Атырау, 27 қараша 23:42
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +1
$ 498.55
€ 524.28
₽ 4.75

Мемлекеттік еңбек инспекциясы: «Компанияларға жалақыны көтеруді талап етуге құқығымыз жоқ»

1 234 просмотра

Атырау облысында анықталған еңбек заңнамасын бұзу фактілерінің азайғаны байқалады. Бұл туралы «АЖ» тілшісіне берген сұхбатында Атырау облыстық Мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының бөлім басшысы Кемел ИМАНҒАЛИЕВ хабарлады.

Жыл басынан бері басқармаға азаматтардан 727 өтініш түскен. Өткен жылы 117 заңбұзушылық анықталса, биыл жыл басынан бері 99 анықталды, оны жою үшін 42 ұйғарым шығарылып, 39 әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғалып, 5 миллион теңгеден астам сомаға айыппұл салынды.

– Атырау облысында жұмысшылардың құқығын бұзу фактілері азайып, заң талаптары сақталып жатыр деп айтуға болады. Бірақ жұмысшылардың еңбек құқығы облыстың кен орындарына қарағанда шағын кәсіпорындарда жиі бұзылатыны байқалады, – дейді К.Иманғалиев.

- Қызметкерлер мәселе бойнша жиі шағымданады?

– Көп жағдайда өтініштер жұмыстан босату, жалақыны уақтылы төлемеу, еңбек шартын бұзған кезде өтемақы аудару, жалақыны дұрыс есептемеу, жалақыны, артық жұмыс уақытын дұрыс есептемеу, еңбек шартының талаптарын бұзуға байланысты. Кейбіреулер заңды түсіндіруді сұрайды. Мұндай жағдайда біз өз тарапымыздан түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз.

- Көбінесе нені түсіндіресіздер?

– Мысалы, адам жаңа жұмысқа кіріспес бұрын шарттар келісілуі керек. Жұмысқа кіріспес бұрын ол жұмыс берушімен жалақы, баспана, тамақ, тасымал және т. б. мәселелерін мұқият қарастырып, келісу керек. Бұл ретте еңбек инспекциясы, егер бұл қызметкердің жағдайын нашарлатпаса, компанияның саясатына араласа алмайды. Бұл заңсыз болар еді. Қызметкерлердің бір кісілік бөлмелерде тұрғысы немесе асхана мәзіріне бірдеңе қосқысы, бонус, сыйақы немесе басқа міндетті емес төлемдер алғысы келетін жағдайлар болады. Сыйақы, үстемеақы және басқа да міндетті емес төлемдерді төлеу туралы жұмыс берушіге нұсқау беру еңбек инспекторларының құзырына жатпайды. Тұрмыстық жағдайды, берілетін тамақты тексеру де еңбек инспекциясының құзырына жатпайды. Аталған мәселелер бойынша өтініш түскен жағдайда, біз оларды уәкілетті органға қайта жолдаймыз.

- Қай мәселе бойынша көп шағым түседі?

– Теңіз кен орнында жоба аяқталып, жұмысшылар босатылып жатқаны баршаға аян. Атырау облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы қызметкерлерге түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, жұмыстан босатылғандарды одан әрі жұмысқа орналастыру бойынша шаралар алуда. Босатқан кезде еңбек заңнамасының талаптары қатаң сақталады, бұл үшін біз тиісті ұсыныстарды бердік. Бұл мәселе облыс әкімі төрағалық ететін үш жақты комиссияда тұрақты қарастырылады.

Теңіздегі жұмысшылардан заңсыз босату туралы шағым түскен жоқ. Бірақ мынадай сипаттағы шағымдар болды: жұмысшылар босату қысқарту түрінде және келісім-шарт мерзімі аяқталған соң және жұмыстың жекелеген түрлерін аяқтағаннан кейін еңбек шартын тоқтату түрінде орын алуы мүмкін екенін түсінбейді. Сонымен қатар, егер адам қысқарту бойынша жұмыстан кетсе, оған өтемақы тиесілі. Ал егер компанияда жұмыстың жекелеген түрлері аяқталған болса, бұл ұжымдық шартта айтылмаса, жұмыстан босатылған кезде өтемақы қарастырылмаған. Осыны түсінбей, қызметкерлер еңбек инспекциясына жүгінеді, бұл олардың еңбек шартында көзделген құқықтары мен міндеттерін зерделемейтіндерін көрсетеді. Тағы бір жайт - еңбек шарты мерзімсіз болып, бірақ қызметкер қысқартуға жататын жағдайда оған өтемақы төленеді. Ал егер еңбек шартының аяқталу мерзімі көрсетілсе, онда төленбейді. Бұл ретте жұмыстан қысқартылған немесе босатылған жұмыскерге жұмыстан босатылғаннан кейін алты ай ішінде мемлекет жұмыссыздық бойынша жәрдемақы тағайындайды. Бұл шарттар азаматтардың жарты жыл ішінде жұмыс табуға мүмкіндік алуы үшін бекітілген.

- Бүгінде еңбек нарығынан қандай тенденцияларды көресіз?

– Бір қуантарлығы, шетелдік мердігерлердің орнына жергілікті компанияларды көбірек көріп отырмыз. Бұдан бұрын айтқанымдай, қазір жағдай өзгерді. Егер бұрын тексеру барысында бұзушылықтар көп анықталса, қазір олардың саны азайған. Өйткені жергілікті компаниялар еңбек қауіпсіздігіне мән беріп, жұмысшыларына жағдай жасауға тырысады. Иә, біз компанияның саясатына араласа алмаймыз, бірақ бәрі заң аясында болуын қадағалаймыз. Егер қысқарту болса, тексеріп, себептерін анықтаймыз.

Көбінесе жалақы мөлшері қызметкерлердің көңілінен шықпайды, бірақ бұл компания ішінде реттеледі. Олардың басшыларына жалақы 500 мың теңгеден басталуы керек деп айта алмаймыз. Бұл ретте, Қазақстан аумағында жұмыс істейтін азаматтар заң бойынша 2023 жылы ең төменгі деңгей 70 мың теңгеден аз жалақы ала алмайтынын атап өткім келеді.

– Әлеуметтік желіде Атырау облысында тек атыраулықтар ғана жұмыс істеуі керек деп жиі жазады. Бұл туралы заң не дейді?

– Еңбек кодексінде және жұмыспен қамту заңнамасында Теңізде немесе Қашағанда тек Атырау облысының тұрғындары ғана жұмыс істеуі керек деген талап қарастырылмаған. Қазақстан азаматтары еліміздің кез келген аймағында жұмыс істей алады, бұл норма Конституцияда да, қызметкердің еңбек саласындағы құқығы мен бостандығына кепілдік беретін Еңбек кодексінде де жазылған. Әркімнің қандай да бір кемсітусіз және мәжбүрлеусіз еңбекті еркін таңдауға, еңбек қабілеттілігіне билік етуге, кәсіп пен қызмет түрін таңдауға құқығы бар. Еңбек саласындағы кемсітуге, оның ішінде тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, дінге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жеріне, жасына немесе дене кемістігіне, сондай-ақ қоғамдық бірлестік құрамында болуына байланысты кемсітуге тыйым салынады.

ҚР Еңбек кодексінің 23-бабының 1-тармағының тармақшасына сәйкес, жұмыс берушінің жұмысқа қабылдау кезінде таңдау еркіндігіне құқығы бар. Жұмысқа тек жергілікті тұрғындарды алу талабы кемсітушілік екенін халық түсінуі керек. Өйткені, жерлестеріміз Қазақстанның түкпір-түкпірінде, тіпті басқа елдерде де жұмыс істейді, ал ол жердегі тұрғындар жерлестеріміздің тек Атырау облысында ғана жұмыс істеуін талап етпейді ғой.

Бұл ретте облыстағы ірі компаниялардың (ТШО, НКОК, Атырау мұнай өңдеу зауыты, КРІ, «Ембімұнайгаз») басшыларына жергілікті халықты жұмыспен қамту бойынша ұсыныстар беріліп, қысқарту мен жұмысшылар босатылған жағдайда, басқа жоба мен жаңадан ашылған кәсіпорындарға жергілікті халықты жұмыспен қамту мәселесін қарастыру ұсынылады. 

Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ

5 маусым 2023, 10:38

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.