ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев жаз мезгілінде 1,4 млн оқушы үйірмелермен қамтылатынын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Жаз мезгілінде 1,4 млн бала қосымша білім беру мекемелеріндегі секциялар мен үйірмелерге қатысады. Осы мақсатта білім беру ұйымдарында ғылыми-техникалық, музыкалық, көркемдік, экологиялық, туристік және басқа да бағыттардағы 11 мың үйірме жұмыс істейді», - деді Оқу-ағарту министрі Үкімет отырысында.
Балалар «Жасыл ел» бағдарламасы шеңберінде көгалдандырумен шұғылданады, еліміздің киелі жерлеріне саяхаттайды, спорттық жаттықтыру жиындарында шынығады, тілдік курстармен қамтылады.
Сондай-ақ, министр тиісті мемлекеттік органдар бірқатар шараларды атқаруы қажеттігін айтты.
«Денсаулық сақтау министрлігі демалыс нысандарының дайындығын тексеріп, санитарлық бақылауға алуы тиіс. Төтенше жағдайлар министрлігі балалардың судағы қауіпсіздігін қамтамасыз ету, демалыс орындарындағы өрт қауіпсіздігін сақтау бойынша алдын алу шараларын күшейтуі керек.
Ішкі істер министрлігі жаз мезгілінде аттракциондар, лагерлер, саябақтар мен ойын алаңдарындағы балалар қауіпсіздігін күшейтіп, балалардың қауіпсіз тасымалдауына, жолдағы қауіпсіздігіне ерекше назар аударуы қажет деп санаймыз. Жергілікті атқарушы органдар – жазғы лагерлер мен алаңдарды дайындау жұмыстарын толық аяқтап, балалардың жайлы және қауіпсіз демалысы мен сауықтырылуын ұйымдастыруы қажет», - деді Ғани Бейсембаев.
Айта кетейік, Қазақстанда мектеп оқушыларының 85,3% жазғы демалыспен және сауықтырумен қамтылады.