Қазақстанның бұрынғы қаржы министрі, "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясы мен "Қазақстан Темір Жолының" экс-басшысы Сауат Мыңбаев жалғыз қызының ұзату тойын Түркияда өткізген. Той кезінде түсірілген суреттер желіде тарады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Ösek–tösek Telegram-арнасының мәліметінше той Измирдегі Теос аралында өткен. 28 жастағы Жансұлу Мыңбаева беделді үндістандық кәсіпкермен отау құрды.
"Шара үнді стилінде өтті, ал кешке еліміздің шенеуніктерінің балалары мен олигархтардың қатысуымен той болды. Шарада Қазақстандық саясаткерлер, соның ішінде Ахметжан Есімов, Иманғали Тасмағамбетов, Қайрат Мами, Бауыржан Байбек, Берік Имашев пен Forbes тізіміндегі кәсіпкерлер бой көрсеткен", – деп жазды авторлар.
Чиновник Telegram-арнасы жариялаған суреттерден Сауат Мыңбаевтың арбада отырғанын байқауға болады. 2021 жылы БАҚ беттерінде "Қазақстан Темір Жолы" компаниясын басқарған Сауат Мыңбаевтың омыртқасынан жарақат алғаны туралы ақпарат тараған. Компания өкілдері бұл кезде Мынбаевтың емделіп жатқанын және өміріне қауіп төнбейтінін мәлімдеді.
Сауат Мыңбаев "Қазақстан" құрылыс биржасының президенті, "Казкоммерцбанк" АҚ басқарма төрағасының бірінші орынбасары, қаржы министрі, президент әкімшілігі басшысының орынбасары, ауыл шаруашылық министрі, "Қазақстан даму банкінің" президенті, вице-премьер, сауда және индустрия министрі, энергетика министрі қызметтерін атқарған.