Атырау, 12 желтоқсан 19:02
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +2
$ 516.93
€ 542.52
₽ 4.98

Қасқыр ату жалғасуда

5 726 просмотра

Қызылқоға ауданындағы малшылар қасқырдан қатты жапа шегуде. Амал жоқ, шағылдың шөбі шүйгін болғанымен, малды жайылымға жібермей, қорада ұстап бағуға көшкен. Себебі, қасқырлардан қорқып отыр.

- Бірер күннен кейін келгеніңізде мені ауылдан таппай қалатын едіңіз. Қасқыр атуға шығайын деп дайындалып жатыр едім, - дейді Қызылқоға ауданы Тайсойған селосының тұрғыны Салауат БАЗАРҒАЛИЕВ (суретте).

Тайсойған селолық округінде 24 қыстақ бар. Шынымен де Салауат қырдағы қыстақтардың бірінен «жеті бірдей жабағыны қасқыр жеп кетті» деген хабар алып, мылтығы, қолшоқпары, пышағы, т. б. құралдары мен мініске пайдаланатын түйесін сайлап, жаңа сапардың қамына кірісіп кетіпті. Жапа шеккен шаруа Салауатты арнайы шақырып отырған көрінеді. Енді ауылдан өзіне серік болатын жас жігітті іздестіруде екен. 

- Адам таппай қалып, жалғыз өзіңізге түз тағысын аулау қиындық келтірмей ме?

Тайсойған селолық округінің әкімі Мақсот ИМАНАЛИЕВТЫҢ айтуынша, қасқырлар былтыр 40-қа жуық жабағыны жеп кеткен.      - Бұл бізге белгілісі ғана. Ал бұл сан бұдан да көп болуы мүмкін. Биыл да бірнеше жабағысынан айрылған малшылар тістерін қайрап отыр. Тек малмен күнелтіп отырған ауыл халқына бұл үлкен шығын, -дейді М. Иманалиев.                                                    - Ал сіздердің тараптарыңыздан түз тағысын аулауды ұйымдастыруға болмай ма? Әуесқой аңшылар көп емес пе?            - Аңшылыққа құлшынып шығатындар жоқтың қасы десе болады. Арасында Атыраудан көлік, мылтықтарымен мұздай қаруланған жігіттер келеді. Біз оған қуанып қаламыз. Міндетті түрде Салауат қасқырлар жүретін жерді білетін жол көрсетуші әрі ауылдың аңшысы ретінде барады.

- Бірер жас жігіт менімен шығуға құлшынып отыр еді, өзіме аңшылыққа қолайлысын қараймын ғой. Бұл сапар бір айға ұзайды деп отырмын. Сондықтан бәрін бүге-шүгесіне дейін ойластырмаса болмайды.Сәуірдің басы мен мамырдың ортасы - қасқырдың қаншығының күшіктейтін кезі. Бұл Салауат секілді аңшылар үшін қасқырдың көзін жоюдың қолайлы сәті. 1986 жылдан бері, яғни 30-ға жуық жылдан бері аңшылықпен айналысып келе жатқан Салауаттың сәуір айын қалт жібермей, асыға күтетіні сондықтан. Ол жылына 24-28 бөлтірікті олжалайды екен. Былтыр 15 қасқыр ұстаған. Ал биыл жыл басталғалы 4 қасқырды ғана атып үлгеріпті. Алдағы жорығында әлі де бірнеше түз тағысын жер жастандыратынына сенімді.

- Қанжығаға байланған бөлтіріктерді қайтесіз?

- Әр данасын, яғни қосымша құн салығын алып тастағанда 6,5 мың теңгеден тапсырамын.

- Қасқыр түлкіден бетер айлакер дейді ғой.

- Қасқыр– өте ақылды, айлакерде сезімтал дала тағысы дейді. Түйені мен неге таңдадым? Себебі, түйе аттан гөрі жайлы, жүрісі маңғаз, шаршамайсың. Мен жауынды күндері қасқырдың ізін кесемін. Дымқыл топыраққа із анық түседі. Әрі қасқырдың табан еті қатты, тырнағы өте жуантық келетіндіктен ізін айыру оңай. Табан ұзындығы9-13 смшамасындай болады. Бір аяғының ізін екінші аяғымен басып отырады, оны «шуама» десе, жаралы қасқыр сүйретпе із тастайды. Қасқыр тобын қаншығы бастап, соңында арланы жүреді.  Қанша қулыққа салса да, сол ізбен апанын тез табасың.

- Қасқырмен бетпе-бет келген сәтіңіз болды ма?

- Болды. Қасқырдың ең осал тұсы - тұмсығы. Себебі дәл тұмсықтан ұрғанда ғана қасқыр бірден есеңгіреп қалады.  

- Қорғансыз, кішкентай бөлтіріктерді өлтіру де қиын шығар?

- Басқа амал бар ма? Өйтпесең, қасқыр бұдан әрі қаулап кетеді. Қазір бұрынғыдай дала кезген киік жоқ, сосын малға шабады ғой. Бір апанда 10-12 бөлтіріктен болады. Бөлтіріктердің терісін сол жерде сыпырып алып, тұздап тастаймын. Өлексені сол жерге көмесің. Оларды ауылға әкелуге болмайды, себебі қасқырлар өшігіп, кек алуға артыңнан келеді.   

- Қасқыр атуға қансонарда шықпауыңыздың себебі неде?

- Қыста шығуға көлігім жоқ. Бірақ, бұрын қазақтар қыста түйемен жүріп те аулаған ғой. Ал көктем ортасы мамыр айына дейін созылатын аңшылық үшін, жалпы алыс жол жүруге жайлы шақ. Кейде далаға, болмаса қыстақтарға қонып, мамырдың ортасына дейін сапарлаймын. 

- Қасқыр - өшін алмай қоймайтын жыртқыш дейді...

- «Жауды аяған жаралы болады» деген. Бір жағынан бұл - сүйікті кәсібім, екіншіден, адамдарға деген өзімнің көмегімді тигізсем деген ниетім.

Бірде Салауат бөлтірікті қолға үйретпекші болған. Көзі суық әлгі бөлтірік өсе келе малға шапқасын атып тастауға тура келген. «Қасқырды қанша асырасаң да, орманға қарап ұлиды» деген халық нақылы осыдан шықса керек.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

Суретті түсірген автор

18 сәуір 2013, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.