Атыраулық кәсіпкерлер сұралған сұйытылған газ көлемін ала алмай отыр. Бұған не себеп? Бұл сауалға Атырау облысы Кәсіпкерлер палатасы жанындағы Кәсіпкерлер құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңес отырысында жауап іздеген едік.
Өміржан ДОСОВ бұл кәсіппен 2021 жылдан бері айналысады. Жылыой ауданына кіре берісте газ құю бекетін ашқанда ол «Аграрлық несие корпорациясы» арқылы несие алған. Бір жылдан кейін жабдық сатып алу үшін «Даму» қоры арқылы қосымша несие рәсімдеген. Бірақ қазір ол сұйытылған газдың үнемі тапшы екеніне шағымданады, соның салдарынан оның бизнесі соңғы уақытта шығынға ұшыраған.
– Былтырдан бері бизнесім шығынға батуда, өйткені газды өте аз беріп жатыр. Газ құю бекетім өтімді жерде орналасқандықтан, 120-150 тоннаға өтініш жіберемін, бірақ 30-40 тонна ғана аламын. Бұл көлем бір-екі аптаға жетеді, содан кейін сататын ештеңе болмағандықтан, бекетті жабуға тура келеді. Осындай үзілістердің кесірінен екі қызметкерім жұмыстан шығып кетті, қазір біреуі ғана қалды. Ай сайын 1 миллион теңгеден астам несие төлеуім керек. Түскен пайда ештеңеге жетпейді, бірнеше айдан бері қарыз боп жүрмін. Кәсібімді дамытсам, ауданыма пайдамды тигізсем деймін, бірақ мүмкіндік бермей жатыр, – дейді Ө.Досов қынжылып.
Облыстық энергетика және ТКШ басқармасының бас маманы Анар БАУЫРЖАНҚЫЗЫНЫҢ айтуынша, мұндай жағдай қазір еліміздің барлық өңірінде дерлік қалыптасқан. Себебі, былтырғы қаңтар оқиғасынан кейін сұйытылған газды тарату жергілікті атқарушы органдарға жүктелген. Бірақ бұл ретте Энергетика министрлігі бірқатар көрсеткіштерге сүйене отырып, әрбір бизнес субъектілері үшін газ көлемін есептейтін арнайы механизм әзірлеген.
– Бұл есептеу әдісі Маңғыстаудан басқа барлық аймақта бар. Бізде облыста сұйытылған газды сатумен айналысатын 32 кәсіпорын бар. Газ құю бекетінің жалпы саны – 103. Атырау облысының жалпы сұранысы айына шамамен 9 мың тонна сұйытылған газды құраса, іс жүзінде 4-5 мың тонна ғана аламыз. «Досов» ЖК-ға қатысты: әдістеме бойынша оған 37 тонна газ тиесілі, алайда комиссия шешімімен оның көлемін 42 тоннаға дейін көбейттік. Газ тапшылығы мәселесі барлық кәсіпкерлер үшін өзекті. Бұрын көлемдері әр айға бекітілсе, енді тоқсанына бір рет, яғни министрлік облысқа көлемді 3 айға береді. Сәуірде 4800 тонна, мамырда 5894 тонна, маусымда 5122 тонна болды. Біз бұл көлемді субъектілер арасында бөлеміз, дегенмен іс жүзінде 32 кәсіпорын бойынша сұраныс көлемі айына 9734 тоннаны құрайды. Министрлік біздің сұранысымызды қанағаттандырмайды. Бұл мәселені министрлік алдында талай рет көтердік, бірақ ол шешілмеген күйде қалып отыр, – деп түсіндірді Анар Бауыржанқызы.
Сонымен қатар, ол кәсіпкерлер тіпті президенттің атына хат жазғанын, мемлекет басшысының көмекшісі мен мүдделі тұлғалардың қатысуымен зум-жиын өткенін айтты. Онлайн жиын нәтижесінде бұл мәселені шешуге уәде берілген.
Өңірлік кәсіпкерлер палатасы энергетика басқармасы мамандарының «Сұратылған көлемдер» және «Мақұлданған көлемдер» бағандарында бірдей сандарды көрсететінімен келіспейді.
ӨКП құқық блогының жетекшісі Аслан ДӘУЛЕТОВ:
– Біз талдау жүргіздік, жиынтық өтінімдерді, хаттамаларды зерттедік, қағаздағы және іс жүзіндегі цифрлар әртүрлі екені анықталды. Екі бағанда бірдей сандарды көрсетесіздер. Мысалы, «Досов» ЖК-ның сұралған және мақұлданған көлемі 38 тонна болса, шын мәнінде сіздер оның 150 тонна сұрайтынын көрсетіп, оған мақұлданғаны 38 деп жазуларыңыз керек. Ал хаттаманың соңында оған сұралған көлем неліктен берілмегенін түсіндіру қажет. Сіздер министрліктен алынған мәліметтерді көрсетесіздер - әрине, олар қағазда болмағандықтан, сіздерге қосымша көлем бермейді.
Бұған А.Бауыржанқызы былай деп жауап берді.
- Министрлік бізден осылай толтыруды талап етіп отыр, өйткені бәрібір қосымша көлем жоқ. Есептеу механизмін өзгертуді сұрадық, мәселені бірнеше рет көтердік, әзірге жауап жоқ.
Облыстық прокуратураның прокуроры Бердібек ЖОЛАННЫҢ айтуынша, бұл мәселе облыс әкімі мен қадағалаушы органдар деңгейінде тез арада шешілуі тиіс, өйткені бұл жағдай тағы да әлеуметтік шиеленіске ұласуы мүмкін.
– Президенттің тапсырмасымен Бас прокуратура жанынан активтерді қайтару жөніндегі комиссия құрылды. Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде сұйытылған мұнай газын сақтау паркі мемлекет меншігіне қайтарылды. Яғни, бір орган жұмыс жүргізсе, екінші орган - Энергетика министрлігі оны тежеп отыр. Бұрын мұндай мәселе болмады, сонда бизнес мемлекеттен тиімдірек жұмыс жасаған ғой? Бұл мәселені шұғыл шешу қажет, неғұрлым тез болса, соғұрлым жақсы болады, - деді Б.Жолан.
Отырыс нәтижесінде облыс әкіміне, «Атамекен» ҰКП мен ҚР Энергетика министрлігіне хат жолдау туралы шешім қабылданды.
Айнұр САПАРОВА
ӨКП жолдаған суреттер