– Күйеуім екеуміз ажырасқалы жатырмыз. Бүкіл мүлік күйеуімнің атына ресімделген. Ол менің келісімімсіз пәтерді немесе көлікті сатып жібере ме деп алаңдаймын. Өйткені келісімшарт жасау кезінде нотариустың отбасылық жағдайы туралы сұрағына ол ешкіммен некеде жоқпын деп жауап беруі мүмкін ғой. Нотариустар келісімшарттар жасағанда ерлі-зайыптылардың бірінің келісімі қажет болса, азаматтардың отбасылық жағдайын қалай тексере алады?
Телефон арқылы
Сұраққа Атырау облыстық нотариалдық палатасының төрайымы Гүлнәр МАСАТОВА жауап берді:
– Қазіргі кезде барлық нотариустар Бірыңғай нотариалдық ақпараттық жүйесімен (БНАЖ) жұмыс істейді. БНАЖ арқылы нотариустарға «Жылжымайтын мүлік регистрі», «Заңды тұлғалар», «Жеке тұлғалар» және «АХАЖ» әділет органдарының дерекқорларына кіру мүмкіндігі ұсынылған. БНАЖ-ды қолдану нотариусқа жеке, заңды тұлғалар туралы, олардың жылжымайтын мүліктері туралы, сонымен қатар жер учаскелері туралы нақты және өзекті ақпараттарды алуға, ұсынылатын құжаттардың дұрыстығын тексеруге мүмкіндік береді.
Жылжымайтын мүлікпен келісімді куәландыру кезінде нотариус онлайн-режимде сатылатын мүлікте және оның меншік иесінде ауыртпалықтың бар-жоғын тексере алады, сатушының отбасылық жағдайын немесе нотариалдық іс-әрекеттер кезінде қажетті басқа мәселелерді анықтай алады. БНАЖ-ды қолдану жалған, жарамсыз немесе бөгде құжаттардың көмегімен алаяқтық әрекеттер жасау мүмкіндігін азайтады. Сондықтан, қалай еткенде де нотариус белгілі бір келісімді куәландырмас бұрын тараптар ұсынған барлық мәліметтерді тексереді.
Оқырман шынымен де нотариалдық палатаға оның келісімінсіз белгілі бір мүлікке ешқандай келісім жүргізбеу туралы өтініш жаза алады. Осындай өтініштің бар екендігі туралы барлық нотариустар хабардар болады. Алайда мұндай өтініштер тек 10 күнге ғана жарамды. Азаматша мүлік бөлісу туралы өтінішпен сотқа жүгінуі қажет. Мүлікке тыйым салу үшін сот қаулысы немесе ұйғарымы керек. Осы тыйым әрекет еткен мерзімде ешқандай мүліктік келісімдер мен операциялар мүмкін болмайды.