сайын 12 мың теңгені құрап отырды, содан кейін ол 9 мыңға төмендеп, кейіннен 6 мыңға, 2011 жылы, тіпті, 3 мыңға дейін азайды және әр айда әр түрлі белгіленіп жүр. Алайда 2008 жылы шыққан сәйкесінше қаулыда төлемдер «әлеуметтік жұмыстар бойынша маманның жалақысы мөлшері есебімен, азаматтық қызметшілердің, мемлекеттік бюджет құралдары есебінен қамтамасыз етілетін ұйымдар, қазынашылық кәсіпорындар қызметкерлерінің еңбек төлемі жүйесіне сәйкес сағатпен, алайда күніне 8 сағаттан артық емес уақытпен белгіленеді». Яғни, жыл ішінде болса да, белгілі бір тұрақтылық болу керек деген сөз. Кейбір мүгедектер 2012 жылы жеке көмекшілердің (бұлар, негізінен, мүмкіндіктері шектелген адамдардың отбасы мүшелері) еңбегі кенеттен айына 25 мың теңге болғаны сияқты көмектерге қолдарын бір сілтеді. Жеке көмекшінің арнайы әлеуметтік қызметтерін сатып алу конкурсын жеңіп алған «Мүгедек әлемі» ҚБ әлі күнге дейін төлем жүргізіп келе жатыр.
- Қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі бізге осы қызметті алушылардың тізімін берді, біз бірлесе отырып жылдық төлем мөлшерін белгіледік, -дейді «Мүгедек әлемі» ҚБ-нің төрағасы Күлбаршын НҰРЖІГІТОВА. – Астана мен Қарағандыда 30 мың теңге, Алматыда 35 мың теңге төлейді. Біз мәслихат бекіткен 30 миллион теңгені тізімде көрсетілген мүгедектер санына бөлдік, ай сайын әр қайсысына 25 250 теңгеден шықты. Жеке көмекшілер жалақысының өскенін білген адамдар бізге жеке оңалту бағдарламаларымен (ЖОБ) хабарласа бастады. Бұрын кейбіреулер еңбекке тұрмайды деп табель толтыруды тастаған болатын, ал енді, жағдай өзгерді. Нәтижесінде біздер қалалық бөлім берген тізімнен тыс 14 мүгедекке ақша бөлдік. Алайда біз қалалық әлеуметтік қорғау бөлімімен келісе жұмыс жасап, адамдардың қолында ЖОБ-тары болғандықтан ақша бердік. Қаражат жетпей қалды. Жанжал осыдан басталды. Наурызда Нұрлы Хабиева тексеру ұйымдастырып, оның қорытындысы бойынша адамдарды кабинетіне жинап, бұл ақшаларды «артық төлеу» деп атады және оларды бюджетке қайтаруды талап етті. Қайтарылмаған жағдайда оларды биылғы жылғы төлемдерден ұстаймын деп қорқытты. Сондай-ақ, ол қосымша табыстары, яғни басқа жұмыстары бар жеке көмекшілерді де айыптады. Басшы оларды өз деректер қорынан анықтаған екен.
- Олардың бұған құқы бар ма?
- Қолданыстағы қаулыда бұл туралы айтылмаған.
Бұл әңгімені сол наурыздағы кездесуге қатысқан мүгедектер мен оның туыстары да растайды:
- Ол дөрекі түрде бір мүгедектен 28 мың теңгені қайтаруды талап етті, - дейді Мампаси НҰРМАШЕВА. – Ол ақша көмекшіге төленіп кетті ғой, енді оны қайдан алады деп ескерту жасап едім – ол маған «кет» деп айқай салды.
СӘУІР МАНИФЕСТІ
Мүгедектердің, сол сияқты, арнайы әлеуметтік қызметтерді сатып алу конкурстарын өткізу мерзімдері бойынша да үлкен келіспеушіліктері бар екен. Өткен жылы қаражат «Мүгедек әлемі» шотына тек қыркүйекте ғана келіп түскен. Жеке көмекшілер еңбегін төлеуді кешіктіру 9 айды құраған. Биыл конкурс әлі өткізілген жоқ.
Наразылық акциясының бастамашысы – І топ мүгедегі Яда ҚАБАҚАНОВА (суретте):
- Маған жеке көмекшіні алуға алғаш рет 2009 жылы рұқсат берді. Көмекшім етіп қызымды алдым. Есімде, ол өз жұмысы үшін тек бір рет қана 8,5 мың алды. Келесі айда жалақысы 3,5 мың теңгені құрады. Ешқандай негіздеме де, түсіндіру жұмыстарын да көрсетпеді, бізбен тіптен сөйлеспеді де, бізге жай ғана, алғыларың келсе, алыңдар, алмасаңдар, өздерің біліңдер дегенді білдірді. Осыдан кейін біз осы намысымызға тиетін күн санап, табель толтырудан, әр жерге мөр соққызудан бас тарттық. Түсінесіздер ме, мен көмекшіммен бірге шаштаразға, дүкенге, спорт залына, әкімдікке, заңгерге барғанымды растау үшін осы табельді толтырып, барған жерімізден мөр соқтыруымыз керек. Ал қызмет көрсету саласында кім саған мөр соғып отырады? Неге екенін білмеймін, барлығы осы талаптардан қорқып, қызмет көрсетуден бас тартады (бірнеше мүгедектер осы қызметтер үшін пара бергендерін де айтты – мөрмен белгі соғу бір қорап кәмпит немесе 500 теңге тұрады. – З.Б.).
Осы кездесуде Яда қалалық билік рұқсат бермеген Исатай-Махамбет алаңындағы мүгедектер митингісінде айтылуы керек болған талаптарды мүгедектер атынан жариялады:
1. Жеке көмекшілер лайықты төлеммен қамтамасыз етілсін. Уақыт есептеу табельдерін ұсыну алынып тасталсын.
2. Мүгедектер үшін коммуналдық төлемдер төмендетілсін немесе жеңілдіктер енгізілсін.
3. Арбамен қозғалушыларға арнайы курорттық-шипажайлық емдеу ұйымдастырылсын.
4. Алдағы жылға арнайы әлеуметтік қызметтерді сатып алу конкурстары ағымдағы жылдың аяғына дейін жүргізілсін.
Кездесу соңында қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысының орынбасары Қатима Есқалиева барлық шағымдар мен талаптарды қағазға түсіріп, қол қойып, бөлімге жіберуді сұрады.
- Тек осындай жағдайда ғана біз салалық министрлікке қолданыстағы нормаларға өзгерістер енгізуге ұсыныс жасай аламыз.
Есқалиева, сондай-ақ, ағымдағы жылдың соңына дейін жұмыс уақытын есептеу табелін орындалған жұмыс актісіне ауыстыру мәселесі шешімін табатынын айтты. Бұл мүгедектерді жер қылып жүрген табель толтыру мен мөр басу міндеттіліктерінен құтқарады:
-Бұл өзге өңірлерлердің тәжірибесінде бар. Атап айтсақ, Алматыда бірнеше жылдан бері жеке көмекшілер орындалған жұмыс акті бойынша жалақыларын алып жүр.
Сең қозғалған секілді. Алайда өткен жылдардағы тұрақсыз төлемдер туралы сұрақтар ақыры жауабын таба алмай кетті.
Зульфия БАЙНЕКЕЕВА
Суреттерді түсірген автор