Атырау, 23 қараша 17:44
 ашықВ Атырау 0
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Зейнеткерлер назарына

6 568 просмотра

Облыстық әкімдікте зейнетақы жүйесін жаңғыртуға арналған дөңгелек үстел өтті.

ҮШ ДЕҢГЕЙ

Егер Бірыңғай Жинақтаушы Зейнетақы Қоры (БЖЗҚ) туралы шешім қабылданып, Парламент Мәжілісіне жолданған болса, әзірге басқа мәселелер, атап айтқанда, зейнетақы жасын көбейту мәселелері әлі де талқылануда. 

Жаңғыртудың негізгі аспектілері туралыоблыстық еңбек және халықты әлеуметтік қорғау департаменті бастығының орынбасары Мәншүк ЛЕПЕСОВА әңгімеледі. Қазір елімізде көпдеңгейлі (базалық, міндетті және ерікті деңгейлер) зейнетақы жүйесі қолданыста. Базалық төлемдер жұмыс өтіліне, бұрынғы алған табыстарына қарамастан, барлық зейнеткерлерге тиесілі. Ол 9330 теңгеге (күнкөріс минимумының 50%-ына) тең. Міндетті деңгейде бюджеттен ынтымақты зейнетақылар, зейнетақы қорынан жинақтаушы зейнетақылар төленеді. Зейнетақының орташа мөлшері (базалық төлемді есептегенде) жыл басында 41 912 теңгені құрады. Азаматтардың 1998 жылға дейін жинақтаған еңбек өтілінің азаюына байланысты, болашақта ынтымақты жүйедегі төлемдер мөлшері азаятын болады. Әзірге бұл аса білінбейді, алайда мамандар 2018 жылдан бастап соманың әжептәуір азаятынын растап отыр. Қазіргі уақытта ынтымақты зейнетақының кемуі базалық зейнетақымен өтеліп отыр. Алайда бастапқыда айырмашылықты зейнетақы жинақтары жабады деп жобаланған болатын. Олай болмады. Осыған байланысты әрі қарай зейнетақы жүйесін дамыту туралы шешім қабылданды.

Еліміздегі жұмыспен қамтылған халық саны8,5 млн адамды құрайды, ал біздегі орташа зейнетақы жинағының мөлшері – 376 мың теңге. Сарапшылардың есептеулері бойынша, орташа еңбекақының 40 пайызы мөлшеріне барабар зейнетақы алу үшін ай сайын еңбекақының 10 пайызын 30 жылдан кем болмайтын уақытта еш үзбестен аударып тұру керек. Таяу уақытта жүйенің жас екендігіне (15 жыл) және зейнетақы жинағы табысының төмендігіне байланысты жүйе мұндай зейнетақымен қамтамасыз ете алмайды.

     

«МЕМЛЕКЕТ ҚАШЫП КЕТПЕЙДІ»

БЖЗҚ туралы өз пікірін ҚР Ұлттық банкі Атырау филиалының директоры Қозыбақ ҚҰЛБАРАҚОВ айтып берді:

- Зейнетақы қорларын біріктіру зейнетақы активтерін есептеу, сақтау және оларды басқаруға байланысты шығындардың азаюына әкеледі. Дағдарысқа дейінгі кезеңде кейбір зейнетақы қорлары өздерімен үлестес кәсіпорындардың кірісі төмен бағалы қағаздарын алды. Егер қор біреу болса, оны Ұлттық банк басқаратын болады. Демек, тәуекел болмайды, келісімдер үлестес тұлғалармен жасалатын болады. Әрине, салымшыларды бір қордан екіншісіне қызықтырып тарту секілді әрекеттер жоғалады.  

БЖЗҚ кезінде біз, бұрынғыдай секілді, жеке есепшотта өз жалақымыздың 10 пайызын жинақтайтын боламыз. Инфляция есебімен жарналардың сақталуын қарастыратын мемлекеттік кепілдік біріккен қорда шоғырланған қаржыларға да қолданылады. Оның құрылтайшысы және 100 пайыз меншік иесі ҚР үкіметі боп табылады. Ал зейнетақы активтерін Ұлттық банк басқаратын болады. БЖЗҚ зейнетақы активтерін басқару кеңесінің құрамына үкіметтің, Ұлттық банктің өкілдері, қаржы нарығына қатысушылар, тәуелсіз сарапшылар кіреді. Оны ел президенті бекітеді.

Зейнетақы жинақтары БЖЗҚ-ға толықтай көлемде ауыстырылатын болады. Бірыңғай қор зейнетақымен қамсыздандыру туралы барлық келісімшарттар бойынша құқық мирасқоры боп табылады.

- Жеке зейнетақы қорларында түрлі жағдайлар орын алуы, соның ішінде басқарушы ақшаны алып, қашып кетуі мүмкін. Ал мемлекет ешқайда қашып кетпейді, - деп түсінік берді Қозыбақ Құлбарақов.

БЖЗҚ-на беру кезінде жеке зейнетақы қорларының зейнетақы активтеріне бағалау жүргізіледі. Алайда бұл процедура қосымша уақытты талап етеді. Қазіргі қолданыстағы жинақтаушы зейнетақы қорларына келер болсақ, олардың үш жолы бар: біріншісі – басқарушы компаниялар боп қайта құрылу, екіншісі – ерікті зейнетақы жинақтарымен жұмыс істеу, үшіншісі – активтерді сатып, нарықтан кету.

 

ЗЕЙНЕТ ЖАСЫ

Қазақстанда зейнеткерлер саны 1,8 млн, оның 1,2 млн-ы - әйелдер. Тек Атырау облысының өзінде 45 мың зейнеткер бар, олардың 32 мыңы - әйелдер. Зейнетақы жинақтарының орташа мөлшері ерлерге қарағанда әйелдерде аз (ерлерде – 439 мың, әйелдерде – 325 мың). Әйелдердің зейнеткерлік жасын ұлғайту 1998 жылдың 1 қаңтарына дейін жинақталған еңбек өтілінің азаюына байланысты болып отыр. Зейнетақы ресімдеуге жүгінген әйелдердің 12 пайыздан астамының толық еңбек өтілі жоқ. 5 жылдан кейін зейнеткерлікке шығатын әйелдердің барлығының толық өтілі болмайды. Демек, бұл кепілдендірілетін ынтымақты жүйе төлемінің сомасы үнемі азайып тұрады деген сөз. Жинақтаушы зейнетақы жүйесі жұмыс істеген жылдардағы әйелдер есепшотында жинақталған зейнетақы төлемдерінің мөлшері де көп емес. Осылайша зейнетақы жасын көбейте отырып, мемлекет әйелдерге «зейнетақыны жинақтауға» уақыт береді. Мәншүк Лепесова айтқан ресми нұсқа осындай.

Ол жұртшылықтың зор күмәнін тудырып отыр: егер әйел 15 жыл ішінде бар болғаны 325 мың теңге жинақтаған болса, орташа зейнетақы 41 912 теңге болғанда (жоғарыдан қара), бұл бар болғаны 7 айлық төлемге жетсе, «қосылған» 10 жыл ішінде оның барлық сомаларды қалған өмірінде жинақтай алатындығына кім кепілдік береді? Ресми әдістемеде келтірілген басқа бір мысал да оптимизм тудырмайды. Бүгінде әйелдер 35 жыл ішінде 18660 теңгені құрайтын минималды еңбекақымен 781200 теңге зейнетақы қаржысын жинақтай алады (18660 теңгенің 10 пайызы = 1860 теңге. Оны 420 айға көбейтеміз). Минималды зейнетақымен бұл 3,5 жылға жетеді. Статистикалық мәліметтер бүгінде ер адамдардың зейнеткерлікке шыққаннан кейін орташа алғанда 12 жыл, ал әйелдердің 20 жыл өмір сүретінін растап отыр. Яғни, мемлекет әйелдерге өздерінің зейнетақы жинақтарын көбейтіп қана қоймай, олардың зейнетақы алатын уақыт мерзімін қысқартуға мүмкіндік жасап отыр деп тұжырым жасауға болады. Өйткені, егде тартқан жаста артық 10 жыл жұмыс істеу олардың денсаулығына зиян келтіреді.

 

БАТЫСПЕН ТЕҢЕСУ

Қалай дегенмен де, зейнетақы жасын сәйкестендіру мәселесі жасақталуда. Мұнда жобаны әзірлеушілер шетелдік тәжірибеге сілтеме жасап отыр: мәселен, әйелдер үшін зейнеткерлік жас 65 жасты құрайтын Германияда 2029 жылға қарай оны 67-ге дейін көтеруді жоспарлап отыр. Қазақстанда 2014 жылдан бастап зейнеткерлік жасты 6 айдан біртіндеп көтеру ұсынылған. Яғни, 2014 жылы әйелдер зейнеткерлікке 58 жас 6 айда, 2015 жылы 59 жаста және т.б. шығатын болады. Еңбек кодексіне тиісті өзгерістер енгізіп, зейнеткерлік жас алдындағы әйелдер құқығын қорғау жоспарланған. 1998 жылдың 1 қаңтарына дейін еңбек өтілдері бар әйелдердің белгілі бір санаты үшін зейнеткерлікке ерте шығу құқығы сақталатын болады:

- 5 және одан да көп бала туып, оларды 8 жасқа дейін тәрбиелеген әйелдер еңбек өтілі 20 жылдан кем болмай, 53 жасқа толғанда;

- 1949 жылдың 29 тамызынан бастап 1963 жылдың 5 маусымына дейін төтенше және барынша жоғары радиациялық тәуекел аймағында 10 жылдай тұрған әйелдер еңбек өтілі 20 жылдан кем болмай, 45 жасқа толғанда зейнеткерлікке шыға алады. (Бұл тармақтың маңыздылығына күмәнім бар: осы жағдайға сай келу үшін әйелдер ең болмағанда 1953 жылы дүниеге келген болуы, ал үстіміздегі жылы 60 жасқа толуы тиіс). Сонымен қатар, әйелдің 3,5 млн теңгеден кем болмайтын әжептәуір зейнетақы жинағы болса, зейнеткерлікке 50 жаста шыға алады.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

18 сәуір 2013, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.