Атырау, 25 қараша 16:27
 ашықВ Атырау -1
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Судың азаюы сорымызды қайнатады

11 160 просмотра

Облыстық табиғи монополияларды реттеу департаменті ұйымдастырған тарифтер бойынша ғылыми-практикалық конференцияда басты тақырып су жөнінде, нақтырақ айтсақ, оның жетіспеушілігі туралы болды.

ҚОРЫМЫЗ ҮЛКЕН ЕМЕС

Жайық-Каспий бассейндік инспекциясы бастығының орынбасары Қалидолла АЗИДУЛЛИННІҢ айтуынша, Жайық-Каспий бассейнінің су қоры небары 21,6 текше шақырымды (т.ш.) құрайды, соның ішінде Жайық өзені бассейні бойынша – 11,32 т.ш., Қиғаш өзені бойынша - 7,76 т.ш., Ембі өзені - 0,566 т.ш., Жайық-Ембі өзендері аралығы - 0,566 т.ш., Еділ-Жайық өзендерінің аралығы - 0,270 т.ш.

Бекітілген жер асты суларының қоры - 1,03 т.ш. Ресей Федерациясы аумағында қалыптасатын су ағыны - 16,458 т.ш. (80%). Қолдануға болатын су ресурстары – 4,2 т.ш., ал барлық болжалды ресурстар көлемінің тек 14%-ы ғана барланған.

- Ең басты мәселелердің бірі – 1960-1965 жылдары салынған ескі суару-суландыру арналары, - деп атап өтті Азидуллин. Олар бойынша қайтарымсыз көптеген су көлемі шығындалуда. Осыған байланысты, осы арналардың кейбірін суат алаңқайымен жабдықталған суландыру су құбырларына көшіру ұсынылып отыр. Сондай-ақ, Атыраудағы ауданы 15 мың га жайылма суаруды жүзеге асыратын, «АЖЭО» АҚ-ның құбыр агрегаттарын суытқаннан кейін пайда болатын су лақтырынды арна арқылы келіп құятын Приморск суландыру жүйесін қайта жаңғырту да ұсынылды.

Сол арнадан Атырау қаласы көлік жуу орындары мен зауыттарына техникалық су алу желісін салу туралы ұсыныс та өз уақытында берілді. Ал АМУ-дың экология кафед-расының доценті Гүлжамал ТӨЛЕМІСОВА ауыз судың тапшылығына қарамастан, бірнеше рет тазаланған суды дәретханаларда ағызу үшін пайдаланатынымызды айтып өтті. Бұл мақсатта Төлемісова техникалық су құбырын салуды ұсынды. Сондай-ақ, осы арқылы жеке үйлерде тұратын тұрғындар өз бақшаларын қазіргі кездегідей, түнде, ауыз сумен емес, техникалық сумен суарар еді.

 

САҚАЛДЫ ЖОБА

Жылыой ауданы жайылымдарында Кеңес кезінде бұрғыланған иесіз 181 ұңғымадан су қайтарымсыз шығындалуда. Алайда тұрғын халық судан таршылық көруде. ҚР ИжЖТМ Геология комитетінің бағдарламасы бойынша өздігінен ағып жатқан ұңғымаларды инвентаризациялау соңғы рет 2003 жылы өткізілді. 139 ұңғыманы жою туралы ұсыныс беріліп, қалғандарын жөндеуді ұйғарған. Қазір бұл жұмыстар жүргізілмейді.

Осы мәселе бойынша Азидуллин ұмытылып қалған (бұл сонау 1965 жылы әзірленген) Жылыой ауданында Арал-Төбе суландыру жүйесін салу жобасына қайта оралуды ұсынды. Жобалық-сметалық құжаттамалар «Ленгипроводхоз» Ленинград институтында дайындалған. Құрылыс орнына инфрақұрылым тартылып та қойған, алайда кейіннен қаржыландыру тоқтап қалды.

Семинарда төрағалық етіп отырған облыс әкімінің орынбасары Сәлімжан НАҚПАЕВ бұл жоба туралы бұрыннан, өзі осы Жылыой ауданының әкімі болып тұрған кезден бері білетінін айтты. Ол сондай-ақ, қазір облыстық билік гидрологтармен бірлесе отырып, балама су көздерін іздеу бойынша жұмыс жүргізіп жатқанын да атап өтті. Қиғаш суын басты тұтынушылардың бірі – ТШО да алға қарай өндірісті кеңейтулеріне байланысты балама су тұтыну тәсілдерін әзірлеп жатыр. Сонымен қатар, теңіз суын тұзсыздандыру мүмкіндіктері де қаралуда.

 

ЖАНЖАЛДЫ РЕСУРС

«Глобус» ҮЕҰ-ның жетекшісі Галина Чернова күрделі мемлекеттік мәселені тарифтерді көтеріп, баршаны ортақ үнемдеуге шақыратын кезекті науқаншылдықпен шешкенше, «кеше» әрекет ету керек еді ғой деп, кейістігін білдірді. Махамбет ХАКИМОВ («Каспий Табиғаты» ҮЕҰ) халықаралық сарапшылардың алдағы онжылдықта Орталық Азияда келіспеушіліктер мен жанжалдар пайдалы қазбалар үшін емес, су мәселесі бойынша туындайды деген пікірлерін алға тартты.

- Мамандардың бағалауынша, су ресурстарын бөлу саласындағы шиеленіс қандайма елде судың келуі адам басына шаққанда жылына 1,7 мың текше метрден төмендегенде пайда болады екен. Сондықтан да 2012 жылғы қарашада Римде өткен Трансшекаралық ағын сулар және халықаралық өзендерді қорғау және қолдану бойынша конвенцияның Тараптар жиналысының (БҰҰ-ның Су конвенциясы) 6-сессиясында осы конвенцияны жүзеге асыру бойынша комитет құру туралы шешім қабылданды, - деді Хакимов.

Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА

18 сәуір 2013, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.