Атыраудан Алматыға ұшақ бортына ұлттық аспаптарын алып өтпек болған өнерпаздарды SCAT әуе компаниясының қызметкерлері өткізбегені туралы бейнежазба әлеуметтік желіге лезде тарады. Әуе компаниясы қызметкерлері аспаптарды тек багажға тапсыру керектігін, ал салондағы орын үшін бөлек төлеу қажеттігін айтып, жолаушылар салонында тасымалдауға рұқсат бермеген. Мұның соңы жанжалға ұласты.
Жолаушылардың бірі «Алатау» дәстүрлі өнер театрының әртісі Лаура МЫРЗАХМЕТОВАНЫҢ сөзінше, авиакомпания қызметкерлері ұшаққа жүктерді тіркеу кезінде укулелені өткізіп, домбыра, қобыз, шертерді бортқа алып кіруге рұқсат бермеген.
- Біз Атырауға Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, көрнекті режиссер Чапай Зұлқаш атындағы бірінші республикалық режиссерлар мен сценографтардың фестиваль-форумына келген едік. Келерде де дәл осы авиакомпаниямен келдік. Алматы әуежайында бізді аспаптармен бортқа кедергісіз өткізді. Ал қайтар уақытта осындай мәселеге тап болдық. Бір әуе компаниясының ережесі әр түрлі болғаны ма, сонда? Гаваялық гитара укулелені өткізіп, қазақтың аспаптарын өткізбегені біздің намысымызға тиді. Қарап тұрсаң укулеле мен шертердің пішінінде айырмашылық жоқ, - дейді Л.Мырзахметова.
Өнер қызметкерлері қанша гастрольдік сапарларда жүрсе де осындай жағдаймен бірінші рет кездесіп тұрғанын айтады.
- Аспаптарды бортқа алып жүру үшін оған бөлек орын алуымыз керек екен. Содан біз өзіміздің басшылықпен сөйлесіп, олар аспаптарды жеткізудің басқа жолын қарайтынын айтты. Ақырында аспаптарды Атырауға тастап кетуге мәжбүр болдық. Себебі бұған дейін багажға тапсырамыз деп сындырып алған кездер болды, - дейді олар.
Бұл тек Атырау әуежайында ғана кездесетін жағдай емес:
- Менің әріптестерім мұндай жағдаймен жиі кездеседі. Алматы, Астана қалаларында, тіпті шетелде де еш кедергісіз өтсе, Қазақстанның басқа аймақтарында осындай жағдайларға тап болып жатады, - Л.Мырзахметова.
Жағдайға байланысты SCAT әуе компаниясының баспасөз хатшысы Виктория СТАРОЖИЛОВА түсінік берді:
- Бұл аспаптарды қол жүгі ретінде тасымалдау мүмкін емес. Өйткені аспаптардың өлшемі бортқа алып жүруге рұқсат етілген 30х40х90 см өлшемінен асып кеткен. Сондықтан жолаушылар 100% көлемінде қосымша орынның билетін төлеуі тиіс еді.
Атырау әуежайында бұған дейін де мұндай жағдайлар кезіккен.
Х.Досмұхамедов атындағы АМУ көптілді факультетінің деканы Айгүл СҰЛТАНГУБИЕВА:
- 23 сәуірде Атыраудан SCAT әуе компаниясы арқылы Стамбулға, әрі қарай Канадаға ұшуым керек болды. Өзімізбен бірге құнды ұлттық аспабымыз домбыраны алып бара жатқан едік. Алайда Атырау әуежайында SCAT авикомпаниясының өкілі 1 келі 200 грамм тартатын домбыраны багажға тапсыруымызды өтініп, оған 31895 теңге төлеткізді. Егер біз өзіміз ұлттық құндылығымызға немқұрайлы қарайтын болсақ, онда басқа елден не сұраймыз? Ары қарай Стамбул-Франкфуртқа ұшу үшін регистрацияда жүгімізді тапсырарда, біздің домбырамызды қолымызға алып кетуімізге болатынын айтты, ешқандай ақша да төлетпеді. Ұшаққа кірген бойда бортсерік қолымыздағы домбырамызды алып қауіпсіз жерге қойып қойды, одан әрі Франкфурт-Торонто, Торонто-Ванкувер де осындай қолайлы жағдай қайталанды. Сол кезде өз елімізде ешқандай ұлттық аспабымызға деген құрметтің болмағаны есімізге түсіп, іштей қатты қынжылдық.
Бұл проблема республикалық деңгейде қозғалған. Ұшақта қазақтың ұлттық аспаптарын алып жүруді шектеу жақында мәжілісте де көтеріліп, депутат Ринат ЗАЙЫТОВ Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министріне: «Қазір әуе компанияларында қазақтың ұлттық аспаптарына қарсылығы жоспарланғандай жүріп жатқан сияқты. Домбыра – тек ағаштан жасалатын аспап, құрамында металл жоқ. Яғни ешқандай зияны жоқ аспап. Бұл мәселе бойынша әуе компанияларына дұғай-дұғай сәлем айтыңыз. Осы мәселені шешіп беріңіздер», – деп мәлімдеген болатын.
Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ
Бейнежазба әлеуметтік желіден алынды