Атырау, 27 қараша 22:44
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +1
$ 498.55
€ 524.28
₽ 4.75

Психотропты препараттардың түрлері көбейген

Сурет
1 071 просмотра

«Трамадол» есірткі қатарына енгізілгенімен дәріханалық есірткіге жататын препараттардың өзге түрлері пайда болды. Нашақорлыққа және есірткі қылмысына қарсы іс-қимылға бағытталған қызметті үйлестіру жөніндегі өңірлік ведомствоаралық штаб отырысында мамандар күдікке ілінген адамның ағзасынан дәрілік есірткіні анықтау мүмкін болмай отырғанын жеткізді. Ол үшін синтетикалық есірткінің жаңа түрін анықтайтын заманауи құрылғы қажет.

Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлағандай, отырыста облыс әкімінің орынбасары Жасұлан БИСЕМБИЕВ сөз сөйледі. Ол, атап айтқанда, өңірдегі есірткі саудалаушылардың бірқатары қоғам белсенділерінің араласуымен анықталғанын атап өтті.

- Статистикаға сәйкес, өңірде есірткімен байланысты қылмыстар көбейген. Есірткі құралдары мен психотроптық заттардың түрлері күннен күнге көбеюде. Қазіргі таңда олардың саны 350-ден асты. Ата-аналармен бірлескен жиындар көп ұйымдастырылуы тиіс. Олар баланың синтетикалық есірткі пайдаланып жүргенін қалай анықтауға болатыны туралы толық ақпаратты білуі тиіс. Бұл ретте штаб мүшелері қоғамдық бақылауды күшейтіп, белсенділермен бірлесіп, проблемалық ахуалды ашық жеткізуі керек,- деді Ж.Бисембиев.

Облыстық Полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы бастығының орынбасары Роман ЕРМҰХАНОВ есірткімен күрес іс-шараларына кедергі болатын проблемалық ахуалдарды тізбектеді.

- Қолда бар зерттеу құралдары есірткінің барлық түрлерін айыра алмайды. Сондықтан, заманауи жаңа құрылғы қажет. Бұдан бөлек, сора шөбін өсіру алқаптарын анықтап, жоюға арналған «Қарасора-2023» жедел профилактикалық іс-шарасы кезеніңде дрон аппаратының қажеттілігі туындайды. Интернет арқылы жасалатын есірткі саудасымен тиімді күресу үшін ақпараттық технологиялар саласындағы мамандар жетіспейді,- деді Р.Ермұханов.

Ж.Бисембиев синтетиқалық есірткінің жаңа түрлерін анықтайтын заманауи құрылғыны алу кезек күттірмеуі қажет екенін айтты. Осыған орай облыстық бюджеттен қажетті қаржы қаралатынын жеткізді

Айта кетейік, жыл басынан бері есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы 45 қылмыстық құқық бұзушылықты анықтап, заңсыз айналымнан жалпы салмағы 5 келіге тартатын есірткі затын тәркілеген. Сондай-ақ, уытқұмарлық заттарын жарнамалайтын 15 сайт анықталып, бұғаттауға жолданған.

Дайындаған Ләззат ҚАРАЖАНОВА

Суреттерді ӨКҚ жолдады

9 маусым 2023, 16:24

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.