Атырау, 12 желтоқсан 20:07
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +2
$ 516.93
€ 542.52
₽ 4.98

Қышқыл лимоннан тәтті алма артық

2 870 просмотра

Бұл мақалаға «оқыту әдістемесі деген не?»деп бастаған қызымның әңгімесі түрткі болды.

КӨЗДЕГІ ҰШҚЫН

Осы сөзді қиыстырып айтқан 7 жасар қызыма таң қала қарап алып, бұл терминнің мағынасын оған түсінікті тілде түсіндірмек болған едім. Сол кезде ол қайтадан:

– Ал Наталья Серікқызы бізге жаңа әдістеме енгізуде. Енді біздің партамыз айналдыра қойылған. Жауап берген кезде біз жасыл, көк немесе сары шеңберлерді көтеретін болдық. Біз бір бірімізге баға қоямыз, ал соңында, егер сабақ ұнаса, стикерді тәтті алмаға, ал ұнамаса, лимон ағашына жапсырамыз. Сосын бізде интерактивті тақта болады. Сондай қызық! – деді қызым көздері ұшқын атып.

Мен әдетте оның мектептегі әңгімелерін: Сашаның тіл тигізгенін немесе Кристинаның сабақта ойыншықпен ойнағанын немесе басқа да күнделікті мектептегі хикаяларын жарым-жартылай тыңдайтынмын. Бірақ осы жері маған да қызықты көрінді.

Жақында қызымның мұғалімін үш айға Атыраудағы мұғалімдер білімін жетілдіру институтына (МБЖИ) біліктілігін көтеруге жіберген болатын. Ата-аналар жағы шүбәланып: Наталья Серікқызы, сізді ол жерде жаңа ештеңеге үйрете қоймас, сіз онсыз да педагог боп жаралған жансыз ғой дескен еді. Дегенмен де, жаңа нәрсе үйреткен екен. Теориялық білім алған бір айы өткеннен кейін Наталья Серікқызы Кембридждің оқу жүйесі бойынша оқыту әдістемесін тәжірибе жүзінде байқап көруге өз сыныбына оралған еді. Содан соң мектепте бір ай тәжірибе жүргізгеннен кейін тағы да МБЖИ-ге оқуын жалғастыруға барады. Курсты аяқтағаннан кейін Кембридж Университетінің сертификатын алу үшін емтихан тапсырады.

Көптеген таныстарымның «балалардың оқуға деген қызығушылықтары жоғалып кеткен» деп айтатын шағымдары есіме түсті. Балалардың оқуға, білім алуға деген ынтасын қалай оятуға болады деген сұрақтың жауабын ата-аналар да, мұғалімдер де таба алмайтын. Енді келіп, жалықтырып жіберген «әдістеме» деген сөз бірінші сынып оқушысының кәдімгідей қызығушылығын тудырыпты. Бұл қалай жасалып жатыр екен?

 

СЫНЫПТАҒЫ СЕРІКТЕСТІК

Осындай оймен Атырау мұғалімдер білімін жетілдіру институтына бардым. Ол жердегілер мені бірден Кембридж Университетінің оқытушысы, доктор ДЖЕНГОМЕН (суретте) таныстырды. Джозеф Майкл Дженго – математика ғылымдарының кандидаты, 10 жылдан астам уақыттан бері өз елінде және шетелде педагогтардың біліктіліктерін көтерумен айналысып келеді екен. Ол қысқаша ғана осы оқыту әдістемесінің төркінін түсіндіріп берді:

– Бұл «Назарбаев Зияткерлік Мектептері» дербес білім беру ұйымының педагогикалық шеберлік орталығы мен Кембридж Университетінің орта білім беру саласындағы үздік қазақстандық және халықаралық тәжірибені қолданатын біріккен жобасы. Балаларымыздың шығармашыл, дербес пікірі бар, кез-келген уақытта тез шешім қабылдай алатын, жаңа заман талаптарына жауап бере алатындай болуын қалаймыз ғой.

Бұл - сыныптағы әр баланың қабілетін мейлінше аша алатын, ойындағысын айтуға мүмкіндік беретін әдістеме.

Ал оқушылардың мұғалімге қоятын «бағалары» ше… Өте шектен шығып кеткен жоқпыз ба?

- Бұл жерде оқушы мен мұғалімнің қарым-қатынасы түбегейлі өзгереді. Мұны серіктестік қарым-қатынас деуге болады. Мұғалім – дайын жауаптарды беретін шүбәсіз беделді адам емес, сұрақтарға жауап іздеуге көмектесетін аға серіктес. Оқушы мектепке қуана барып, сабақты қуана оқуы тиіс. Мұндай атмосфераны тек мұғалім ғана ұйымдастыра алады.

 

«МЕН ӨЗГЕРДІМ»

– Бала бәсекеге қабілетті, дербес бола ала ма? Ол еңбек нарығынан өзін таба ала ма және іздейді ме? Ол өз отбасын құрып, өмірін лайықты деңгейде қамтамасыз ете ала ма? Ол бақытты бола ала ма? Міне, бұл әдістеме осы сұрақтарға жауап табуды алдына мәселе етіп қойып отыр, –дейді МБЖИ директорының орынбасары Алтыншаш ТӘЖІҒАЛИЕВА.

Ал жаңа әдістеме бойынша оқыған мұғалімдердің пікірі мынадай. Инновациялық оқу орталығының меңгерушісі Светлана ХАЙРУЛЛИНА:

– Өз жұмысыма деген қарым-қатынасым түбегейлі өзгерді. Мен өзімнің мұғалімдік мамандығыма деген құрмет пен сүйіспеншілікке қайта бөлендім. 

Информатика пәнінің мұғалімі Әсел ТАЛБАЕВА:

– Бәрі менің жақсы жағынан өзгергенімді айтып жүр. Анағұрлым көпшіл, басқаларға көп ренжімейтін болдым және сындарлы сынды жеңіл қабылдайтын болдым. Жан сарайымның ашылғанын сезініп, жиі күлімсірейтін болғанмын. Ал бұл мұғалім үшін өте маңызды.

Әлеуметтік зерттеулер орташа статистикалық баланың мектепте аптасына он минуттан артық сөйлемейтінін көрсетіп отыр. Өзін қалыптастыру үшін бұл аз уақыт. Ал егер мектеп мұғаліммен бірге түрлі тақырыпта пікір таластырып, талқыға салуға болатын орынға айналса, бұл керемет болар еді.

…Курстағы оқытушылар бүгінгі оқушыларды, мәселен, компьютерлік білімі бойынша қуып жеткісі келетіндей әсер қалдырды. Әсіресе, жаттықтырушы «Гиперсілтеме деген не?» деген тақырыпты айтқан кезде солай көрінді. Кейбір мұғалімдердің әзірге кейбір компьютерлік бағдарламалардың атауын әрең айтатыны ештеңе етпейді. Бастысы жол салынды.

Зинат ОРЫНБАСАРОВА

Суретті түсірген автор

18 сәуір 2013, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.