Құлсары қаласында күйі кетіп, салынғанына 70 жыл болған үйлер жетерлік. Бұл үйлердің әбден тозығы жетіп, апатты жағдайда болғанымен, оларды қашан сүріп тастайтыны белгісіз. Завершинский көшесіндегі №60, 65, 71, 73, 100, 103, 104, 105, 106, 108, 109, 129 үй тұрғындары «АЖ»-ға хабарласқан еді.
Олар бірден үй жайларының қазіргі қорқынышты күйімен таныстыра бастады. Кәріз жүйесі мүлдем жоқтықтан үй ауласынан әжетхананы өз күштерімен салып алған. Қаза-қаза тіпті үй маңайында әжетхана салатын жер де қалмапты.
- Міне, қараңыз, әжетхананың күйін. Өзіміз ауладан қазып тұрғызып алдық, енді қайтеміз? Барар жеріміз қалмады ғой. Біз осы қай ғасырда өмір сүріп жатырмыз, қашан рахат көреміз, жасымыз болса біразға келді, - дейді тұрғын есігі жоқ әжетхананы көрсетіп.
Жермен жексен болған дәліздің есігінен кейін қорқынышты фильмдегідей көрініс менмұндалап шықты. Сынған саты, сыры кетіп мүжілген қабырғалар, сылақтары түскен төбені көруге болады. Кейбір үйлердің қабырғалары қақ айрыла жарылып, жарылған жерден дала көрініп тұр.
- Мен Ұлы Отан соғысы басталғанда, яғни 1941 жылы дүниеге келіппін, биыл 82 жасқа толдым. Ал мына үйлер 1953 жылы салынған. Осы үйде табан аудармастан тұрғаныма 50 жыл болыпты. Бұл үйде су мен тоқтан басқа ешқандай жағдай туғызылмаған. Суымыз кейде қыста қатып қалып жатады. Әжетхана сыртта, кәріз жүйесі жоқ. Далаға барып келудің өзі қарт адам мен мүмкіндігі шектеулі жандарға қиын тиіп тұр. Қақаған қыста сүмеңдеп жүргеніміз, аяғым болса жарамайды, амал жоқ. Ұят та болса айтайын, әжетхана шелегін үйге қоямын. Күнделікті жуынып-шайынатын, кір суларын далаға тасып төгеді. Осы жерге әрең келіп отырмын, тілші келеді дегесін. Енді қанша өмір сүретінімді білмеймін, осы азаптан құтқар, қарағым, - деп тоқтады Алтынай ӨТЕПҚАЛИЕВА.
Жанна МИРОВА анасы жаңа үйге қоныстану үмітімен өмір сүріп, соған қол жеткізе алмай, қайтыс болғанын көзіне жас алып жеткізді. Оның үстіне көше аты болғанымен, құжатында үй нөмірлері сан рет ауысқан. 12 үй орналасқан аумақта көше жарығы, болмаса балалар ойнайтын алаң атымен жоқ. Жалпы аудан әкімі Ж. Қаражановтың қаулысымен Махамбет даңғылы бойынан "арбат" салу үшін жер учаскелерін мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығару мақсатында бұл аумақтағы ескі үйлердің біразын бұзып, жаңа үйге көшірген. Қалған 12 үй бұзылады деп, жағдай туғызбай отырған көрінеді.
- Аудан әкімі Жұмабек ҚАРАЖАНОВ келіп, тұрғындармен кездесу жасағанда бұл аумақтағы үйлер түгел бұзылып, жаңа үйлер беріледі деп үміттендіріп қойды. Біз тұрғындар болып арыз жазып, қала әкімі Қадыржан АДИНОВТЫҢ қабылдауына топ адам болып барғанбыз. Ол «арыздарыңды төменге тапсырыңдар» деді. Қашанғы күтеміз? Үйлер сықырлап, жарылып әзер тұр, шатырынан су кетіп, қабырғалар көгеріп кеткен. Бір күні үйінді астында қалатын болармыз, - дейді Биғайша ПСУРМАНОВА.
- Құлсары қаласының бас жоспарына сәйкес 132 тозығы жеткен үйдің 8-і бұзылып, тұрғындар «Атырау» ықшам ауданындағы жаңа үйге көшірілді. Ал бүгінде қала бойынша 124 тозығы жеткен үй қалып тұр. Бірақ оларды апатты деп тану жөнінде ресми статус берілген жоқ, - дейді аудандық тұрғын үй-коммналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Ержан ХАЙНОЛЛАЕВ. - Сол себептен аталған ескі үйлерге техникалық қадағалау жұмыстарын жүргізу үшін мемлекеттік сатып алу веп-порталына конкурс жарияланды. Апатты деп танылған жағдайда тиісті қаражат сұратылып, тұрғындарды көшіру үшін жұмыстар жүргізілмекші.
- Апатты деп танылған үйлердің тұрғындарын көшіру жұмыстары қашан іске асады?
- Техникалық қадағалаудан кейін белгілі болады.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА
Суреттер мен бейнежазбаны түсірген автор