Атырауда 16 сәуірде ашылған «Мұнай және Газ-2013» көрмесінің бірінші күніндегі басты оқиға «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ басқармасы төрағасының орынбасары Мағзом МЫРЗАҒАЛИЕВТЫҢ Келешек кеңею жобасындағы (ККЖ) қазақстандық үлестің 32 пайыз үлесін ТШО-ның ұтымды деп есептейтіндігі туралы мәлімдемесі болды. Бұл жобаның 20 млрд доллар жалпы құнының 7,3 млрд долларын құрайды. Алайда ҚМГ 44 пайызға қол жеткізбек.
КЕЛМЕЙ ҚАЛҒАНДАР БАР
Алдымен көрменің өзі туралы айтсақ. Өткен жылдан айырмашылығы - келушілер де, маңызды тұлғалар да көп жиналыпты. Ашылу салтанатына облыс әкімі Бақтықожа ІЗМҰХАМБЕТОВ және жоғарыда есімі аталған Мағзом Мырзағалиев қатысты. Сол күні «Ренессанс» мейманханасында ашылған «OilTech Atyrau» конференциясына бағдарламада баяндамашылар ретінде аталған «ҚМГИ» (Қазақ Мұнай және газ институты) АҚ бас директоры Ұзақбай ҚАРАБАЛИН, Қазақстанның сервистік компаниялар одағы төралқасының төрағасы Жандарбек КӘКІШЕВ және басқа да спикерлер келмей қалды.
Облыс әкімін ең алдымен (айтпақшы, 12 рет өткізілген көрмеде алғаш рет таныстырылған) «ҚазМұнайГаздың» үлкен павильонына әкелді. Оны ол жерде «Ембімұнайгаз» ӨФ бас директоры Жұмабек ЖАМАУОВ қарамағындағы қызметкерлерімен қарсы алды. НКОК павильонында әкім (ағылшын тілінде) компанияның сыртқы байланыстар жөніндегі директоры Пьер ДЕЛЬПОНМЕН тілдесті. Әңгіме қысқа ғана болды: Ізмұхамбетов Қашағандағы мұнай өндірудің нақты қай уақытта басталатынын сұрады. Дельпон осыған қатысты 18 сәуірде ҚР Мұнай және газ министрі Сауат МЫҢБАЕВПЕН кездесетінін, онда Қашаған мұнайын өндіруді бастайтын салтанатты ресім күні келісілетіндігін айтты. Естеріңізге салсақ, әлденеше рет кейінге шегерілгеннен кейін «ақырғы» мерзім биылғы жылдың маусымына белгіленген болатын.
ТШО павильонында әлі де мерейтой атмосферасы байқалып тұрды. Әкім Теңізшевройлды «ең беделді компания» деп атады.
«ТҮСІНІСТІККЕ ҚОЛ ЖЕТКІЗЕМІЗ»
Мағзом МЫРЗАҒАЛИЕВ«OilTech Atyrau» конференциясында Мағзом Мырзағалиев, ҚМГ пікірінше, қазақстандық компаниялардың әлеуеті жете бағаланбағанын мәлімдеді.
– 32% – бұл ТШО-ның қиялы. Біз 44 пайызға қол жеткізбекпіз. Бұл отандық өндірушілер мен сервистік компаниялар үшін қосымша 2 млрд доллар.Әңгіме құрылыс материалдары, металл құрылымдары және қызметтер туралы болып отыр. Қазір біз осы мәселелерді бірігіп талқылап,ТШО-мен өзара түсіністікке қол жеткіземіз деп ойлаймын, - деп түсінік берді ол сәл кейінірек арнайы «АЖ» үшін.
Алайда конференциядан тыс кезде Теңізшевройлдың 32 пайыз деген ұстанымынан танбайтынын растады.
ҚМГ бұрынғыша біріккен кәсіпорын құруға басымдық танытады. Атап айтқанда, ККЖ шеңберіндегі жобалау жұмыстарының 40 пайызын «ҚМГИ» АҚ жасайды.
– ҚМГ шетелдік инвесторларды тарту үшін тіпті жаңа кәсіпорынның акционерлік капиталына қатыса алады. Яғни, егер инвесторлар мұнай-газ саласы үшін тауарлар өндіруге мүдделі болса, олар ҚМГ-мен жасалған ортақ қаржыландыру жобаланған ұзақ мерзімді келісімшарттар есебінен өз тәуекелдіктерін азайта алады, - деді өз сөзінде Мырзағалиев. – Сонымен қатар, жер қойнауын пайдаланушылармен жасалған келісімшарттарға, егер инвестор біздің елімізге қандай да болмасын ұзақ мерзімді пайда ұсынатын болса ғана қол қойылатынын атап өткім келеді. Бұл жерде инфрақұрылымдық жобаларды, зауыттарды, базаларды салуды жүзеге асыру меңзеліп отыр. Мәселен, бүгін біз халықаралық компаниялармен Қашаған жобасы үшін Каспий теңізінде кеме жасау қуаттылығын құру жөнінде талқылаймыз. Есесіне инвесторлар жер қойнауын пайдалануға жаңа блоктар алады.
Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА
Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ