Атырау, 9 қараша 01:10
 бұлттыВ Атырау +1
$ 491.71
€ 529.97
₽ 5.05

Қоянның қалжасынан түңілме

11 499 просмотра

Шынымды айтсам, онымен кездесу оңайға соқпады. Телефон арқылы ол маған сұсты әрі тығыз жұмыс кестесінен ең болмағанда жарты сағат бөлгісі келмейтіндей көрінді. Алайда шағын ғана үй іргесіндегі учаскенің қақпасы ашылған кезде Анатолий Борисович ЕМУРАНОВТЫҢ мүлдем басқа жан екенін түсіндім. Ал «жарты сағатқа» жоспарланған кездесу ұзаққа созылды.

АСЫЛДАНДЫРУ ЖЕМІСІ

Он жылдан бері Анатолий Борисович алып қояндар өсірумен айналысады. Егер кәдуілгі ересек қояндардың салмағы 1,5-2 келі болса, оның өсіретін үй қояндарын кішкентай дей алмайсың. Аналық қоянның орташа салмағы – сегіз келі, аталығының салмағы – 12 келіге дейін тартады..

Жүріңіз, қазір бәрін көрсетемін, - деп, Анатолий Борисович қоян қораға шақырды. – Осы жерде менің он жылдық еңбегімнің жемісі бар деуге болады.

Торлы есіктердің арасынан маған ондаған үй қояндары телміре қарап тұрды.

Анатолий Борисович қояндарын Ресейдің, Белоруссияның, Қазақстанның басқа қалаларының жетекші шаруашылықтарына тапсырыс беріп алдырады екен. Содан кейін оларды өсірумен ғана айналыспайды, олардан жаңа тұқымдар шығарады.

Міне, мынау менің мақтанышым, – деді менің сұхбаттасушым нәзік шабдалы түстес үлкен үй қоянын шығарып көрсетіп. – Мен оны «сұр алыптың» екі түрімен – жирендеу-сұр және құрсағы ақшыл сұр қоянды будандастыру арқылы алдым. Нәтижесінде осы жаратылыс дүниеге келді.

Өзінің «жиренін» қара аналықпен будандастырған Анатолий Борисович анағұрлым қызықты нәтижеге – мұнар тартқан қаракүзен түсіне қол жеткізген. Айтпақшы, оның пікірінше, мұндай теріні қаракүзен терісінен айыру қиын екен. Менің назарымды қара дақтары бар үлкен ақ үй қояны өзіне аударып алды.

Бұл «алып көбелек» тұқымынан. Біз оны Путешественница деп атап кеттік. Бұл - ересек ұрғашы қоян. Оған үлкен жауапкершілік – құрсақ көтеру, туу және қоректендіру миссиялары жүктелген. Путешественница өзін тамаша ана ретінде көрсете білді. Одан туған көжектердің 100 пайызы өміршең боп келеді, - деді мақтанышпен Анатолий Борисович. –Өзі сондай зерек. Біз үй салған кезде, ол баспалдақпен екінші қабатқа көтеріліп, содан соң кері түсетін. Бір күні көжектерін алып келді, мен қарағым келген, бірақ ұя ішінен анық көре алмадым. Содан соң басқа қояндар тұрған торларға алаңдап кеткен едім. Путешественницаға кері келсем, ұясы шашылып қалған, көжектердің бәрі көрмеге қойылғандай қаздай тізіліп тұр. Біз қарап шығып, анасын мақтап қойдық. Ал содан кейін Путешественница қайтадан ұясын жинап, оған қайтадан көжектерін салып қойды. 

Путешественница туралы әңгімелеп тұрған кезде оның тамағының астындағы ұйысқан жүнді байқадым.

Ана болуға дайындалып жүрген кезде, көжектері үшін жылы әрі жайлы ұя жасау үшін өзі осы жүнді жұлады. Егер бұл жердегі жүндер жетпесе, құрсағындағы жүндерін жұла бастайды, - деді Анатолий Борисович менің осы сұрақты қойғым келгенін байқап.

 

КӨЖЕКХАНА

Екі-үш күн бұрын дүниеге келген көжектер жайғасқан орынжайға мені кіргізбеді.

– Алғашқы күндері аналықтар өте мазасыз болады. Күйгелектеніп, тордың ішінде ерсілі-қарсылы жүгіріп, көжектерін басып-жаншып кетуі мүмкін, - деп түсіндірді маған қояндар перзентханасы секілді жарақталған көлікжайға шақырып. – Қояндар – мысық емес, сіз солай деп жазыңыз. Әйтпесе, кейбіреулер қояндарды бір торға қамаса, олар балалап, көбейеді деп ойлайды. Бұл оңай емес, тіпті қиын дер едім.

Сөйтсек, ұрықтанып, ұрпағын көтеру үшін, аналық қояндарға белгілі бір температура керек екен. Жазда, ыстық кезде, мәселен, олар көжектемейді. Бірақ Анатолий  Борисовичте олай емес.

Емурановтың айтуынша, қырсық қояндар да, әр нәрсеге әуес қояндар да болады екен:             – Бірақ олардың бәрі де қожайындарына бауыр басқыш келеді. Менде Степан деген үй қояны бар. Оның Данила деген туған бауыры болған еді. Бірде қоян өсіруші бір танысым Даниланы сұраған болатын. Төрт күннен кейін жаңа қожайынына қоңырау шалсам, ол: «Өліп қалды. Әкелген бойда торға салдым, сол күйінде тапжылмастан орнынан қозғалмады. Ештеңе ішпестен, ештеңе жеместен, құса боп өлді» деді. Міне, сондай болады.

Мен олар үшін қолайлы жағдай жасадым. Олар жыл бойына мені жаңа туған көжектермен қуантады, - дейді қоян өсіруші.

Осы жерде, тыныштықта, кең торлардың ішіне анасы мен көжектері жайғасыпты. Әрқайсысында орташа алғанда денелі тоғыз көжектен бар.

Денелі сау көжектерді дүниеге әкелу үшін белгілі бір аналықты қандай аталықпен будандастыруға болатынын білу керек. Мен қан араласып кетпес үшін үнемі қадағалап, аталықтарын үнемі жаңартып отырамын, - деп құпиясымен бөлістіАнатолий Борисович.

Ол қояндардың қорегіне зор мән береді екен. Алып қояндардың ас қорыту жүйесі өте осал көрінеді. Дұрыс қоректенбеу іштің кебуіне, семіруге соқтыруы мүмкін.

– Іші кепсе, мәселен, қоян өліп қалуы мүмкін. Ал салмағы артық аналық ұрпақ әкелмейді. Қыста оларды буланған күнжарамен, жазда арпамен қоректендіремін. Азығында шөп, бұтақшалар, алма, сәбіз, күзде және көктемде дәрумен кешені міндетті түрде болу керек. Дәрумендер – саңырауқұлақша қаптап өсу үшін емес, теңдестірілген қорек үшін ғана қажет, - деп жалғастырды ол.

 

АРМАНҒА ҚОЛ СОЗЫМ ЖЕР

Екінші қоян қорада жас қояндар тұрады. Бұл жерде сұр, сұр-жирен және ақ альбиностар жиналған. Олардың бәрі болашақ фермерлік шаруашылық қорын құрайды. Ол ұзақ есептеп, жоспарлап, ақыры өз арманына қол созым жерге жақындаған.

Күні кеше ғана Анатолий Борисович Сарыөзек ауданынан екі гектар жер алыпты.

Жерді жыртып тастадым, су құбырын жүргізетін боламын. Учаскенің жартысына өз азығымыз болу үшін жоңышқа, қалақай, жералмұрт, сәбіз сеуіп тастамақшымын. Ал екінші жартысында қоян күркелерді орналастырамын. Құдай бұйыртса, екі жыл ішінде үй қояндарының санын 1000-ға дейін жеткізуді жоспарлап отырмын. Бұл қала базарларына диеталық қоян еті саудасымен шығуға мүмкіндік береді. Қоян терісі де сұранысқа ие болады деп ойлаймын. 

Дегенмен, оны сатып алушылар бүгін де бар екен.

– Негізінен, олар онкологиялық, асқазан-ішек жолдары, бауырлары мен бүйректері ауыратын науқастар. Туберкулезді емдеу кезінде қолданылатын қоян майы да үлкен сұранысқа ие. Ал көбінесе қара сиқыршылар деп аталатын экстрасенстер хабарласып, қара үй қояндары үшін қомақты ақша ұсынады. Бірақ мен олардың ұсыныстарынан бас тартамын. Өйткені олар өз жоралғылары үшін қанын ғана ағызып алады да, етін лақтырып тастайды.

– Қояндарды қандай мақсатпен өсіріп жатқаныңызды әуел бастан білетін болсаңыз, қоянды союға қалай қарайсыз?

– Иә, бұл табиғи нәрсе ғой. Бірақ өзім соймаймын, таныстарыма өтініш жасаймын. Өзімнің қолым бармайды...

Тамара СУХОМЛИНОВА

Суретті түсірген автор

18 сәуір 2013, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.