АСТАНА, 16 сәу –Қазақстан жаңалықтары АА. Ақордада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің отырысы өтті деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.
Отырыста еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін нығайту туралы мәселелер қаралды.
«Кеңесті ашқан Қазақстан Президенті азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге күш салудың маңыздылығын атап өтті. Осыған байланысты халыққа тағам өнімдерінің физикалық және экономикалық қолжетімділігі үшін қажетті шара қабылдау қажет»,-делінген хабарламада.
Бірінші мәселе бойынша Ауыл шаруашылығы министрі А. Мамытбеков баяндама жасады. Ол ауыл шаруашылығы саласында қол жеткен табыстармен қатар ел басшылығы назарын аударуды қажет ететін бірқатар шешімін таппаған мәселелер бар екеніне тоқталды.
«Талқылау барысында Қауіпсіздік Кеңесінің отырысына қатысушылар Мемлекет басшысын Кеден одағы мен Бірыңғай экономикалық кеңістікке мүше елдермен азық-түлік өнімдерінің өзара сауда көлемін ұлғайту, сондай-ақ тамақ өнімдерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында техникалық реттеу жүйесін дамыту туралы қабылданған шаралар жөнінде хабардар етті»,-деп атап көрсетілген хабарламада.
Қазақстан Президенті бірінші мәселенің талқылауын қорытындылай келе, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мемлекеттің аса маңызды стратегиялық міндетінің бірі болып табылатынын атап өтті.
Бұл мәселе Қазақстанның алдағы уақытта Дүниежүзілік сауда ұйымына кіруі қарсаңында ерекше өзекті бола түсуде, өйткені тағам өнімдері бойынша импорттық тәуелділіктің күшейе түсуі еліміздің ұлттық мүддесіне қатысы бар.
Осыған байланысты Мемлекет басшысы отандық ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілерге белсене қолдау көрсету, ішкі нарықты сапасыз өнімнен қорғау, заманауи технологияны пайдалана отырып, тағам өнімдерінің ішкі саудасын дамыту жөніндегі басымдығы бар міндеттерді анықтап берді.
Сонымен қатар, Қазақстан мен шетелдік тасымалдаушылар арасында өркениетті бәсекелестік үшін жағдай жасалатын болады, оның нәтижесінде олардың бағасы мен сапасының оңтайлы арақатынасы көрсеткіштері ескеріліп, азық-түлік тауарларына еліміз азаматтарының қолжетімділігі қамтамасыз етіледі. Агроөнеркәсіп кешені саласындағы қаржылық құқық бұзушылықты анықтау, еліміздің ауыл шаруашылығын және тамақ өнеркәсібін дамыту мақсатында бөлінетін бюджет қаражатын жұмсауға қатаң бақылауды қамтамасыз ету мәселесіне баса назар аударылды.
Үкіметке және бейінді мемлекеттік органдарға агроөнеркәсіп кешеніндегі және азық-түлік нарығындағы жағдайды үздіксіз режімде тексеру, «қатер аймағын» анықтау және назарға алу шараларын уақтылы әзірлеу мен қабылдау үшін тиімді ведомствоаралық өзара іс-қимылды ұйымдастыру тапсырылды.
Дереккөз: newskaz.kz