1 қыркүйекте есігін ашатын Әл-Фараби және Дінмұхамед Қонаев атындағы BINOM мектептері ұстаздарға вакансия жариялады. Олар қалай таңдалады, басқа мектеп оқушылары ауысу үшін қандай құжаттар тапсыру қажет және оқырмандардан туындаған басқа да сұрақтарды BINOM мектебінің өкілі Өнербек ЕРҒАЛИЕВҚА жолдаған едік.
- Оқушылардан өтініш қабылдау қай күні басталады? Ол қалай жүзеге асады?
- Қазіргі таңда мектеп ғимараттарын заман талабына сай безендіру, аумақтық абаттандыру жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Оқушыларды қабылдау мектепті құрылысшылардан толық қабылдап алғаннан кейін шамамен шілде айының 15-інен кейін жүзеге асады. Құжаттар стандартты: Баланың туу туралы куәлігінің көшірмесі, 3*4 өлшемді фотосурет, №065/У нысанды анықтама.
Құжаттар қабылдау онлайн форматта Mektep Smart Nation порталы арқылы жүзеге асырылады. Мектепке оқушылардың 80 пайызы жергілікті тұратын аумағы бойынша қабылданады. Ол аумақ пен үйлерді білім басқармасы бекітеді. Ал басқа ықшамауданнан келіп оқығысы келетіндерге 80/20 пропорциясы қаралған. Өтініштер кезек тәртібімен өңделеді, оқуға қабылдау бос орындардың болуына байланысты жүзеге асырылады.
- Мектеп алды даярлық топтары бола ма?
- Әзірге мектепалды даярлық сыныптары жоспарда жоқ.
- Мұғалімдерді іріктеу қалай жүзеге асып жатыр, оларға қандай талап қойылады? Бүгінде қанша ұстаз қабылданды? Олардың жалақыларында өзге мектептермен салыстырғанда айырмашылық бола ма?
- Мұғалімдер «Jumys Smart Nation» платформасы арқылы қабылданады. Мұғалімдер өздері жарияланған вакансияларға үн қатып, құжаттарын жүктейді. Әзірге тек құжаттарды қабылдау жұмыстары жүріп жатыр, әзірге ешкім қабылданбады. ҚР білім саласындағы нормативтік құжаттарға сәйкес ұстаздарға қойылатын талаптар бұл жерде де қойылады. Бірнеше жылдық тәжірибесі болу, немесе санаты болу керек деген талаптар жоқ. Іріктеу екі кезеңнен тұрады. Құжаттарды жүктегеннен кейін маусым айында ұстаздарды тестілеу өтеді. Оның барлығы әлеуметтік желілерде хабарланады. Тестілеуден өткеннен кейін әңгімелесуге шақырылып, соның қорытындысымен ұстаз жұмысқа алынады. Олардың еңбекақысында өзге мектептің мұғалімімен салыстырғанда ешқандай айырмашылық жоқ.
- BINOM мектептеріне кім басшылық етеді?
- Кеңсесі Астана қаласында орналасқан BINOM Education деген құрылымдық мекеме бар. Оның басшысы Шолпан ҚАДЫРОВА. Астана қаласындағы 6 мектеп, Атырау қаласындағы 2 мектеп бір басшының қарамағында болады.
- BINOM мектептерінің басқа мектептерден қандай айырмашылығы бар?
- Әрбір BINOM мектебі - 127 оқу кабинеті, физика, химия, биология, нано және биотехнологиялар бойынша 9 озық зертханасы бар 5 қабатты ғимарат. Сондай-ақ 100 орындық кинозал, мұғалімдер мен балаларға арналған коворкинг алаңдары, телестудия, ойын бөлмелері, смарт-класстар, шығармашылық эксперименттерге арналған 3D принтер, робототехника кабинеттері, металл және ағаштан ою шеберханалары, сөйлеу клубы, TedxBinom, асхана, медициналық пункт және кітапхан бар. Үстелдік компьютерлерден басқа мектеп оқу үдерісіне арналған ноутбуктермен де қамтамасыз етеді.
- Мүмкіндігі шектеулі баларды BINOM мектебіне қабылдауға мүмкіндік бар ма?
- Бұл мектептердің бір артықшылығы – инклюзивті білім беру мүмкіндігі. BINOM SCHOOL-да білім беруде ерекше қажеттіліктері бар балалар үшін қолайлы оқыту ортасы жасалды. 4 қабатта да жеделсатылар орнатылып, барлық жағдай жасалған. Ерекше балаларды оқыту Астана қаласында тәжірибеде бар.
- Сабақтар қазақ және орыс тілдерінде оқытыла ма?
- BINOM – аралас тілде оқытатын мектептер. Бірақ басшылық өңірдің білім басқармасына Атыраудағы мектептерді толық қазақ тілінде жасауды ұсынған болатын. Алайда жергілікті білім басқармасы мен облыс әкімдігі орыс сыныптары да қажет екендігін айтып, содан 80/20 деген пропорциямен келісілді. Мектептің 80 пайызы қазақ тілді болады.
Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ